Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті “Абай айтады...” атты акцияны бастап, “Абай” мұражай-кабинетін ашты.
Бұл күндері аталмыш университетте ақынның адами, рухани, жалпы адамзаттық құндылықтарын ғылыми негіздеу, оны насихаттау, халықтың игілігіне асыру және жас ұрпақты осы тұрғыда тәрбиелеу мақсатында айтарылықтай істер атқарылып жүр. Ұлтымыздың ұстаздар қауымын даярлап жатқан оқу ордасында елімізде тұңғыш рет “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, ол ұлы ойшылдың рухани мұраларын жүйелеу жұмысымен тыңғылықты айналысуда.
Сол сияқты студенттер арасында республикалық “Абайтану” дәрістерін өткізу қолға алынған.
Мәселен, қабырғада қаздай тізілген Абай өлеңдері де өнегесімен ойға жетелейді. Абайтану ғылыми-зерттеу орталығын университет ұжымы ұйымдастыруды қолға алғанда көп пікірлесіп, оның басы-қасында ақынның шығармашылығын терең білетін оқымыстылардың болғаны дұрыс деген пайымға келген. Ол – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.
Салтанатты тұсаукесерді ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Серік Пірәлиев:
– Бұл жай орталық емес. Ұрпақ үшін үлкен міндет атқарып, парызын өтейтін орталық. Біз осы орталық арқылы алдымызға мақсат қойдық. Университет студенттері өткен оқу жылынан бастап абайтануды пән ретінде оқи бастады. Бір айта кетерлігі, оны тек филологтар ғана емес, басқа факультеттің студенттері де оқиды. Біз несие бөлдік. Сондықтан, ашылып отырған орталыққа көп міндет жүктеледі. Алдымен университтің 15 мың студенті үшін оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындау қажет. Және Абай бабамыздың еңбектерін зерттеу жұмыстарын жандандыратын кез жетті, – деді.
Университеттің тағы бір жетістігі, елімізде бірінші болып ұлттық тәрбие атты пәнді оқытуды қолға алған. Және бұл мақсатқа 4 несие бөлініп отыр.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.