Қоғам • 13 Қазан, 2020

Жұмыссыздықтың көбею себебі неде?

5744 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Статистика органдарының мәліметі бойынша, 2020 жылдың І тоқсаны­мен салыстырғанда, ІІ тоқсанда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 0,2%-ға ғана өсіп, 5%-ды құрады. Алайда болашақта жұмыссыздар саны едәуір артуы мүмкін. Осылайша статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жұмыс күшінің саны 0,9%-ға төмендеді. Сонымен қатар жұмыс күшінен тыс халық саны екінші тоқсанда бірінші тоқсанмен салыстырғанда 79,2 мың адамға немесе 2%-ға өсті.

Жұмыссыздықтың көбею себебі неде?

 

Еңбек ресурстарын дамыту орта­лы­ғының президенті Дәулет Арғын­дықов­тың айтуынша, жұмыссыздық мәсе­ле­сінің күрт ушықпауының бір себе­бі, халықтың ішінара жұмыс күші­нен экономикалық белсенді емес санат­қа ауысуына байланысты болып отыр.

«Карантинге байланысты шектеу шаралары күшіне енген кезде жұмыс­сыз адам жұмыс іздеуді уақытша тоқ­татуы немесе іздеуі, бірақ оны дереу бастап кете алмауы мүмкін. Бұл жағдайда ол жұмыссыз деп танудың кейбір талаптарына сай келмейді және тиісінше статис­тикада ескерілмейді. Шектеу шаралары аяқталған соң, бұл азаматтар жұмыс істеуге дайын болады және өздеріне табыс табатын жер іздей бастайды, осылайша жұмыссыздық туралы статистикада көрініс табады», деді ол.

Сарапшы сондай-ақ 2008-2009 және 2015-2016 жылдардағы дағдарыс­тар тікелей жұмыссыздықтың саны мен деңгейіне қарағанда, жұмыс күшінен тыс халықтың өсуіне көбірек себеп болғанын келтірді.

Жұмыссыздықтың салыстырмалы түрде төмен болуының тағы бір негізгі қыры – жұмыс берушілердің жаппай жұмыстан босатудың орнына, жұмыс уақытын қысқарту жөнінде шаралар қабылдауы.

«Қажет қызметкерді іздеу өте ұзақ уақытқа созылатын жағдайда, қыс­қартылған жалақы немесе жұмыс уа­қыты түріндегі жұмыстан босатудың баламасы компания үшін де, жұмыс­шы үшін де тиімді болып көрінеді. Біріншісі – іскерлік қабілетті қалпына келтіру кезінде күш-жігерді жаңа кадр­ларды таңдауға жұмсау қажет емес, екіншісі, түскен кіріс ішінара болса да сақталады», деді Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ сарапшы айтқандай, статис­тикалық деректердің сырын кетір­мейтіні сол, «уақытша жұмыс­сыздар» санатына адамдардың үлкен тобы еніп отыр. Бұған демалыстағы адам­дар (жыл сайынғы еңбек, жұмыс берушінің бастамасы, бала күтімі, оқу), жеке себептер бойынша жұмыссыз жүру, денсаулық жағдайы, жұмыстың маусымдық болуы, жұмыстың уақытша тоқтап тұруы, ауыспалы жұмыс немесе еркін жұмыс кестесі кіреді.

«Осы санаттағы адамдар уақытша жұмыссыз болғанына қарамастан, еңбек статистикасында жұмыс орнымен байланысты сақтаған болып саналады. Сондықтан оларды жұмыссыздар немесе экономикалық белсенді емес деп санауға болмайды. Осылайша жұмыспен қамтылған тұрғындар тобына жатады. 2020 жылдың бірінші және екінші тоқсандарымен салыстырғанда уақытша жұмыссыздардың саны 406,2 мың адамға артты», деді «ЕРДО» АҚ президенті.

Осы санатқа жататын азаматтар қатарының күрт өсуіне, олардың жұ­мыс берушілері жыл сайынғы еңбек демалысына жұмысшыларды жаппай жіберуі, санитарлық-эпидемиялық қызметтің нұсқауына сәйкес еңбек қызметі шектелген немесе тоқтатылған адамдар санының көбеюі және тағы басқа себептер әсер етуде.

«Макроэкономика және әлемдік жағдай тұрғысынан алғанда, еңбек нарығы үшін экономикаға қатыс­ты түйткілдер әлі алда тосып тұр. Мак­ро­­эко­но­микалық терминология­да кіріс­тің төмендеуіне байланыс­ты тұтыну­дың дүниежүзілік төмен­­деу қарқыны экс­п­ортталатын өнім­ге сұраныстың төмен­деуіне әкеп со­ға­ды. Бұл баға мен экспорт көле­мі­­­нің құлдырауы немесе төмен күй­де сақ­талуына апарады. Валю­та тү­сім­дері мен экспорттық ком­пания­лар кірісі ағынының төмендеу үрдісі өз кезегінде басқа салаларға ықпал етеді. Осылайша жақын келешекте мемлекеттік қолдау шаралары қыс­­қарса жұмыссыздықтың өсетіні анық, бірақ оның қанша уақытқа созыла­ты­нын болжау мүмкін емес», деп қоры­тындылады сарапшы.