Қоғам • 02 Қараша, 2020

Кеменің құпиясына қанық бойжеткен

202 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанның батыс өңірінің тұрғындары болмаса, басқа­мызға теңіз бен алып кемелер күнделікті көз үйренген көрініс емес. Көпшілігіміз тек суреттен тамашалайтын су көлігі жайлы біліміміз де таяз. Баршаға бірдей түсінікті бола бермейтін осы саланың елімізде жілігін шағып, майын ішкендер де аз емес. Теңіз техникасы және технологияларының қыр-сырын жетік меңгерген Ирма ЕГІНБАЕВА бүгінде әлемнің озық білім ордасын тәмамдап, шетелдің ғылыми институттарында тәжірибе жинап, Норвегиядағы ірі кәсіпорнында қызмет етіп жүр.

Кеменің құпиясына қанық бойжеткен

 

Алматыдағы Қазақстан-Британ тех­ни­калық университетінің түлегі білі­мін шыңдау мақсатымен «Болашақ» бағ­дарламасы арқылы Ұлыбритания­ның Newcastle университетіне аттанды. Ма­гистратураны аяқтаған соң, университет ұсынған грантпен докторантураға түсіп, тағы 3 жылға оқуын жал­­ғастыр­ды. Ғылыми дәрежесін алған Ирма­ның алдында талай мүмкіндіктерге жол ашыл­­­ды. Әуелі Швециядағы Chalmers Uni­ver­sity of Technology оқу ордасында ғы­лы­ми зерттеуші болып қызмет етті. Ондағы жұмысының басты мақсаты – ке­мелердің жылдамдығын қалай арт­тыруға болатынын анықтау мен олар қол­данатын жағармайлардың және бояу­дың экологияға әсерін азайту болды.

«Мұхитта, не теңізде жүзетін кеме­лер­дің су астындағы бөлігі арнайы бояу­мен сырланады. Бұл сырт көзге ке­меге сән беріп тұрғандай көрінеді. Алай­да мұндай химиялық заттың теңіз түбін­дегі организмдердің өсуіне кедергі кел­тірмеуін қадағалауымыз керек. Өйт­кені кейбір бояулар өте зиянды. Біз зертханада сол бояуларды жағып тәжі­рибе жүргіземіз. Одан бөлек, зерттеу ке­зін­де кемеге түрлі жылдамдық беріп, қан­ша жағармай кеткенін, одан ауаға қан­ша көмірқышқыл газы бөлінетінін есеп­тейміз. Қазір Еуро­пада экология мә­се­­лесіне үлкен мән беріліп отыр. Сол се­бепті осы саладағы зерттеу жұмыс­та­рына да сұраныс өте жоғары», дейді жас ғалым.

Ирманың ғылымдағы жолы оны был­­­­­тыр бояу өн­ді­рісіндегі әлемдік алып ком­панияға – Норвегияның Jotun химия­лық кәсіпорнына алып келді. Осыған дейін зерттеу инсти­тут­тарының базасында жа­саған жұмысын енді ол өнеркәсіпте сынап көреді.

Жаңадан мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын таңдауға Алматыға келген жас түлектің дәл осы мамандықты таң­дауы да қызық. Қазақстан-Британ тех­ни­калық уни­верситетінде Теңіз тех­ни­касы маман­дығының таныстырылы­мын көрген Ирманың бұл салаға деген қы­зы­ғушылығына сол 2004 жылдан бас­тап Каспий қайраңының игеріле бас­­тауы туралы ақпарат түрткі болған екен. Презентация кезінде Каспийде қол­­­данылатын техниканың алуандығы зерт­­­теушіні бірден баурап алса керек. Сол кездегі жаңашылдыққа деген құш­тар­­лық оны шетел асырып, елінен жы­рақ­та қызмет етуіне себеп боларын өзі де білген жоқ-ты.

Өзге елде білім алған адамның өз Ота­ны мен шетелдік тәжірибені тал­дап, са­ра­лайтын әдеті емес пе?! Озық үлгісін туған жеріне алып келгісі келе­тіні де түсінікті. Тура сол секілді Ирма Егін­баева­мен әңгімеміздің ауаны біртіндеп білім, ғылым сапасына ауысты.

«Ең алдымен, шетелде оқыған адам ағылшын тілін жетік меңгеруімен оқ бойы озық тұрады. Себебі ірі зерттеу жұ­мыс­тарының көбі ағылшын тілінде жа­зылған. Бұл кез келген ғалымның білім көк­жиегін еселеп, зерттеу жұмысының ауқымын кеңейтеді», дейді ол. Одан бө­лек дамыған елдерде ғылымның қо­ғам­­ды ілгерілетудегі орны мен рөлі әлде­­қашан айқындалып қойғанын айтады. Бұл бізге де енді келіп жатқанын ескерсек, отан­дық зерттеушілердің жұ­мысы енді бас­талып жатыр. Ғылыми қауым­дастықтың қалыптасуы да саланың дамуына үл­кен ықпал етеді. Сондай-ақ зерттеуші ең үлкен артықшылық деп академиялық орта мен өнеркәсіп ара­сын­дағы жолға қойылған серіктестікті атады.

«Мұндай байланыстың нәтижесінде зерттеу жұмыстары нақты бір мәселені шешуге бағытталады. Мәселен, бір компания ғалымдарға белгілі бір туындаған проблеманы шешу үшін немесе бар технологияны дамыту мақсатында грант беріп отырады. Сол қаражат зерттеу институттарындағы қызметкерлердің нақты бір дүниені толығымен зерттеп, ертең тәжірибеде адамзат игілігіне қолданылатын шешімдер ұсынуына кепілдік береді», дейді И.Егінбаева.

Кейіпкеріміз жаныңда жақындарың­ның, шүйіркелесіп әңгіме айтатын құрбы-құрдастарыңның болмауы және туған жерге деген сағыныштың – шетелде білім алудың ең үлкен кемшін тұсы екенін  баса айтты.

Ғалымдардың оқуда, тәжірибе кезін­де кездесетін қиындықтары да көп. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген мақалдың тегін айтылмағанын бүгінгі кейіпкеріміз Ирма секілді зертханада көп уақыт өткізетін зерттеушілер растай алады. Ғылымның өзі сан мәрте қате­лесіп, соңында дұрыс шешім табу­ды білдірмей ме? Бұл процесте сала тура­лы біліміңнен бөлек, дер кезінде шыдам­ды­лық, табандылық таныта білуің де маңызды.

«Зертханада тәжірибе жасайтын зерт­теушілерге ортақ қиындық көп. Жылдар бойы бір экспериментті қайталай беру де табанды мінезді талап етеді. Кейде зерт­теу жүргізетін құрылғың істен шы­ғып, жоба жоспарының күл-талқанын шығарады. Немесе зерттеу нәтижесіне сенімді болу үшін бір тәжірибені бірнеше қайтара жүргізуіңе тура келеді. Соңында эксперимент аяқталғанда деректерді түйіндеу ең қиын кезең болуы мүмкін. Себебі барлығын қағазға түсіру керек. Ол үшін түрлі бағдарламалар мен теорияға сүйенесің. Зерттеушінің лабораторияда­ғы жұмысы қызықты болып көрінгенімен, оның артында қаншама еңбек пен табанды жұмыс болады. Сол себепті де ісіңе деген сүйіспеншілік пен қызығушылықтың болуы жобаны жарты жолда тастап ке­туіңе жол бермейді», дейді И.Егінбаева.

Еліміздің ғылым саласына шетел­де жүрген зерттеушілеріміздің жанашыр­лықпен қарайтыны белгілі. Ирма да бұл мәселенің ара-тұра ойына оралатынын жеткізді. Осындай сәттерде елдегі ғылымды дамыту үшін нағыз кәсіби мамандарды көбейту керек екенін айтып қалды. Өз елімізде тәрбиеленетін зерттеушілермен қатар, өзге елде оқыған отандастарымызды жиған-терген білімі­мен елге қай­тарса дейді. «Болашақ» се­кілді шетел­де білім алуға мүмкіндік бе­ретін бағдарламалардың осыған ықпал ете­тінін атап өтті. Өзінің де болашақта мол тәжірибе жинап елге қайтып келуі мүмкін екенін айтады. Одан бөлек Ирма жоғарыда айтқан академия мен өнеркәсіп арасындағы байланыстың жоқтығы ғылым саласының дамуына кедергі болады деген пікірде.

«Біздің елде ірі компаниялар мен оқу-зерттеу институттары өз бетінше өмір сүреді, арада еш байланыс жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру керек. Мәселен, ғылыми зерттеу жүргізгісі келетін өнеркәсіп осы жұмысты университеттерге сеніп тапсырса, сол жобаларды қаржыландырып отырса нәтижелі жұмыс жүргізуге болады. Бұл ғылым саласын ғана емес, жалпы Қазақстанның беделін арттырып, елдегі бірнеше саланың қатар дамуына ықпал етеді», деп атап өтті ол.

Ғылыми зерттеу жұмысымен айна­лысуға барлық мүмкіндік бар Еуропада қызмет етіп жүрген адамның өз Отаны­на қайтуына түрлі себеп болады. Оның бірі елдегі ғылым саласын дамытсам деген ізгі ниеті болар. Ирма да жоғары оқу ор­­нында немесе өнеркәсіпте ғылыми жұ­мысын жүргізуге мүмкіндік болса, елге қай­туға дайын екенін айтады. Осы секілді өзге де жас ғалымдарды Қазақстанда қы­зықтыратын мүмкіндіктердің көбейіп, қыз­метіне тұсау болатын кедергілердің азаятын күні алыс емес деп күтейік.