Жол картасымен бөлінген күрделі жөндеу жұмыстарын «Нұр-шапағат құрылыс» ЖШС атқарып жатыр. Мердігерлер бүгінде нысанның ішкі жұмыстарын 100 пайызға аяқтаған. Енді ауласындағы абаттандыру-көгалдандыру, жарық шамдарын орнату шаруалары қалды. Тозығы жеткен мекемені биылға дейін қыс кезінде жылыту біраз мәселе болған. Жаңартылуы кезінде жылыту жағына баса мән берілуде.
– Жылыту пешін сыртқа шығардық. Электр жүйелері 95 пайызға жаңарды. Есік-терезелерінің 90 пайызы қойылды. Жылу жүйесі 100 пайыз дайын. Ауыз су және кәріз жүйесі жасалды. Сонымен қатар сейсмокүшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда жұмысшы күші жеткілікті. Жоспар бойынша қарашада нысанды аяқтап өткіземіз, – дейді мердігер мекеменің прорабы Айдын Жайшыбеков.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жаңартылып жатқан жоба құны – 958 млн теңге. Мердігерлер құрылысты мамырдың ортасында бастаған. Содан бері 178 жергілікті тұрғын жұмысқа тартылып отыр. Бастаманың басты мақсаты – ауылдағы екі қолға бір күрек іздеген азаматтарды жұмысқа тарту болған. Осы ретте мұндағы жұмысшылардың айлық жалақысы 85 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі аралықта берілді. Дәл қазіргі күні құрылыстың біршамасы аяқталуына байланысты 45 мың теңгеге жұмыс істеп жатыр. Мектептің парта-тақта, кабинеттері, сыныптардың материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылады. Бұл мақсатқа жобадан бөлек, 23 млн теңге қаржы бөлінген.
Ширек ғасырлық тарихы бар білім шаңырағы 1 172 орынға лайықталған. Шағын орталығымен қосқанда бүгінде 750 бала тәрбиеленіп жатыр. Пандемия жағдайына байланысты оқушылар толығымен үйлерінде оқытылуда. Жаңа оқу жылында көпбалалы, аз қамтылған, мұқтаж отбасы балаларына мектеп тарапынан 20 ноутбук-смартфондар үлестіріліп берілді. Айта кеткен жөн, келер жылы ауданда қос мектеп табиғи газға қосылады. Жамбыл және Хамраев орта мектептеріне көгілдір отын жеткізу үшін бүгінде жобаның сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде.
Пенжім ауылындағы жаңа амбулаторияның салынуына жол картасы негіз болды. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін іргетасы қаланып жатқан нысан – 50 орындық. 7 мыңға жуық халқы бар елді мекенде бүгінге дейін заманауи жаңа емдеу мекемесі болмаған. Басы ауырып, балтыры сыздаған ауылдағы ағайын шағын дәрілерлік амбулаторияны жағалап келді. Енді міне, көп ұзамай қараша айынан бастап жаңа кешенге келетін болады. Мұндағы басты ерекшелік – ішіндегі қондырғылар, материалдық-техникалық база жаңа заманғы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Әзірге, 4 дәрігер қызмет көрсетеді деп жоспарланған. «Нұр-шапағат құрылыс» ЖШС 30 қарашада нысанды толықтай ел игілігіне береміз деп білек сыбанып отыр. Бүгінде жалпы жұмыстың 70 пайызы біткен. Амбулатория ғимаратының құрылысын салуға 259,2 млн теңге бөлінген. Мұнымен қоса, ауданаралық көпсалалы аурухананы абаттандыру жұмыстары 52,8 млн теңгеге атқарылуда.