Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Бағаны бұзатын – делдал

502 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жерінің асты қара алтынға толы Қарағандыдада көмірдің бағасы құбылып тұр. Мәселен, өндірушінің қолындағы отынның бұл түрінің әр тоннасы 6,5 мың теңгеден болса, араға делдал келіп киліккенде қара алтынның бағасы көкке ұшып, 11 мың теңгеге жетеді. Ал тұтынушы амалдың жоқтығынан тас көмірдің тоннасын 15 мың теңгеден алуға мәжбүр. Қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірген Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Таңшолпан Жаңабаева мәселенің баға мен делдалға тіреліп тұрғанын айтады.

Бағаны бұзатын – делдал

– Біздің департаменттің дерегі бойынша, өңірде 38 көмір өндіруші мен көтер­ме өткізуші тіркелген. Мұның ішінде темір жол тұйық­та­ры­нан көмір сататын 27 субъект бар, – дейді ол.

Ресми ақпаратқа сүйенер болсақ, облыстағы тұрғындар үшін көмір тұтынушылығы 1,1 млн тоннаны құрайды екен. Ал 2019 жылы өңірде жобамен алғанда, 25 млн тонна көмір өндірілген.

Қолдағы көмірдің өн­ді­­руші­ден тұтынушыға дейін жеткенше бағасының екі еседен астам қымбат­та­уына бірден-бір себепкер делдалдар екен. Тіпті кей жағдайда арадағы дел­дал­дар­дың саны беске дейін жетеді екен. Міне, осындай алыпсатарлардың «арқа­сын­да» қатты отын қымбат­тап жатыр. Өкініштісі сол, темір жол тұйығынан көмір сата­­тын­дар отынды осы делдал­­дардан алуға мәжбүр. Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамы­ту комитетінің облыстық депар­т­аменті ресми өкілінің ай­туынша, бұл делдалдар қағаз жүзінде ғана тіркелгені болмаса, ресми түрде әрекет етпейді. Олардың көбінің кеңсесі жоқ, жеке пәтерлер мен жер үйлерде отырады екен. Сонымен қатар бұл делдалдарда арнайы техника, құрал-жабдық, тіпті көмір сақтайтын қойма да болмайтын көрінеді. Бірақ олар осыған қарамастан, көмірдің бағасына тікелей әсер ететін күш тетігіне ие.

Шынтуайтына келгенде, бұл нарықты ірі субъек­ті­лерд­ің билеп-төстеп алғаны белгілі. Яғни, олар көмірді өндірушілерден тікелей сатып алғысы келген ұсақ кәсіп­кер­лерді тырп еткізбейді.

Көмір сатумен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқан «Сабурхан» Көмір орталығы» ЖШС директоры Гүлнар Ермекова қолында ешқандай техникасы жоқ делдалдардың бар екенін растайды.

– Бұл нарықта 2011 жылдан бері жұмыс істейміз. Бізде қойма да, техника да, тұйық та бар. Бірақ міне, тоғыз жыл болды, бөлшек сатушы санатында көмір нарығына қол жеткізе алмай келеміз. Мәселен, тауар биржасына шығарылатын көмірдің ең аз деген мөлшері 60 тоннадан кем болмауы керек. Егер ол тауар биржасы арқылы сатылса, онда біздің қолымыз отынға жетер еді. Ал бөлшек сатушыларға нарықтың есігі ашық болса, баға да біршама төмендер еді, – дейді кәсіпкер.

Г.Ермекова сату туралы хабарлама бірнеше күн бұрын жарияланса және түрлі бөлшек сатушылар пайдаланатын лот мөлшері төмендетілсе деп тілейді. Яғни, бұл салада ашықтық орнаса, көптеген мәселе өздігінен шешімін табар еді дейді кәсіпкер.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы Руслан Кенжебеков көмір тақырыбының Қарағанды өңірі үшін өте өзекті мәселе екенін айтады. Мұның бизнес­ке ғана емес, тұрғындар үшін де маңызы зор.

– Біздің агенттік жүргізген жұмыстың қорытындысы бойынша «Кедергілер картасын» құру жоспарда бар. Онда өзекті деген мәселелердің тізілімі көрсетілетін болады, – деді ол.

Ал «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орта­лы­ғы» АҚ вице-прези­ден­ті Қуаныш Хол­тұр­сы­новтың айтуынша, аталған нарықтағы проблемаға көмірге деген сұраныс артқан кезде темір жол вагондарының же­тіспеушілігі тікелей әсер ететін көрінеді. Яғни, вагон жет­пегеннен кейін жеткізу мен өткізудің мөлшерін теңес­ті­ру мүмкін болмай қалады екен. Осыдан келіп, көмір сататын жерлерде көліктердің ұзын-сонар кезегі пайда болады. Ал мұндай проблемаларды шешу үшін жергілікті әкімдік, монополияға қарсы мекеме және басқа да өкілетті органдар түсіністікте тізе қоса жұмыс істеуі керек.

 

Қарағанды облысы