Қоғам • 15 Қазан, 2020

Құс тұмауына қалай қарсы тұруға болады?

796 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірнеше өңірінде құс тұмауының тіркелуіне байланысты, отандық құс өнімдерін өндіруші ірі компания өкілдері Нұр-Сұлтан қаласында бас қосып, елдегі құс тұмауына қарсы ортақ шаралар мен қауіпсіз өнім өндіру тәсілдерін талқылады.

Құс тұмауына қалай қарсы тұруға болады?

 

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда құс тұмауы тір­кел­ді. H5N1 вирусынан елдің 9 облысы зардап шегіп, үй құстары мен кейбір өнді­ріс­тегі құстар қырыла бастады. Құс өсіру саласындағы сарап­шылардың ортақ пікіріне сай, аурудың алдын алу мен қауіп­сіз­­дікті сақтаудың жалғыз жо­лы құстарға уақытында вакци­на егу болып отыр.

«Қазақстанның құс өсі­ру­ші­лер одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Бақыт Көшеғұлованың айтуынша, Қазақстанда 2005 жылдан бері құс тұмауы тіркелмеген.

«Қауіпті инфекция бірден Қазақстанның тоғыз өңірінде, көбіне жеке үйлерде тіркелді. Құс тұмауының қатты түрі тіркелген 48 елді мекенде карантин енгізілді. Соның салдарынан Қостанай облысында үш құс фабрикасы зардап шекті: олар «Алекри фирмасы» ЖШС, «Бішқұл құс фабрикасы» ЖШС, «Агроинтерқұс» ЖШС», дейді Б.Көшеғұлова.

Құс өсірушілер одағы вице-пре­зидентінің мәліметіне сү­йенсек, Қазақстандағы бар­лық құс фабрикалары кә­сіпо­рында кү­шейтілген ве­те­ри­нарлық ба­қы­­лау режіміне көшіп, вак­ци­налау жүргізе бастаған.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС бас директоры Евгений Проскурин өз сөзінде жабық кәсіпорындарда бақылау қалай кү­шейтілгенін және жұмыс қа­лай жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, фабрикада жедел штаб пен жұмыс топтары құрылып, болашақта құс басын көбейту үшін вакциналау жүргізіле бастады.

«Ең алдымен айта кетерлігі, Aitas холдингіне қарасты кәсіп­орындарда құс тұмауы тір­кел­­ген жоқ. Біздің құс фабри­ка­лары Қазақстан бойынша ең көп өнім өндіріп, сататын бол­ған соң, өнімнің қа­уіп­сіз­­д­­ігін сақтау басты басым­дық­­қа ие. Сақтық шара­ла­ры­ның бірі ретінде құс фаб­ри­ка­сының аумағынан синантропты құстарды қудық. Мем­ле­кет­тік органдармен бір­ге 20 ша­қырым радиустағы үй­лердің құс­тарына вакцина ектік», деді Е.Проскурин.

Ал «Алель Агро» АҚ басқарма төрағасы Рәзия Жа­тақ­баева Макинск құс фаб­ри­касы басшысының пікі­рін қуат­тады. Оның айтуын­ша, ай­мақ­тағы құс компа­ния­ла­ры­ның бәрінде сақтық шаралары күшейген.

«Бүгінгі таңда, Алматы облы­сының аумағында жоғары пато­генді құс тұмауы тіркелген жоқ, бірақ пайда болу қауіпі жоға­ры. Оның алдын алу үшін «Алель Агро» 5 шақырым радиустағы елді мекендердің бәріне құс тұмауына қарсы 32 мың вакцинаны тегін таратты. Себебі H5N1 вирусы басқа облыстарда дәл осы үй құстарынан басталған бола­тын. Ең бастысы, бұл шара жеке шаруашылықтағы ғана емес, елді мекендердегі құс фаб­рикаларындағы қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етеді. Соны­мен қатар «Алель Агро» кәсіпорындары құс жеміне куркумин сияқты органикалық зат қосады. Бұл вирусқа қарсы табиғи препарат және құс­тар­дың денсаулығына жақсы әсер етеді», дейді Р.Жатақбаева.

«Курочка Ряба» сауда маркасын шығаратын CAPITALPROJECTS LTD ЖШС да кәсіпорындарда құс тұмауын таратпау үшін осын­дай шараларды қолға алып отыр. Қазіргі таңда ветери­нар­лық-санитарлық шара­лар­дың кешенді жоспары әзір­ле­ніп, өндіріске енгізілген.

«Құс тұмауына қарсы шаралар барлық кәсіпорындарда ортақ. Тиімді шаралардың бірі ретінде вакцинаны атап өтуге болады. Біздің кәсіпорындарда вакцина міндетті шара қатарына жатады. Сонымен қатар әрбір жұмысшы өндіріс нысанына кірер алдында қатаң түрде санитарлық тексеруден, ал кез келген көлік дезинфекциялық барьерден өтеді. Жабайы құстармен байланыс болмауы үшін өндірістік алаңдардың аумағына ағаш егілмейді. Өн­ді­ріс орындарының терезе­ле­рі үнемі жабық тұрады, жел­дет­кіш шахталар мен өзге де технологиялық тесіктер тормен жабылған. Сонымен қатар мін­детті түрде құс тұмауына қарсы вакцина салынады. Бірақ бұл өнімнің сапасы мен дәміне еш кері әсер бермейді», дейді «Курочка Ряба» сауда маркасын шығаратын CAPITALPROJECTS ЖШС дирек­торының өндіріс жөнін­де­гі орын­басары Гүлжан Ұрын­­баева.

Қазақ ғылыми зерттеу ин­сти­тутының директоры Ахмет­жан Сұлтановтың мәлі­ме­тіне ден қойсақ, бұл жоғары патогенді құс тұмауын жылы жақ­қа ұшатын жабайы құстар таратқан. Ал вирус штамына әлсіз келетін үй құстары ауру­ды тез жұқтырып алған. Халықаралық эпизоологиялық бюроның мәліметінше, соңғы уа­қытта құс тұмауы Қазақс­тан­да ғана емес, Аустралия, Ирак, Ауғанстан, Ресей сияқты өзге елдерде де тіркелген.

Қазақстандық құсөсі­ру­ші­­лер­дің айтуынша, вирус­тан көп құс қырылып, құс тұ­мауы кең тарап жатқанына қа­­рамастан, біріккен ұйым­дардың азық-түлік және ауыл шаруашылығы жө­нін­дегі ұйым (FAO) құс тұ­ма­уы адамның өмірі мен ден­сау­лы­ғына айтарлықтай қауіп төн­дірмейтінін мә­лім­де­ген. Себебі тауық етін дұрыс пісір­се, бұл тұмау адамға жұқ­пай­ды. Ал заманауи вакциналау бо­лашақта құстарды сақтап қалудың жалғыз әдісі болмақ.