Аймақтар • 28 Қазан, 2020

Қызылордада сала үздіктері марапатталды

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова онлайн режимде өткен "Алтын дән-2020" шарасына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылордада сала үздіктері марапатталды

Ауылшаруашылығы мамандары марапат иеленген шарада аймақ басшысы мемлекеттік қолдаудың арқасында сала өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасқандығын тілге тиек етті. Биыл өңір диқандары су тапшылығына қарамастан, басты дақылдың әр гектарынан орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам Сыр күрішін ел қамбасына құйып, кезекті рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.  

Өңірде аграрлық салада өндірілген өнім көлемі 94,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Ал, ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 1,8, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 1,6 есеге ұлғайған.

Жыл сайынғы су тапшылығын ескере келе, қысқа мерзімде ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егіншілік саласын әртараптандыру бағыты қолға алынды. Бұл ретте соңғы бес жылда мал азықтық дақылдар 4 мың гектарға, күріштен басқа дәнді дақылдар 7,5 мың гектарға артқан.

Өңірде әртараптандыруға бағытталған соя, жүгері және бидай дақылдары егісінің көлемін ұлғайтып, аквагельді пайдаланып егілген 80 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 18 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ, алдағы кезде күріштің егіс көлемін азайтып 80-85 мың гектарға тұрақтандырып, орнына диверсификациялы дақылдар егу көзделіп отыр.

Шара барысында ауыл шаруашылығы бағытында негізгі табыс түсіретін секторлардың даму перспективалары сөз болып, әрбір ауданның ерекшеліктеріне қарай өнім өндіру мәселесі айтылды. Келесі жылы Қазалы ауданында жаңбырлатып суғару тәсілімен 87 гектар жүгері, Жаңақорған ауданында томат пастасы өндірісін ашуға бағытталған 3 мың гектар қызанақ егілмек. Ал Шиелі ауданында пайдаланылған ағын суды қайта қолдану арқылы жаңбырлату тәсілімен 10 мың гектарға жоңышқа дақылы егу қолға алынады.

Өңірдің экономикалық кірісін көбейтуде мал шаруашылығы бағытын дамыту мәселесі де өзекті. Мүйізді ірі қара 4,4%-ға, жылқы 8,5%-ға, түйе 5,3%-ға көбейіп, мал өнімдерінің өндірісі бойынша бүгінгі күнге 26,3 мың тонна ет, 65,2 мың тонна сүт өндіріліп, ет өндірісі 2,5%-ға, сүт өндірісі 2,6%-ға артқан. Аймақтың экспорттық әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 17 мемлекетке 22,5 млн АҚШ долларын құрайтын 66,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған. Оның ішінде, биыл алғаш рет облыстан Германияға 421,5 тонна қамыс, ал Қытай мен Ауғанстанға 391 тонна мақсары майы жөнелтілген.

Аймақта ауыл шаруашылығына қажетті су тораптарын қайта қалпына келтіру жұмыстары да жолға қойылған. Мәселен, "2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында "Жиделі су қоймасын қайта жаңғырту" жұмыстарына 450 млн теңге, "Әйтек су торабын қайта жаңғырту" жобаларына 700 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстар іске асуда. Ал, алдағы кезде жаз маусымындағы су тапшылығын шешу мақсатында "Қараөзек су қоймасы" және Шиелі ауданында қысқы кезеңдегі тасқын суды жинап егістікке пайдаланатын "Күміскеткен" су қоймасын іске асыру міндеті тұр.

Шара соңында аймақ басшысы   27 номинация бойынша үздік аудандар мен агроөнеркәсіп саласының озаттарын марапаттады.  Мұнан бөлек, сала ардагерлеріне Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" және "Еңбек ардагері" төсбелгісін табыстады.