Оқиға • 21 Қазан, 2020

«Арқар адамды» тапқан ауыл мұғалімі

2525 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жуырда Баянауылдың Ақсаң ауылына барғанымызда Әлихан ағамен таныстық. Оның өзі күтпеген жерден болғаны, мектептің ішіндегі музейді аралап жүріп «Ауылдың сакральды ескерткіштері» деген бөлімге көзім түсті.

«Арқар адамды» тапқан ауыл мұғалімі

Суреттерді түсірген Әлпеш Әмір

 

– Бұл кісі біздің ауылдың археологы ғой. Зейнеткер ұстаз. «Ақсаң жеріндегі жер-су атауларының шығуы» ат­ты сызба көрініс жасады, Үңгіртас, Тасбике, Қалпақ-тас, Түйетас үңгірлерін тауып, зерттеп жүр. Қажет болса, қазір шақырайық, шөпке кетіп қалмаса, – деген ауыл әкімі Кенжебек Рахметовтің өзі де ағамыз келгенше біраз нәрсені айтып қалды. – Осы Ақсаңның тау-тасында не бар, не жоқтың бәрін біледі,сонау жоңғар шапқыншылығы кезінен қалған көне заттарды іздеп, тауып алады.

Сөйтіп өмірін өткен заман, шежірелі тарих пен тау-тас құпиясын іздеуге арнаған Әлихан Мұхтанұлымен де кездесіп сұхбаттастық.

Әлихан ағамыз 1951 жылы Қытайда дүниеге келген екен. Әкесі байдың баласы болғандықтан, 1931 жылғы ашаршылық кезінде кәмпескеге түсіп, шекара асып, содан Қытайға қоныс аударған. Кейін 1955 жылы тау асып, қайтадан елге қайтып Тарбағатай жеріне қайта қоныс аударады.

– Бала күнімізден неге деген көп сұ­рақтар мазалаған оймен ержеттік қой. Ел мен жердің қадір-қасиеті, алыста қалған атамекенге оралу деген ұлы ұғымдар мәңгі жаңғырып санада қалды. Әкем қуғын-сүргін заманын бастан өткерді. Отбасымызға оңай болған жоқ. Бар несібеміз – елге, атамекенге Қытайдан аман-есен жеткеніміз. Тарбағатайдағы Ақжар ауылында оқып, әрі қарай Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатынан орта білім алдым, 1976 жылы осы жердегі педагогикалық институттың тарих факультетін бітірдім. Институтта оқып жүргенімде, археология пәнінен профессор Фаина Арсланова са­бақ берді. Сол кезде Зайсандағы Шілікті таулы өңірінен қола дәуіріндегі қорғандарды қазған, (кейін Алтын адам табылған) археологиялық экспедицияға қа­тыс­тым, – деді Әлихан Әбілов ағамыз өт­кенді еске алып.

Сөйтіп сол жылы, диплом алған 11 тарихшы мұғалім маман Павлодар облысына арнайы жолдамамен келеді.

– Мені ол кезде «Баянауыл» совхозы дейді, қазіргі Ақсаң ауылына жіберді. Ақсаңдағы сегіз жылдық сол жылы он­жылдыққа айналып мектеп менен өзге жеті жас маманмен толықты, – дейді әңгі­месін жалғастырып.

Ал енді Баянауыл өңірі өткеннің жаң­ғырығы, рухты елесі қалған таптыр­мас қазыналы шежірелі жер екені белгілі. Мектеп оқушыларына бәрі де дайын тұр: ауылдарының айналасы толы құ­пиясы ашылмаған мүлгіген таулар, өзен-көлдер, ерекше табиғат тылсымы, әр тасын сөйлетуге болатын шежіре жетерлік.

Баянауылға келетін туристер, қонақ­тар үшін айтар әңгіме, көрсетер көне мұра­лар барын тізіп, Әлихан ағамыз Ақсаң ауылында да туристік маршрут ұйымдастырады.

– Өткеннің үні өшпейді ғой, жаңғырып, шақырып тұратындай болады ылғи. Тау ішінде отырған ауылдар үшін бұл жаңалық емес. Тыңдар құлақ, назар салар көз болса мүлгіген тау ішінің құпиясы, жа­сырғаны көп. Оқушылармен зерттеу жұмыстарын жүргізу де осындай ойлардан басталды. Біздің жасымыз болса келді, тым болмаса өскін жастардың есінде қалсын, көрсін, білсін, әрі қарай жалғастырсын дедік. Дайын тұрған «Дала музейлерін» сақтауымыз қажет-ақ. Мысалы, мына ауылға жақын Жапалақ тауларындағы үңгірлер мен шатқалдарды зерттедік. Бұл жерлерде жоғарлармен ірі шайқастар өткен. Жоңғарларға өте күшті қарсылық қылған жерлердің бірі – осы. Жапалақ тауларынан арқар бейнесіндегі мүсін табылып, оны қорғанның басына қойып, жергілікті тұрғындарға таныстырдық. Бұлақ бар жерде ел тұрған деген болжаммен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, садақ оқтарын, тастан жасалған әшекейлерді, ыдыстарды таптық, – деген Әлихан Мұхтанұлы бұл заттардың қола дәуіріне тиесілі екенін айтты.

Қола дәуіріне тән ою-өрнектер арша, шырша тәрізді болады екен. Тау ішінен, үңгірлерден табылған көне заттарда сондай, аңдық стильдегі бейнелер болған.

– Өзіңіз «Ақсаң жеріндегі жер-су атауларының шығуы» және шатқалдың сыз­ба көрінісін, Үңгіртас,Тасбике, Қал­пақ­тас, Түйетас деген үңгірлерді іздеп тауып, зерттеп жүр екенсіз. Сол жайында айтып берсеңіз, – дедік.

– Міне, мынау Үңгіртастың кіреберіс есігінің көрінісі. Ені 1 жарым метрдей. Осы жерде «Арқар адам» бейнесін көре­сіз. Күзде келіңіз, апарып көрсетейін. Ата­уы шартты түрде қойылған. Өзім қола дәуі­рі б.з.д 2000 жылдардың соңы мен Аң­­дық стиль кезеңінің басталу дәуірінде пайда болған ескерткіш деп жобалаймын. Себебі ескерткіштің бет-пішіні адам тәрізді, ал арқа жағында арқардың мүйіздері бейнеленген, – деп өзі жасаған сызба суреттерді көрсетті.

– Ал енді Ақсаң жеріндегі бұл көне ескерткіштер, үңгірлер, шатқалдар Жа­палақ тауында. Солардың ең ғажабы – Үңгіртас. Биіктігі – 17 метр. Садақ-же­бесі осы үңгірден табылды. Жоңғарлар шегін­ген кезде осы жерде қазақ жасауыл­дары қатты қарсылық көрсеткен болар деп ойлаймыз. Себебі Қалмаққырған тау жоталары жақын орналасқан. Тарихи деректерде осы тауда Жасыбай батыр бастаған қол Жоңғарларға қатты қар­сы­лық көрсетті делінген. Тесіктас, Жапа­лақ тауының батысында орналасқан «Көне жұрттар» орындарынан қыштан жа­сал­ған ыдыс сынықтары және Тесіктас табылды. Айтпақшы, Мәшһүр Жүсіптің «Тесіктас» деген өлеңі бар. Өлеңнің маз­­мұнында тесіктас адамдар өмірінде өте қажет делінген. Біздің ойымызша, бұл тас­ты Қола дәуірінің адамдары не мой­нына тағып, не садақ жебелерін қай­райтын құрал ретінде пайдаланған, – деп ары қарай әңгімесін жалғастырды.

Ақсаң ауылы Баянтау жоталарының күн­шығыс беткейінде орналасқан. Қо­ла дәуірі, түркілік кезеңдерде көшпенділердің орналасып, өмір сүруі­не өте қолайлы жер. Ауылдық аумаққа қарасты Қаражар ауы­лы тұсын­да Мырза­шоқы тау шаңғысы ке­шені салынуда.

Бірақ бір қызығы, Мырзашоқы басына қар тоқтатпайды екен, бір құпиялы сыры бар ғой, қар түспейді. Шенеуніктер қойсын ба, сырғанаймыз да сырғанаймыз деп қыруар қаражат төкті. Мырзашоқы да Әли­хан ағамыз зерттеп жүрген үң­гірлер сияқты құпиясын жасырып, бұ­ғып, әне үнсіз жатыр.

Ақсаңда, Мырзашоқыда да мал жайылуға қолайлы, шұрайлы алқаптар,бұлақтар мен өзендер бар. Сонымен бірге табиғат құбы­лыстарынан пайда болған ғажап үңгірлер мен шатқалдар кездеседі. Тасқа байланыс­ты ежелгі атаулар сақталған: Сиректас, Кере­гетас, Қалпақтас, Тасбұлақ, Түйетас бол­са, Әлихан ағамыздың айтуынша, ең кере­мет тас – Қалпақтас. Биіктігі – 32 метр екен.

Әлихан аға бастаған зерттеу жұмыс­тары барысында Ақсаң тауынан бірнеше балбал тас табылып, олардың біреуі қазір Екібастұздағы қалалық музейге жібе­ріліпті. Таудың жоғары биігінен күн­нің бейнесі бейнеленген қорған табылған.

– Бірақ өкінішке қарай осы жаққа саяхаттап келгендер болар, тастардың барлығына орысша аттар жазылған. Өзге ұлт өкілдерінің тау-тасты кезіп, қо­парып, зерделейтін бізден бұрын ерте қимыл­дайтын әдеті ғой. Барлығын суретке түсіріп, сызып-тізіп ендігі алып кеткен де болар. Екінші бір айтарым, осы күнге дейін шартты түрде «Көсем қорғаны» деп атаған қорғанға да ғалымдар тарапынан археологиялық жұмыстар жүргізілмеген. Біз өзіміз оқушылармен бірге «Мұртты қорғандар», «Қола қорғандарын» қалпына келтіру жұмыстарын жасадық, – дейді.

Ал мектеп музейінен біз көріп, таң-тамаша болған «Табиғат құбылыстарынан пайда болған көріністер» деген көрме Әлихан ағаның бастамасымен жасалыпты. Ақсаң жеріндегі құпиялы, тарихи жерлер картаға түсіріліп, оқушылармен бірлесе «Сакральды саяхат бағыттары» кар­тасы жасалыпты. Ол картада Ақсаң­дағы тарихи орындар белгіленіп, табиғат құбы­­лыс­тарынан пайда болған нысандар сызбаланған.

– Әлгі жұрттың мені «қара археолог» деп атап жүргендері осы қызым, жұ­мысы әлі көп. Зерттейтін, өткен тарих сы­рын ашатын жерлерді зерттеу қажет деп ойлаймын. Тау-тасты аралап ерте кетіп,кеш келетін сапарымның сыры осы – жергілікті жердің өлкетану саласына үлес қосу, басқа емес өз еліміздің әр түк­пірінен келетін туристер таңғалсын, өз жерінің өткенін сезінсін, ұрпақтар білсін деген мақсат, – деді Әлихан ағамыз қоштасарда.

Күзді күні кел деуінің де бір себебі болып тұрған секілді. Ақсаңға жол түссе, «Арқар адамға» барып сәлемдесіп қайту да ойымызда бар.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Ақсаң ауылы