Саясат • 23 Қазан, 2020

Жолдауды насихаттауға қатысады

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен Сенат жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Жолдауды насихаттауға қатысады

Іс-шараға Кеңес мүшелерінен басқа бейнеконференция байланысы арқылы еліміздің 17 өңірі мәслихаттарының депутаттары қатысты.

Отырыс барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға мәслихаттар депутаттарының қатысуы туралы жан-жақты пікір алмасылды.

«Бұл құжатта қазіргі замандағы бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында еліміздің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің жан-жақты бағдарламасы қам­тыл­ған. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында өзара байланысты кешенді міндеттер қойған болатын. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту осы процестің маңызды бағыттарының бірі болып белгіленді, ол жергілікті өкілді органдарды нығайтуды көздейді, олардың қызметі халық үшін барынша ашық болуы тиіс», деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Осыған байланысты өңірлерді тиімді дамытуға жәрдемдесу Парламент жоғарғы Палатасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес арқылы мәсли­хаттарға олардың заңнамалық өкілет­тік­тері аясында жан-жақты көмек көрсетіліп келеді.

Отырыс барысында елімізде жүзеге асып жатқан саяси және экономикалық реформалардың қозғаушы күштерінің бірі болуға арналған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын ілгерілету талқылаудың жеке тақырыбы болды.

«Қазақстан мәслихаттары депу­тат­тарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеу­бек Мұқашевтың пікірінше, «Бұл жұмыста бүгінгі таңдағы ең өзекті тәсілдер – ең алдымен жастар арасында білімқұмарлық пен білімпаздықты, толеранттылық пен кәсіби шеберлікті дәріптеу басым болуы тиіс».

Отырысқа қатысушылар сайлаушылармен тығыз әрі егжей-тегжейлі жұмыс жүргізу қажеттігі туралы ортақ пікірге тоқталды. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар өз сөзінде: «Мәслихат депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың жолдары мен мән-мағынасын әрбір қазақстандыққа жеткізуі тиіс» деп атап өтті.

Қазіргі кезде Сенаттың үйлестіруші рөлі жағдайында бұл жұмысқа елімізде 20 мыңға жуық мүшесі бар «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ айтарлықтай көмек көрсетеді. Оның төрағасы Серік Ақылбай: «Қазақстан заңгерлер одағы мәслихаттар депутаттарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Пар­ламент қабылдап жатқан заңдар туралы бірқатар тақырыптық дәрістер да­йындап, өңірлерге жіберілді. Бұл жұмыс жалғасатын болады», деп хабардар етті.

Отырыс барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаменті, Мемлекеттік жергілікті басқару институты, сондай-ақ «Мәслихат және әкімдік – Маслихат и акимат» рес­пуб­ликалық журналы Кеңес құрамына ұжым­дық мүшелер ретінде қабылданды.

Отырыс қорытындысы бойынша қа­ты­сушылар қаралған мәселелерге сәйкес Кеңес жұмысының перспективалық жос­парын әзірледі.