Тамыры тереңде жатқан тәуелсіз еліміздің төл тарихын жазуда отандық ғалымдар көп жағдайда ұлы көршілеріміз Қытай, Ресей және өзге де елдердің мұрағаттарына жүгінеді. Енді оның орны толығатын болды. Кеше Президенттік мәдениет орталығында “Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі” тарихи дерекнамалық көптомдығының алғашқы кітабының ресми тұсаукесер рәсімі өтті.
Алдымен шараға қатысушылар фойеге қойылған стендтердегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр уақыттағы жұмыс барысы сәттері бейнеленген суреттер танысты. Сол сияқты мұнда Елбасы туралы жазылған кітаптар да көпшілік назарына ұсынылыпты. Олардың арасында төрт сериядан тұратын 14 кітаптық тәуелсіз Отан шежіресі жинағы ерекше көзге түседі. Көк, қызыл және жасыл түспен көмкерілген еңбектерде тәуелсіздік алғалы бергі қабылданған ресми құжаттар мен шешімдер рет-ретімен қойылған, “Тәуелсіздік шежіресі”, “Елмен сырласу”, “Елбасы жолдады – елі қолдады” және “Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы” атты сериялармен шығыпты.
Әзірге серияның алғашқы 14 томы 2 мың таралыммен “Күлтегін” баспасынан жарық көрген. Биыл тағы 17 томы шығарылады деп күтілуде екен. Жалпы, 2015 жылға дейін оның санын 138 томға жеткізу жоспарланған көрінеді. Мәдениет министрлігінің қолдауымен шығарылған бұл көптомдықтың авторы – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков болса, ғылыми кеңесшісі – Президент Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы Махмұд Қасымбеков.
М.Жолдасбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген баспасөз мәслихатында тәуелсіз елдің тарихы бүгіннен жазылмас, онда көпті жоғалтқанымыз болар еді, дегенді ерекше айтты. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың келісімі және қолдауымен елімізде президенттік институты енгізілуі мен мемлекет тарихын зерттеу ғылыми зертханасы құрылған. Жоба авторы Елбасының алдында болған кезінде бұл идея жылы қабылданып, оның өз халқы мен Отанына қызмет ететін әрі сүйе білетін адамды дайындау үшін қажет екені баса айтылыпты.
Деректерді жинау оңай болмағандығымен бөліскен М.Жолдасбеков тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы басылымдардың парақтары болмай шыққаны да өзіндік кедергі болғандығын алға тартты. Әйтсе де осылайша ғылымға бірінші қадам жасалып отыр. Жоба авторының пікірінше, елімізде 15 мыңдай мектеп, 10 мың кітапхана, 180 оқу мекемесі бар болса, 2 мың данамен жарық көрген кітап барлығына бірдей жете бермейді.
Тұсаукесер рәсімінің мақсаты – ұлттық сананы қалыптастыру, Ұлы дала тарихын өскелең ұрпақ санасында тірілту, келешек ұрпақтың тәуелсіз Отанына деген құрмет сезімін ояту. Негізінен бұл еңбектердің еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында елін сүйген Елбасының тәуелсіз мемлекетті құруы, қалыптастыруы, елдің әлеуметтік іргесінің берігуі мен ішкі тұрақтылыққа қосқан риясыз еңбегі және өзге де қырлары жан-жақты ашып көрсетілген.
Аталған шараға Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, министрліктер мен ведомстволар өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының қызметкерлері, т.б. қатысты. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев жаңа жобаның мән-маңызы жөнінде кеңінен ой толғап, сөз сөйледі.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.