Бұл мәселе төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қай тілде оқыса да, сапалы білім алуы керек» деген еді.
Бүгінде балаларды қажетті техникамен қамтамасыз етіп, сапалы оқу процесін ұйымдастыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысына Үкімет резервінен 4,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа 26 689 бірлік техника, оның ішінде 20 176 ноутбук, 2 759 компьютер, 3 754 планшет сатып алынды.
Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекованың айтуынша, компьютерлік техниканың бағасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған баға мөлшеріне қарай жасалды.
– Компьютерлердің әр данасы 168 500 теңгеден, планшеттер 81 500 теңгеден, ноутбуктер 160 мың теңгеден сатып алынды, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Оқушылар үшін қажетті техникаларды сатып алу процесі ашық өтті. Бұл іс-шара «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, ата-аналар қоғамдастығы, депутаттар, тәуелсіз бақылаушылар жұмыс тобының қатысуымен жүзеге асты.
Айта кетерлігі, аудандық және қалалық білім беру бөлімдері техникалық құралдарды қажет ететін балалар мен мұғалімдердің тізімін жасап, әлеуметтік осал топтағы оқушыларға басымдық берілді.
– Бұрыннан бар техниканы оқушылар пайдаланып жүр. Ал кейін келген 20 ноутбукті көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға және әлеуметтік аз қамтылған балаларға бердік. Техниканың жоқтығынан оқи алмай жатқандар жоқ. Бастысы, сапалы білім беру үшін жұмыстар жүріп жатыр. Ата-аналар да риза, – дейді Өскемендегі №45 орта мектептің директоры Әлия Серікбаева.
Оқу жылының алғашқы айында 3 мың ноутбук алынып, белгіленген тізім бойынша бірінші партиясы таратылған. Ал қазіргі уақытта планшеттер толық көлемде берілуге дайын. Яғни 3 754 дана планшет, 880 компьютер әзір тұр. Жалпы саны 1 879 дана компьютердің қалған бөлігі енді жеткізілетін көрінеді. Білім басқармасы басшыларының айтуынша, осы аптада ноутбуктердің қалған бөлігін жеткізу жоспарланып отыр.
Осы тұста ескерте кетерлігі, оқушылар мен мұғалімдерге техникалар келісімшарт негізінде уақытша пайдалануға беріліп отыр. Елдегі жағдай тұрақталып, індеттің беті қайтып, қашықтан оқыту кезеңі аяқталғаннан кейін құрылғылар мектептердің теңгеріміне қайтарылатын болады.
Шығыс Қазақстан облысы