Экология • 29 Қазан, 2020

Қоршаған ортаны қорғау заңнамалары қаралды

386 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттарға Экологиялық кодекс жобасы жайында баяндама жасаған соң Ілеспе заң жобасы бойынша бірқатар кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде баяндады. Ілеспе заң жобасы шеңберінде Кәсіпкерлік, Қылмыстық, Орман, Су, Жер кодекстеріне, Рұқсаттар және хабарламалар туралы, Азаматтық қорғау туралы, Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік басқару туралы және Міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңдарға түзетулер енгізу көзделеді.

Қоршаған ортаны қорғау заңнамалары қаралды

 

Қалдықтармен жұмыс істеуге қолдау көрсетіледі

Ведомство басшысының айтуын­ша, Кәсіпкерлік кодекс бойынша келе­сідей өзгерістер қаралған. Жал­пы, заң жобасы халықтың өмірі мен ден­саулығына қауіп төндіретін іс-әре­кеттерді болдырмау үшін алдын ала ескертусіз тексеру жүргізу мүм­кін­­дігін бекітетін түзетулерді көз­дейді. Бірінші санаттағы кә­сіп­орын­­дар­­ға профилактикалық бақы­лау нәти­­жесінде бұзушылықтар анық­тал­­ған жағдайда әкімшілік іс қозғау мүм­­кіндігі қарастырылған. Осының негі­зінде әкімшілік жауапкершілікке тар­ту рәсімін жедел жүзеге асыруға бо­лады.

Қалдықтармен жұмыс істеу саласы жеке кәсіпкерлікке көрсетілетін мем­­лекеттік қолдаудың қатарына енгі­­зіледі. Бұл қолдау шараларын алу үшін заңнамалық негіз болады. Және қалдықтармен жұмыс істеу сала­сын дамыту үшін ынталандырушы, дота­циялық, ұйымдастырушылық жеңіл­діктерді пайдалануға мүмкіндік бере­ді.

Қылмыстық кодекстегі және бас­­­қа да заңнамалардағы ремедиа­ция жүргізуден жалтарғаны үшін, сон­дай-ақ ремедиацияны тиісін­ше жүргізбегені үшін құқықбұзу­шы­лық­тың ауырлық дәрежесі Экологиялық кодекс жобасының шеңберінде қайта қаралды. Осыған байланысты мұндай құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұдан басқа, экология саласындағы құқықбұзушылықтарды қарау кезінде «ірі залал» деген жаңа ұғым енгізілді.

Бүгінгі таңда заңнамада климаттың өз­ге­руіне бейімделу жөніндегі нормалар жоқ. Оған қоса, мемлекеттік ор­гандарда тиісті өкілеттік мен құ­зы­рет қарастырылмаған. Осыған бай­­ланысты Су, Орман, Жер кодекс­­теріне, сондай-ақ Азаматтық қорғау туралы, Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды дамытуды мемле­кет­тік басқару туралы заңдарына то­лық­тырулар енгізілді. Бұл тиісті мем­лекеттік органдардың салалық мем­ле­кеттік бағдарламаларды әзір­леу кезінде климаттың өзгеруіне бай­ла­ныс­­ты тәуекелдерді ескеруіне және тиісті ықпал ету шараларын көздеуге мүм­кіндік береді.

– «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға да толықтырулар енгі­зілді. Қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату және жою жө­нін­дегі қызметті жүзеге асыру үшін лицензиялық тәртіп қарастырылған. Ал қалдықтарды тасымалдау бойынша хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Қалдықтарды басқаруға қатысты операцияларды жүргізу кезінде талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделеді. Бұл өз кезегінде рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерге, иесіз қалдықтар көлемін ұл­ғай­туға және қоршаған ортаны лас­­тау­дың өзге де жағдайларына байланыс­ты мәселелерді шешуге мүм­кін­дік бе­реді, – деді министр.

Бірінші санаттағы объектілер үшін міндетті экологиялық сақтандыруды көздейтін Экологиялық кодекс ере­же­­лерінің енгізілуіне байланысты «Міндетті экологиялық сақтандыру туралы» заңға түзетулер енгізілді. Эко­логиялық сақтандыру және аза­мат­тық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру ұғымдарының ауысуы­на жол бермейтін ережелер қайта қаралды. Айтарлықтай өзгерістер енгі­зілді. Бұл іс жүзінде сақтандыру ұйымдарының сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру кезіндегі дауларға алып келетін. Сондай-ақ жекелеген заң­дар­дың терминологиясы мен ере­же­лерінің жаңа Экологиялық кодексті реттеудің терминологиясымен және жаңа тәсілдерімен келісілді

.

Қатаң жаза қолдану қарастырылған

Министр Әкімшілік құқықбұзу­шы­лық туралы кодекске өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы баян­­дамаcында әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тарту үшін белгіленген ескі­ру мерзімін ұлғайту жөнінде түзе­ту­лер ұсынылды. Атап айтсақ, жеке тұлғаларға қатысты мерзімді 2 айдан 1 жылға дейін, ал заңды тұлғаларға – 1 жылдан 3 жылға дейін ұлғайту қаралды.

– Негізі профилактикалық тексерулер жылына бір реттен көп өткізіл­мей­ді. Сонын салдарынан, тексеріс кезінде бір немесе одан көп жыл бұрын жасалған бұзушылықтары анықталған кәсіпорындар тиісті жазадан құтылып кетіп жатады. Тағы бір айтатыны, тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір ірі кәсіпорындар жүйелі түрде жыл сайын бір бұзышулыққа бірнеше рет жол береді. Осыған орай, заң жобасында 3 жылдың ішінде экологиялық заңнаманы жүйелі бұзатын ірі кәсіп­орын­дарға қатысты неғұрлым қатаң жаза қолдану қарастырылған. Негізі аталған норма қазір де бар, бірақ ескі­ру мерзімі бір жыл болғандықтан рецидив институты іске аспайды. Бұл өз кезегінде ірі кәсіпорынды жүйелі бұзушылықтар жасамауға ынталан­дыр­майды. Осыған байланысты мер­зім 3 жылға дейін ұзартылды, – дейді М.Мырзағалиев.

Қоршаған ортаны қорғау сала­сын­да­ғы әкімшілік құқық­бұ­зушылық үшін белгіленетін айыппұлдарды ұлғайтуға басты себепші болған жайт табиғат пай­да­ланушылардың қоршаған орта­ның ластануына жол бермеу бойынша шараларды толыққанды орындамауы және қажетті модернизацияны жүзеге асыр­мауы. Негізі қазіргі әкім­шілік айып­­пұлдар ынталандыру тетігі бола алмай тұр. Бір сөзбен айтсақ, таби­ғат пайдаланушылары үшін құқық­бұзу­шы­лық пен жіберген олқы­лық­тарды жоюдын орнына айып­пұл төлеу әлде­қай­да тиімдірек.

Сол себепті экологиялық бұзу­шы­лық­тар үшін санкцияларды қатаңдату көзделеді. Мысалы, қоршаған ортаға нормативтен тыс және рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есе, ал қалған құқық бұзу­шы­лықтар бойынша орта есеппен 2 есе ұлғаяды.

Айта кетелік, мұнай секторының әкім­шілік айыппұлдарының көп бө­лі­­гі технологиялық тұрғыдан ерік­сіз жағу (ТЕЖ) кезінде газды алауда жағуға келеді. Қазіргі уақытта эко­логиялық талаптар сақталған жағ­дай­да тұрақты өндіру кезеңі үшін газды технологиялық еріксіз жағу кезінде Х1 коэффициентін 0,5%-дан 1%-ға дейін ұлғайту бөлігінде «Жер қой­науын пайдалану жөніндегі операция­лар­ды жүргізу кезінде шикі газды жағудың нормативтері мен кө­лем­де­рін есептеу әдістемесін бекіту туралы» Энергетика министрінің бұй­ры­ғы­на өзгерістер енгізілуде.

Қоршаған ортаны қорғау саласын­да­ғы залалдың ремидиациясын орындамау, қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар үшін экологиялық заң­на­ма­мен көзделген міндетті мәлімет­терді ұсынбау, жүйелі түрде құқық бұзатын субъек­тілерге қатысты әкімшілік ко­дек­­с­ке жаңа құрамдағы түзетулер енгі­зілді.

Осы өзгерістер қоршаған ортаны қалпына келтіруге, ластаушылар тарапынан ашықтықты талап етуге, жауапкершілікті күшейту арқылы құқықбұзышулыққа жол бермеуге бағытталған. Министрдің айтуынша, аталған заң жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді, заңнамада талап етілетін барлық келісулер, сараптамалар алынды.

Ал Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баян­дамасында ведомство басшысы ең озық қолжетімді технологияны енгі­зу арқылы кешенді экологиялық рұқсатты алған жаңа объектілердің операторларына қатысты эмиссия үшін төленетін төлемдерден босату бойынша тиісті түзетулерді ұсынды. Бұл ретте, бірінші санаттағы 50 ірі кәсіпорын үшін мұндай ұлғайту 2025 жылдан, ал бірінші санаттағы қалған нысандар үшін 2031 жылдан басталады. Айта кетерлік, 3 жыл сайын ұлғайту коэффициенттері 2 еселеніп тұрады.

Яғни бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған әрбір ірі кәсіпорын ертең өз еркімен таңдау жасайды. Не осы қал­пында қоршаған ортаға кері әсер етіп, жылдар сайын еселенетін эко­ло­гиялық төлем төлейді. Немесе ең озық қолжетімді технологияны енгі­зіп, ластаушы кейпінен арылып, эмис­сия үшін төленетін төлемдерден боса­тылады.

 

Соңғы жаңалықтар