Қоғам • 28 Қазан, 2020

Талаптарды сақтамағандарға айыппұл салынады

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аты жаман індеттің әлі де азаймай тұрғанына байланысты Шығыс Қазақстан облысында қосымша шектеу шаралары енгізілген болатын. Оның үстіне болуы ықтимал COVID-19 вирусының екінші толқынына да дайындық шаралары күшейтілген. Бірақ кейбір мекемелер санитарлық талаптарды орындамай отырған көрінеді.

Талаптарды сақтамағандарға айыппұл салынады

Жуықта ғана Өскеменде об­лыстық тауарлар мен көрсе­ті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­пар­таменті мамандарының ұйым­дас­тыруымен адам аяғы көп басады-ау деген сауда нысандарына және дәмханаларға мониторингтік топ пен құ­зыр­лы органдар рейд жасады. Мониторингтік топтың мақ­саты – адамдар арасында ка­ран­тиндік және шектеу ере­же­­лерін сақтауды қадағалау, ко­­ронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу еді.

 Осы мақсатта жұмыстарын жалғастырған топ Өскемендегі сауда нысандарын аралай келе «Браво» дәмханасына кірген. Сауда орындарында санитарлық талаптар сақталғанымен, атал­ған дәмханада әлеуметтік қа­шық­тықты көрсететін сызықтар жоқ, кіреберістегі санитарлық кілемшелері кеуіп қалған, қолды зарарсыздандыратын құралдары көрінбейтін жерде тұр. Ал қызметкерлері резеңке қолғап, медициналық маска тақпаған. Сондай-ақ мониторингтік топ тек­серген сұлулық салондарын­да да маскалық режім сақ­тал­маған.

Халық вирустың алғашқы толқынынан сабақ алу керек еді. Қаншама адам төсекке та­ңыл­ды, қаншамасы қайтыс бо­лды?! Ауруханалардан орын жетпей, ем-дәрі таппай сан­­далғандар да аз емес еді. Қа­ра­пайым ғана санитарлық талаптарды сақтамай жүрген азаматтар жаздағы жағдайды бір сәт ұмытып кеткен сияқты.

Рейдтік шаралар кезінде әр нысандағы орындалмай жатқан талаптарға байланысты учаскелік полиция қызметкері хаттама толтырып, мекеме әкімшілігінен түсініктеме алды. Орын алған олқылықтар фотоға түсірілді. Енді осы негізде са­нитарлық-эпидемиялық қыз­мет мамандары тиісті шара қол­да­нады.

Мониторингтік топтардың жаңартылған кестесі бойынша құрамында жергілікті полиция қызметкерлері мен санитарлық-эпидемиялық қызметтің мамандары да жұмыс істейді. Олар 1-21 қазан аралығында облыс бо­йынша 493 рейд жүргізіп, 6 091 нысан қамтылды. Оның ішінде қоғамдық көлік және көлікті дезинфекциялау пункттерінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамағандарға Әкім­­шілік кодекстің 425-бабы, 1-бө­лігі бойынша 137 айыппұл са­­­­­лынды.

Осыған орай облыстық тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы мен қауіп­­сіз­дігін бақылау депар­та­мен­ті­нің мамандары қол­даныс­та­ғы санитарлық ережелер мен республикалық және облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларының барлық талаптарын сақтауды сұрайды. Халық белгіленген шектеулерді, оның ішінде әлеуметтік қашықтықты және маска режімін сақтауы тиіс. Көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыруға шектеу қойылған. Мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлер міндетті түрде сақтық шара­ла­рын сақтағандары жөн. Яғни, маска және медициналық қор­ға­ныш қолғабын киіп жүру керек. Объектілерде күшейтілген дезин­фекциялау режімін сақ­тау, нұсқаулыққа сәйкес дезин­фекциялау құрал­да­рын қол­да­ну міндетті. Кіре­берісте антисептиктер, санитайзерлер, дезин­фек­циялық кілемшелер және байланыссыз термометрлер болуы тиіс.

Егер аталған санитарлық та­лаптар сақталмаса, Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғалар үшін – 30 АЕК немесе 83 340 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 230 АЕК немесе 638 940 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК немесе 861 180 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 АЕК немесе 4 444 800 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Ал рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 

Шығыс Қазақстан облысы