Руханият • 21 Қазан, 2020

Ескі латын әліпбиін ескерсек

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заман талабына сай әрбір ұлттың тілі жетіліп отырады. Өткенге көз жүгіртсек, ұлт зиялылары ана тіліміздің дыбыстық жүйесін толық ашып бере алатын алфавит қабыл­дауды міндетке алған. Әйтсе де сан түрлі саяси көзқарастар қазақ тілінің адымын аштырмады. Әуелде араб графикасын аттап, латын қарпіне көшкенімізбен, кейін кириллицаға ауыстық.

Ескі латын әліпбиін ескерсек

Иә, латын қарпі демекші, 1929-1940 жылдар аралығында қазақ халқы латын графика­сы негізіндегі әліпбиді пайда­лан­ғаны әмбеге аян. Сол тұста қоғам қайраткерлері мен ұлт әдебиетінің алыптары латын әрпін тез меңгеріп, қарашаның санасына сіңіре бастады. Әдеби шығармалар, газет-жорналдар, латын алфавитінде басылып, іс-қағаздар да соған сай жүргізі­ле бастады. Оған дәлел, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіндегі құнды құжаттар. Онда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынов көрсетіп берген латын әліпбиінде таңбаланған жәді­герлер жетерлік.

Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой? Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Осыған бай­ланысты өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зия­лыларының еңбектерінің ма­ңыз­ы артып келеді. Бұл тұста Қазақ­станның келешектегі даму ба­ғытын сөз еткенде, әрдайым өткен тарихын еске алып, тағы­лым алған абзал.

Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев «Болашаққа бағдар: ­рухани жаңғыру» атты мақа­ласында: «Әжептәуір жаңғыр­ған қоғамның өзінің тамыры та­рихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», дей ке­ліп, ұлттық бірегейлікті сақ­тау, ұлттық сана-сезімнің көк­жие­гін кеңейту қажеттігін баса айт­қан болатын. Соған сәйкес ұлт­тық кодтың негізі болатын ХХ ғасырдың басындағы қазақ зия­лыларының еңбектерін, тіл­танымдық мұрасын әрдайым на­зарда ұстауымыз қажет се­кіл­ді. Себебі архивтердегі жасам­паз жаз­балар кәдеге жарар ақпа­рат­тардың қоймасы.

ХХ ғасырдың басында латын жазуына көшуге байланысты терминдердің жазылуы, емле мәселелері қызу талас тудырып, әртүрлі ұсыныстар болған. Енді бізге тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңғыру жолына түскен шақта мұрағаттарға қайта бір үңіліп, кеткен қателіктерді қайталамауға тырысу қажет. Осы орайда 1929-1940 жылдар аралығында жа­рық көрген сөздіктерді, ғылыми ­ең­бек­терді бір парақтап, ой еле­гінен өткізгеніміз абзал. Сол ар­қылы латын графикасына кө­­шуде өткенімізді таразылай отырып, қай дыбыс қалай иге­рілгені, қосар дыбыстарды таң­ба­лаудағы ерекшеліктер, шет­тіл­дік терминдердің жазылуы, таң­балауда қандай ұстанымдар бас­шылыққа алынғаны жөнінде көп мағлұмат алар едік. Бұл тіл­шілер үшін де, тарихшылар үшін де таптырмас құнды дерек көзі болар еді.