Экономика • 02 Қараша, 2020

«Жұмыртқа өндірісі субсидияға жарымай отыр»

474 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында елдегі жұмыртқа өндірісі 8 пайызға кеміді. Сондай-ақ экспортталатын өнім көлемі де едәуір қысқарды. Жұмыртқа бағасы 30 пайызға өсті. Бұл – Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының дерегі.

«Жұмыртқа өндірісі субсидияға жарымай отыр»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

Қауымдастық басшысы Мак­сим Божконың мәліметінше, 2018 жылы 560 млн жұмыртқа шетелге экспортталған. Бұл – жалпы жұмыртқа өндірісінің 10 пайызы. Былтыр экспорт көлемі 425 млн жұмыртқаны құраса, осы жылдың 8 айында 160 млн жұмыртқа сыртқа шығарылған. Яғни, көрсеткіш кеміп келеді. Әсіресе биыл ерекше құлдыраған. М.Божко мұның себебін жұмыртқа өндірісін субсидиялаудың тоқтатылуымен байланыстырады.

– Үкімет пен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Қазақстанда жеткілікті көлемде жұмыртқа өндіріледі деп, жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатты. Біз мұның салдары өндіріс пен экспорт көлемін азайтып, бағаның қымбаттауына түрткі болатынын айттық. Айтқанымыз айнымай келді. Бизнес жұмыртқа өндірісінің көлемін азайтты. Себебі бұл саладағы табыстылық төмендеді. Мәселен, соңғы үш жылда бидай бағасы екі есе өсті. Бұл өз кезегінде жұмыртқаның өзіндік құнының қымбаттауына жол ашты. Ал соңғы үш жылда жұмыртқа бағасы небәрі 20 пайызға ғана өскен. Осы­лайша жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары мемлекет тарапы­нан берілетін субсидияға ғана арқа сүйеп келді. Ал субсидиясыз на­рықтағы баға табыстылықты сақ­тауға мүмкіндік бермейді. Мұның өндіріске, экспортқа, бағаға кері әсер етіп отырғаны да сондықтан, – деді М.Божко.

Осы орайда мына бір жайтты анықтап алған жөн. Министрліктің жұмыртқа өндірісін субсидиялауды доғарғаны рас. Алайда ведомство осы жылдың сәуір айының соңында жұмыртқа өнді­рісіне субсидия беруді қайта жал­ғастыратынын мәлімдеді. Ондағы мақсат – пандемияға байланысты тығырыққа тіркелген кәсіпорындарды қолдау. Сөйтіп министрлік әуелде қабылдаған шешімін өзгертуге мәжбүр болды.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» бағдарламасында 2020 жылдан бастап жұмыртқаға берілетін тауарлық субсидияны алып тастау қарастырылған. Бұл норма 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәтте құс фабрикаларының басшыларымен, құс өндірушілердің салалық қауымдастығымен келісілген. Алайда COVID-19-дан кейін туын­даған дағдарысқа байланыс­ты 2020 жылы жұмыртқаның өзін­дік құны күрт өсті. Осыған бай­ланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндіру­ші­лерді қолдауды және өнімнің бірлігіне субсидиялау нормасын 3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін төмендете отырып, «азық-түлік жұмыртқаларын өндіруді субсидиялау» бағытын сақтауды ұсынды. Үкімет құс өсірушілерді қолдап, жұмыртқаның өзіндік құнын төмендету үшін 5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы айналым қаражатын то­лықтыру үшін жеңілдетілген қаржы алу мүмкіндігі берілмек», – деп хабарлаған еді сол кезде министрліктің баспасөз қызметі.

Осылайша жұмыртқаны субсидиялау екі есе қысқарды.

– Мемлекеттің агроөнеркәсіп секторына қатысты саясатының бас­ты мақсаты – жұмыспен қам­ту, азық-түлік қауіпсіздігі, экс­порттық табыс және  халықты қол­жетімді әрі сапалы өніммен қам­тамасыз ету. Өкінішке қарай, бұл жерде бизнес пен мемлекеттің мүддесі әрдайым сәйкес келе бермейді. Өйткені ашығын айту керек, бизнестің көздегені – табыс табу. Табыстылық жоғары болса, жұмыс жүреді. Кәсіпкер қыруар қаржы құяды. Ал табыс болмаса, бизнес тұралайды. Мұның соңы адамдарың жұмыссыз қалуына, бюджетке түсетін салықтың қыс­қаруына, өндірістің кемуіне алып келеді. Сондықтан ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы мемле­кет­тік бағдарламалар бірінші кезек­те бизнестің табысты­лығына бағ­дарлануы керек, – деді қауым­дастық басшысы өткен аптада «АӨК саласындағы ТОП-100 проб­лема және оларды шешу жолдары» атты ауқымды жиында.

Оның пікірінше, табыстылықты арттырудың түрлі жолы бар. Бі­рін­шіден, шығындарды азайту керек. Шығынды сапасыз өнім есе­бінен азайтуға болады. Бірақ бұл адамгершілік тұрғысынан дұрыс емес.

Екінші жол – жаңа технологияларды енгізу. Бізге керегі де осы. Бұл жағынан инвестициялық субсидия қарастырылған. Сол секілді өнімді тікелей субсидиялау тетігі керек. Мемлекет тарапынан бизнестің табыстылығын кепілдендіретін арнайы тетік болуы қажет. Сонда қаржы ұйымдарының ауыл шаруашылығы құрылымдарына де­ген сенімі артады.

Алайда М.Божконың айтуынша, қазір жұмыртқа өндірісі мемлекет қолдауынан толықтай тыс қалып отыр.

– Ішкі нарықты ретке келтіре алмай келеміз. Делдалдар мен сатушылар жұмыртқа өндірушілерге қарағанда көп пайда тауып отыр. Ресеймен, Беларусьпен бәсекеге түскіміз келеді. Алайда Беларусь елінде кәсіпорындардың бәрі мемлекеттің меншігінде, ал Ре­сей­де түрлі деңгейде қолдау шаралары қарастырылған, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жыл басындағы мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда жұ­мыртқа өндірушілерге 75 млрд тең­ге субсидия берілген. Осы аралықта құс фабрикаларының өндірісі 83 пайызға артып, көрсеткіш жылына 4,3 млрд жұмыртқаға дейін жеткен. Яғни, ішкі нарықтың қамтылуы 120 пайызды құраған. Сондықтан ведомство аталған сек­торды одан әрі қолдаудың қажеті жоқ деп санайды. Бұл ретте ми­нистрлік нарықтағы ойын­шы­ларға жұмыртқа ұнтағын, меланж, ақуыз және басқа да өнім­дер шығару арқылы нарықты кеңей­туді ұсынып отыр. Мұндай бағыт­тарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

«Субсидия беруді тоқтату, жұмыртқа шаруашылығына мемлекет тарапынан енді мүлдем көңіл бөлінбейді деп кесіп айту – қате. Құс фабрикалары үшін сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғасады», деп жазылған министрліктің ресми хабарламасында.

Жығылған үстіне жұдырық де­мек­ші, биыл Қазақстанның бір­неше аймағында құс тұмауы тірке­ліп, құс саны айтарлықтай қыс­қар­ды. Бұл жағдайдың салаға төтеден тиген соққы болғаны анық.

Еске сала кетейік, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қара­ғанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыс­тар­ында құстардың өлім-жітімі тір­келген еді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғарғы патогенді құс тұмауының салдарынан 26 547 бас, үш құс фаб­рикасында 860 306 бас құс қы­рылды. Қазақстанда 46,7 млн құс бар екенін ескерсек, құс тұмауы­нан қырылған құстың үлесі 1,8 пайызды құрайды. Демек, құс санын қайта қалпына келтіру керек. Әйтпесе бұл жағдай құс еті мен жұмыртқа нарығына кері әсерін тигізуі ықтимал. 

Атап өтерлігі, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының деректері сәйкес келмейді. Мәсе­лен, министрлік 2018 жылы 670 млн, 2019 жылы 1,5 млрд жұ­мырт­қа экспортталды десе, қауым­дастық 2018 жылы 565 млн, 2019 жылы 425 млн жұмыртқа шетелге шығарылды деген  айырмашылық жер мен көктей деректі ұсынып отыр. Екі мекеме бір-бірінен бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай...