Экономика • 24 Қазан, 2020

ЕАЭО-да ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты дамыту жоспарлануда

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитеттің қатысушылары мал шаруашылығы және тұқым шаруашылығы өнімдерінің айналысы саласындағы біріздендіру мәселелерін, Еуразиялық экономикалық одақта бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) жүргізудің басымдықтарын, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағыттарын талқылады. Отырыста Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалянның төрағалығымен өтті, деп жазады   Egemen.kz  ЕЭК таратқан деректерге сілтеме жасап.

ЕАЭО-да ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты дамыту жоспарлануда

«COVID-19 пандемиясы жағдайында агроөнеркәсіптік кешеннің теңдестірілген дамуын қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО елдерінің келісілген агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастығын тереңдету, сондай-ақ өзара саудадағы кез келген кедергіні жоюмен жүйелі жұмыс істеу маңызды», –  деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Отырысқа қатысушылар Комиссия Алқасының «Ауыл шаруашылығы жануарларын және олардың өнімін (материалын) асыл тұқымды өнімге жатқызу кезіндегі тәсілдемелерді біріздендіру туралы» ұсынымының жобасын мақұлдады. Ұсынымды іске асыру әкелінетін асыл тұқымдық өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуге әрі оған және ілеспе құжаттарға қойылатын талаптарды біріздендіруге мүмкіндік береді. ЕАЭО елдеріне Одақ мемлекеттерінің аумағына үшінші елдерден әкелінетін асыл тұқымды өнім сапасына бақылауды жүзеге асыруға, сондай-ақ асыл тұқымды жануарлар мен олардың өнімін селекциялық-асылдандыру жұмысында одан әрі пайдалану үшін қажетті мәліметтерді қамтитын құжаттармен сүйемелденетін жағдайларды сақтауды қамтамасыз етуге ұсыным жасалады.

Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау және тұқым шаруашылығы салаларындағы заңнамасын біріздендіруге бағытталған шаралар тізбесі жобасын мақұлдады. Көзделген шараларды іске асыру ұлттық заңнамадағы тұқымның өзара саудасына әсер ететін айырмашылықтарды жоюға, ішкі нарықтағы әкімшілік тосқауылдарды азайтуға мүмкіндік береді. Құжатты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бекітуі жоспарланып отыр.

Тараптардың өкілдері АӨК саласындағы бірлескен ҒЗТКЖ тізбесінің жобасын мақұлдады. Құжат 2021-2025 жылдарға арнап қалыптастырылған және өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, мелиорация, тамақ өнеркәсібі әрі агроөнеркәсіптік кешен экономикасы саласындағы 27 тақырыпты кірістіреді. Зерттеулер ғылыми-техникалық прогрестің озық жетістіктері негізінде серпілісті өнімдер мен технологиялар әзірлеуді бағамдайды.

Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тараптардың бірлескен күш-жігерімен ауыл шаруашылығы дақылдарының бейімделген және өнімділігі жоғары сорттарын жасау, ықтиятты егін шаруашылығын және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру жүйесін дамыту, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында биотехнологиялар әзірлеу, сондай-ақ геоақпараттық технологияларды қолдана отырып, жердің мелиоративтік жай-күйін бағалау жүйесін дайындау жоспарлануда. Экономика саласында ҒЗТКЖ шаруашылық жүргізудің шағын нысандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл шаруашылығында қызметтер көрсету секторын және цифрлық технологияларды дамыту мәселелерін сөз етеді

АӨК жөніндегі консультативтік комитеттің қатысушылары ЕЭК Алқасы ұсынымының тиісті жобасын мақұлдай отырып, ЕАЭО-да түрлендірілген крахмалдар алудың тиімді импорт амастырушы технологияларын құру кезіндегі ынтымақтастықты дамыту мәселесіне дербес назар аударды.

Құжат тамақ және техникалық мақсаттар үшін түрлендірілген крахмалдар өндірісінің экологиялық қауіпсіз технологияларын әзірлеу мақсатында бірлескен іс-шараларды іске асыруды, сондай-ақ нарықты зерттеу және патенттік іздеу нәтижелері негізінде крахмалды түрлендіру үшін нормативтік құжаттаманы және арнаулы жабдықты көздейді. Қорытындысында қосылған құны жоғары тамаққа арналған және техникалық мақсаттағы жаңа өнеркәсіп өнімдерін алу күтілуде.

Ғылыми-инновациялық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы қабылданып жатқан қадамдар агроөнеркәсіптік кешеннің технологиялық бәсекеге қабілеттілігін және Одақ елдерінің ғылыми-зерттеу әлеуетін пайдалану тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

АӨК жөніндегі комитет мүшелері Еуразиялық экономикалық комиссия мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының, Халықаралық қант ұйымының және Халықаралық астық кеңесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар жобасын мақұлдады. Бұл ұйымдар болашақта ақпарат, тәжірибе және білім алмасады, бірлескен зерттеулер, консультациялар мен дөңгелек үстелдер өткізеді, бірлескен баяндамалар, талдамалы және басқа шолулар дайындайды деп бағамдалуда.​