Әдебиет • 16 Қазан, 2020

Құбылмалы қоңыр күз немесе суретті суреттегенде

744 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемі кеш келіп, күзі ерте түссе де Алтайдың табиғаты ғажап. Мұнда тамыздың орта шеніне қарай күздің лебі сезіле бастайды. Таң сыз бере оянып, тысқа шықтыңыз делік. Сап-салқын саф ауа ұйқыңызды шайдай ашады.

Құбылмалы қоңыр күз немесе суретті суреттегенде

Суретті түсірген автор

Алшаңдай басып келе жатып Алтай­дың ақ бас асқа­рына, құзар шың­дарына міндетті түрде көз жібересіз. Қарап тұрып тәкаппарлығына, сұлулығына таңғала­сыз. Байқайсыз ба, көтеріліп келе жатқан күн жерге шуағын шашпас бұрын, алдымен Алтайдың маңдайын жар­қыратады. Мұн­шалықты сұлу етіп жаратқан құдайдың шек­сіз құдіретіне қайтіп қана бас имейміз?!

Қараңыз, самырсынды белдеуі ғана реңін сақтап қалған. Етегіндегі қалың жыныс мың түрлі түске боялып үлгерген. Ал аяғыңыздың астын­дағы жайқалып тұрған жасыл шөпті бозқырау шалыпты.

Алтайдың табиғатына қарай ауа райы да ерекше. Төбеңнен күн қазір шақы­райып тұрса, қазір-ақ қара бұлт торлап, селдете салады. Қызық, таулы жердің жаңбыры да ауылды алалап жауады. Көшенің бір басы лай теңіз болса, аяқ жағының шаңы шығып жататын.

Әдетте күздің жаңбыры апта­лап сібір­лейді. Көбінесе арты қарға ұласып, жер бетін тобықтан ақ ұл­па басады. Түс қайта етектегі қар ері­генімен, таудың басы міз бақ­пай­тын. Осымен ауылға қыс түсіп қалмасын білесіз. Өлара уақыт. Кейбір жылдары қазанның ортасына қарай күн қайта жылынып, мизамшуақтанады. Күн көзі шығып тұрғанмен, өзен-көлдердің жиектеріне қабыршықтана мұз қатар еді. Күздің шуақты күні әрі кетсе екі аптаға созылады. Бір күні дауыл тұрып, алтынға малшынған ағаштарды жалаңаштайды. Сүрең тартқан қара күз дегеніңіз сол еді. Арғы жағынан қылышын сүйретіп қыс келе жатады.  

 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20