Батыс сынақты соза түсті
Бұл жағдай мемлекеттер үшін нағыз бәсекеге айналған сыңайлы. Батыс елдері қауіпсіз әрі тиімді вакцина үшін асығыстыққа жол бермей, тыңғылықты жұмыс істейміз деп уәде етсе, Қытай мен Ресей өз вакцинасын қолданысқа шығару үшін жанталасып жатыр. Мәселен, осы күзде сынақтың үшінші кезеңіне өткен екі вакцина волонтерлерден «белгісіз ауру» пайда болғанына байланысты зерттеуді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Ғалымдар да мұндай жағдайдың қалыпты екенін ескертіп, өздеріне сенуге шақырып әлек. Негізі індетпен күресте жаңа вакцина ойлап табу оңай шаруа емес. Бұл – он жылдыққа созылуы мүмкін ұзақ процесс. Алайда қазір барлық күш пен қаражат COVID-19-дың емін табуға жұмсалғанын ескерсек, істің жылдамырақ жүріп жатқаны байқалады.
Алғашында Батыс ғалымдары вакцина осы жылдың соңына дейін табылуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Алайда қыркүйектің басында бәйгенің алдында келе жатқан Оксфорд университеті дайындап жатқан вакцина сынағы уақытша тоқтатылды. Кейіннен осы жақында АҚШ-тың Johnson& Johnson компаниясының зерттеуі де қиындыққа ұшырағанын естідік. Екеуінде де сынақтың үшінші кезеңінде еріктілерден «белгісіз аурудың» пайда болуы себеп болды. Алайда жеке қауіпсіздікке байланысты қосымша деректері құпия күйінде қалды. Оксфорд университеті жағдайдың шешілгенін айтып, сынақты жалғастыратынын хабарлағанымен, вакцинаға деген сенімге селкеу түсті. Бұл ретте ДДҰ коронавирустың аталған түріне қатысты зерттеудің әлі де жеткіліксіз екенін қайта-қайта ескертіп жатыр. Ал ғалымдар болса COVID-19-дың емі келесі жылдың екінші жартысында, яғни 2021 жылдың шілде-желтоқсан айларында табылып қалуы әбден мүмкін деп отыр. Бұл алғашында айтылған асығыс тұжырымға қарағанда, құлаққа қонымды секілді. Себебі клиникалық кезеңді сәтті аяқтағанның өзінде вакцинаны тіркеу үшін біраз кезеңнен өтіп, құжаттарын түгендеу керек екен. ДДҰ дені сау адамдар вакцинаны 2022 жылға дейін күтуі мүмкін екенін айтты. Өйткені індеттің емі анықталса, ең бірінші болып денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ауруға бейім егде жастағы тұрғындар мен қосалқы сырқаты бар жандар егіледі деген ұстаным бар. Одан кейін барып вакцина қалған азаматтарға егіледі.
Қазақстан вакцинасы да сынақтың үшінші кезеңін келесі жылдың сәуір айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жақында ДДҰ қазақ зерттеушілерінің өніміне клиникалық сынақты бастауға рұқсат берген еді. Денсаулық сақтау министрі 17 қарашада клиникалық сынақтың екінші кезеңі аяқталатынын айтты. Сол кезде отандық өнімнің тиімділігі белгілі болады. Ал әзірге Қазақстан өзге мемлекеттерден алғаш тіркелген вакциналарды сатып алмақшы. Барлық сынақ аяқталмай жатып дайын болған Ресей вакцинасын алу туралы келісім қалтада. Еліміз сондай-ақ Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өніміне де қызығушылық танытып отырған көрінеді, әзірге тараптар келіссөздер жүргізуде. Бұл – отандық вакцинаға деген сенімсіздік емес, ол дайын болғанға дейін халықты індеттен құтқарудың амалы. Елімізде вакцина өндірісіне арналған зауыттың да салынып жатқаны белгілі.
Ұлыбританияның вакцинасына сұраныс көп екенін айта кеткен жөн. Тіпті корольдік тұрғындары бізге жетпей қалмай ма деп алаңдап отыр. Еурокомиссия да осы компанияның вакцинасын алуға ниет білдіріпті. Сарапшылар сынақ кезіндегі келеңсіз жағдайға қарамастан вакцинаға қызығушылық төмендемегенін айтады, яғни сатып алғысы келетін елдер әлі де көп. Тек көбі вакцинаның дайын болғанын күтіп отырған сыңайлы. Бірінші тіркелген өнімге балға жиналған арадай барлық мемлекет көз тігетіні түсінікті де.
Азия препаратына сенімсіздік басым
Бұл жарыста үздік болу үшін бар күш-жігерін арнап жатқан елдер қатарында жоғарыда айтқан Ресей мен індеттің ошағы болған Қытай да бар. Солтүстіктегі көршінің өнімі жайлы айтып өттік. Ресей вакцинасын сатып алуға келіскен елдер қатары да аз емес. Барлығы 27 мемлекет қызығушылық танытқан екен. Сондай-ақ Ресей бұл көрсеткішпен тоқтап қалмайтын сыңайлы. Жақында екінші вакцинаның тіркелгені белгілі болды. Ел президенті алдағы уақытта үміт күттірер үшінші вакцинаның да бар екенін айтып қалды. Осылайша Ресей тарихта COVID-19 індетін тоқтатқан ел болуды көздейтін секілді. Әрине, бұл жалғыз орыстардың үміті емес. Батыста Ресей вакцинасына күмәнмен қараушылар қатары да көп. Зерттеушілер оның тиімді болғанымен адам денсаулығына қаншалықты қауіпсіз екеніне шек келтіріп отыр. Жоғарыда айтқандай, вакцина дайындау ісі әдетте ұзаққа созылады, ал Ресейде зерттеудің тым тез өткені оларды алаңдатады. Себебі індетті қаншалықты тезірек тоқтатып, бұрынғы тіршілігімізге ораламыз дегенмен, адам қауіпсіздігі ең жоғары құндылық болып қала береді.
Батыс өркениетінің Ресей мен Қытайға көзқарасы онсыз да мәлім, сенімсіздік танытуы да түсінікті. Ғылым мен саясаттың ара-жігін ажырату қаншалықты маңызды екенін осы пандемия көрсеткендей. Мемлекеттердің вакцина ісін бәсекеге немесе табыс көзіне айналдыруы да қисынсыз. Кеше ғана Қытайда халыққа вакцина егу басталып кетті деген хабар Азияға деген сенімсіздікті одан сайын күшейте түсті.
Жергілікті БАҚ елдің шығыс өңірінде Чжэцзян провинциясындағы Иу қаласында халыққа вакцина салынып жатқанын хабарлады. 60 долларды қалтасы көтеретін кез келген тұрғын COVID-19-дың емін ала алады. Індетке қарсы вакцинаның ресми тіркелмегенін ескерсек, бұл әрекеттің қаншалықты ізгі екенін айту қиын. Жыл басында тура осы мекемеде коронавирусты анықтауға кезекке тұрған халық енді вакцина алу үшін таңертеңнен жиналып жатқан көрінеді. Sinovac компаниясы өндіріп жатқан бұл вакцина қазір сынақтың үшінші кезеңін Бразилия, Индонезия және Түркияда өткізіп жатыр. Ал зерттеу нәтижелері қараша айында белгілі болуы керек. Бағасына қатысты да ешқандай мәлімдеме болмаған. Қытай вакцинасы – әлемде клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне өткен 8 өнімнің бірі. Сондықтан бұл зерттеулерді жіті бақылап отырған халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер көп. Барлығының қалауы – бірінші болып тіркелген вакцинаға қол жеткізу.
Ал ғалымдар қауымы зерттеудің этикалық тұсын, қауіпсіздігін басты назарда ұстайтынын білеміз. Қоғам мен билік тарапынан жасалған қысым зерттеудің нәтижесіне әсер етпеуіне барынша тырысатыны сөзсіз. Алайда кез келген жерде қауіптің бары белгілі. COVID-19 вакцинасымен де жағдайдың саяси сипат алуы аса қауіпті болуы ықтимал. Кейбір БАҚ Оксфорд университеті дайындап жатқан өнім уақытша тоқтаған кезде Ресей тарапынан болған «ақпараттық шабуылды» дәлелдеуге тырысып келеді. Бұл ең беделді қарсыластан құтылудың жолы деген де пікірлер айтылды. Жалпы, індет басталғалы жалған ақпараттың көлемінде шек болмағаны белгілі. Тіпті, ДДҰ бұл құбылысты қаупі жағынан пандемиядан кем түспейтін «инфодемия» ұғымымен айқындады. Тура сол секілді енді вакцина саудасы қызған тұста тағы бір ақпараттық толқынды күтуге болатын секілді. Дегенмен COVID-19 вакцинасы кім бірінші деген жарысқа емес, халықтың игілігіне жасалған ғылыми жаңалық боларына сенейік.