Кездесу барысында А.Цой мен Артур ван Дизен Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің 2016 жылдан 2020 жылға дейінгі ынтымақтастықтың қорытындысын талқылады. Министр жүкті әйелдерді, жаңа туған нәрестелерді және балдырғандарға үйде патронаждық бақылау ұйымдастыруда әмбебап-прогрессивті тәсіл енгізу, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, мектеп медицинасы бойынша стандарттарды әзірлеу, АИТВ инфекциясы кезінде медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бала өлімі, ата-аналар мен медицина қызметкерлерін вакциналау, мектептердегі санитария мен гигиена мәселесі бойынша бірлескен зерттеулер де сөз болды.
Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ 2020 жылы мектептердегі балалар арасындағы артық салмақ пен суға қолжетімділік, санитария мен гигиена эпидемиялық мониторингінің бесінші раундын жалғастыруда.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы еліміздің 17 өңіріндегі 151 мектепте дала жұмысына кірісті. Онда 6 мың бала қамтылады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен бірлесіп қызылша ауруының негізгі себептерін, ата-аналар арасында вакциналауға қатысты мәселелерді зерттеу және мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды тамақтандырудың ұлттық стратегиясын және басқа да бірқатар бастаманы әзірлеу жоспарлануда.
Сонымен қатар тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, бірқатар бағыт бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жаңа жұмыс жоспарын әзірлеу ұсынылды. Оның ішінде МСАК патронаждық қызметінің әмбебап-прогрессивті моделін енгізу; балалардың тамақтануын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізу, дұрыс тамақтануды ұстану дағдыларын қалыптастыру, негізгі қауіп факторларының бірі ретінде семіздіктің алдын алу; жаңа туған нәрестелерді, оның ішінде шала туған нәрестелерді күтуге ықпал ететін енгізілген тиімді перинаталдық технологияларды қолдау; ата-аналарға кеңес беру мен ақпараттандыруды ұйымдастыру мақсатында балаларды дамыту кабинеттері мен орталықтарын әдіснамалық қолдау; ерте жастағы балалардың скринингін енгізу және жетілдіру; мектеп медицинасын дамыту, білім беру ұйымдарында медицина қызметкерлерінің құзыреттерін кеңейту қарастырылған.
Кездесу қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және медицина кадрларының біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру жөнінде келісімге қол жеткізді.