Өткен уақыт ішінде Қазақстан мен Ресей халықтарын байланыстыратын достық пен өзара сыйластықтың игі дәстүрлеріне сүйене отырып, екіжақты қатынастар стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне шықты.
Қазіргі кезеңде стратегиялық әріптестіктің негізі 2013 жылғы 11 қарашадағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт болып табылады. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салалардағы саяси диалог пен жемісті ынтымақтастық серпінді дамуда.
Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар шеңберіндегі ынтымақтастық сенім мен өзара түсіністікке негізделген Нұр-Сұлтан мен Мәскеу арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың маңызды элементі болып табылады.
Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігін нығайтуда мемлекет, Үкімет, министрліктер мен ведомстволар, іскерлік құрылымдар басшыларының тұрақты кездесулері мен келіссөздері жетекші рөл атқарады.
Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастардың бүкіл кешенін, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін шешудегі сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі өрістету екі ел халықтарының түпкі мүдделеріне сай келетіні сөзсіз.