«Үш ауылдың тұрғындарына қыстан шығу үшін орта есеппен 258 тонна көмір керек болса, қазіргі кезде 160 тоннасы жеткізілді. Қалғанын қарашаға дейін тасып аламыз деп отырмыз. Негізінен, біздің ауылға Қарағанды көмірінің әр тоннасы Ақтөбеден 20-22 мың теңгеден жеткізіледі. Егер сыйымдылығы 5-6 тонна болатын жүк көлігі әкелген көмірін бір үйге әкеп түсірсе, онда тоннасын 20 мың теңгеден сатады. Ал бес тонна көмірді екі үй бөліп алса, онда 22 мың теңгеден шығады. Шамамен әр үйді жылытуға қыстай 4-5 тонна көмір керек, – дейді Құдықсай ауылдық округінің әкімі Қасым Жұмабай.
Ауылдық округ тұрғындарының саны 300 адамға толар-толмас болғандықтан да, ауылға газ жеткізілмей отыр. Әйтпесе, аудан орталығы Хромтаудан 50 шақырым жерде орналасқан Құдықсай ауылына орталықтандырылған ауыз су жеткізілген, шаруаға жайлы, мал өсіруге де, егін егуге де қолайлы жер. Ойсылқара өзенінің жиегінде отырған тұрғылықты халық ежелден құс өсіреді, бақша егеді. Медициналық амбулаториясы, мектебі, кітапханасы бар.
Аз қамтылған отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға осы төңіректегі шаруа қожалықтары тамызық ағашпен де ауылға көмектесіп отыр.
Кезінде адамдары басқа жаққа көшіп кетіп, жетімсіреп қалған ауылдардың бірі – Ойсылқара. Бүгінде бұл ауылда 14 отбасы ғана қалған. Алдыңғы жылы тіпті 5-6 үй қалып жабылып қалатын жағдай туғанда, Хромтау ауданы басшылығы жан-жақтан жастарды шақырып, тастап кеткен ескі үйлерді жөндеуге құрылыс материалдарын, малын, қыстық отынын беріп көмектесті. Соңғы жылдары көшіп кеткен ауыл тұрғындарының жан-жаққа кеткен балалары қайтып келіп, мал өсіріп, егін егіп, әкелерінің ескі үйлерінің орнына жаңадан үй салып, шаруамен айналысуға кіріскен. Ақтөбе қаласынан, Әйтеке би және Ырғыз аудандарынан көшіп келушілер қатары жыл санап көбейіп келеді.
«Мен кеше ғана 4 баласы бар екі жас отбасымен сөйлесіп, ауылға шақырдым. Бос тұрған үйлер бар, шамамыз келгенше көмір түсіріп беріп, көмектесеміз дедім. Ауылда әрине, дайын жұмыс жоқ. Бірақ мал өсіріп, егін ексе, не осы жердегі шаруа қожалықтарына жұмысқа кірсе, тұрмыстарын түзеп алуына әбден болады. Осы жағынан алғанда, ауылымыздың жанындағы шаруа қожалықтары көп көмегін тигізіп келеді. Мәселен, «Нұр» шаруа қожалығы ауыл адамдарын малшылық жұмысқа алып, 100 мың теңге жалақысын беріп, қыстық соғымдарына дейін қамтамасыз етіп отыр», дейді ауыл әкімі.
Бұл жақтың қысы қатты. Ақпанның ақтүтек борандары жолды жауып тастағанда, бірнеше күн қатынассыз қалып жатады. Мұндайда Ойсылқараның бойына бірнеше үй, мал баздарын салып, қатарласа қонып жатқан қожалықтардың ауыр техникасы ауыл жолдарын қардан тазалайды. Жағдайы төмен отбасыларға да қыстық тамызық ағашты түсіріп беріп, көмектеседі. Мәселен, осы жерде жоңышқа, бидай, арпа егіп, табыс тауып отырған «Диқан» шаруа қожалығының иесі Виктор Муравьев ауыр көліктерімен қыс бойы Ойсылқара – Кеңой – Құдықсай ауылдарының арасындағы жолды бірнеше жылдан бері тазалап жүр. Шаруа қожалықтары санының көбеюі нәтижесінде ауыл адамдарына жұмыс табылған. Алайда неге екені белгісіз, жұмысына жауапты малшы мен қойшыларды табу әлі күнге дейін қиын екен.
Ақтөбе облысы