Қостанай облысындағы талшықты-оптикалық байланыс желісінің жалпы ұзындығы 937 шақырымды құрады, қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен әлеуметтік нысандарды жоғары жылдамдықты интернет пен байланысқа қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыста 39 ауылдық елді мекендегі 131 бюджеттік ұйым кең жолақты интернетке қосылады.
«Қостанай облысында талшықты-оптикалық байланыс желілері құрылысының аяқталуы ауыл тұрғындары мен шалғайдағы және жетуі қиын елді мекендердің тұрғындарына телекоммуникация қызметтерінің барлық мүмкіндіктерін: интернет, теледидар, телефония, бейнебақылау қызметтерін және т.б. пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «оптикаға» қосылу нүктелерінің пайда болуы «250+» жобасы аясында ауылдық жерлерде 3G/4G ұялы байланысының мобильді желілерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл екі жоба облыстың барлық ауылдарында байланысты толықтай жаңартуға негіз болады», деді «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік ӨТД бас директоры Ерсайын Дюсемалиев.
Енді Қостанай облысының ауыл тұрғындары қаладан шықпай-ақ «Электрондық үкіметтің» барлық мүмкіндігін онлайн режімінде түрлі мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесе отырып пайдалана алады. Сапалы интернеттің пайда болуы аймақтағы мектеп оқушыларына қашықтан білім беру мәселесін шешуге де мүмкіндік берді.
«Көктемде оқушыларды қашықтан оқытуға көшкен кезде, біз бірінші кезекте интернеттің төмен жылдамдығына байланысты бірқатар күрделі мәселелерге тап болдық. Ауыл тұрғындары білім берудің осы форматына байланысты қиындықтарға кезікті, өйткені көптеген білім беру қорларын ашу қиын болды. Бақытымызға орай қазір біздің мектепте жылдамдығы жоғары интернет бар. Веб-сайттар мен түрлі платформалар бірден ашылады. Бұл мұғалімдерге сабақ өткізуге және сабаққа тиімді әрі сапалы дайындалуға мүмкіндік береді», дейді Ашутасты ауылы орта мектебінің директоры Шотбай Жүсіпбеков.
Еске сала кетейік, «Қазақтелеком» АҚ 2018 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске қосты. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылуда: біріншісі, ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарды байланыс желілеріне қосу (2018 жылдан 2020 жылға дейін), екінші кезең – магистралдық желілерді күтіп ұстау және қосылған абоненттерге телекоммуникациялық қызмет көрсету (2018 жылдан 2032 жылға дейін).
Жоба нәтижесінде осы жылдың соңына қарай республикадағы жаңа талшықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 14 514 шақырымды құрайды. 828 ауылда 2 496 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымдар жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Қазіргі уақытта жобаның 90%-дан астамы жүзеге асырылды. Бұл іске асырыла бастағаннан бері қазірдің өзінде 12 679 шақырым талшықты-оптикалық желі салынды, нәтижесінде 728 елді мекенде 2 188 мемлекеттік орган жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.
«Жүздеген адамның күш-жігерімен біз еліміздің ауылдық жерлеріне «оптика» салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруды аяқтауға жақынбыз. Сонымен, қазан айының басында Қазақстанда 739 мектеп, 471 әкімдік және 893 басқа мемлекеттік мекеме жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Әрине, пандемия мен карантин шаралары біздің жоспарларымызға әсерін тигізді. Бірақ бұған қарамастан, еңсерілген жұмыс қомақты. Жоспарланған 828 ауылдың ішінен 728 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарттық. Бүгінде ТОБЖ құрылысы 100-ге жуық ауылда жалғасуда. Жыл соңына дейін жоба толықтай аяқталады», деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Компания басшысы ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту бағдарламасы инфрақұрылымға қомақты қаражат салуды, яғни инвестицияны көп қажет ететін жоба екенін айтты. Алайда бұл шығындар абоненттік базаның кеңеюімен және байланыс операторы ұсынатын қызметтер көлемінің ұлғаюымен қатар қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою арқылы ақталады.
«Ең бастысы, жоба ауыл тұрғындарының жалпы өмір сүру деңгейін жақсартуға үлес қосады және шалғай аудандарға цифрлық қызметтерді пайдалануға жағдай жасай отырып, маңызды әлеуметтік мәселені шешеді. Сонымен қатар салынған инфрақұрылым нарықтың басқа қатысушыларына, мысалы, жаңа аймақішілік желілерді құру және оның көмегімен ауыл тұрғындарына телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну бойынша ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету үшін пайдаланылады», деді Қ.Есекеев.
Талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін, «Қазақтелеком» 2032 жылға дейін 14 жыл ішінде 10-нан 20 Мб дейінгі өткізу қабілеттілігімен осы желіге қызмет көрсететін болады. Бұл 891 ауылдық мектеп пен 709 аурухананы кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етеді.
Жалпы, еліміздің барлық аймағында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу 2031 жылға қарай ІЖӨ-нің 2%-на дейін біртіндеп өсуін қамтамасыз етеді (2018 жылы – 0,1%, 2020 жылы – 0,3%, 2025 жылы – 0,8%, 2030 жылы – 1,8%, 2031 жылы – 2%). Сондай-ақ интернетке қосылу мүмкіндігі бар халықтың үлесін 2022 жылға дейін 88%-ға дейін және сол мерзімге электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 80%-ға дейін арттыру жоспарланған. Халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 2022 жылға қарай ауылдарда жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды ұлғайту арқылы 83%-ға дейін артады, ал 2022 жылға қарай республикада тұрмыстық ортаға кең жолақты интернетке қол жеткізу қызметтерінің ену деңгейі 83%-ға дейін өсуі керек.