Аймақтар • 02 Қараша, 2020

Вирусқа қарсы шаралар күшейтілді

337 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Covid-19» короновирус инфек­циясы Шығыс Қазақстанда күрт көбейіп, облыстың бас сани­тар дәрігерінің кезекті қау­лысымен бірқатар шектеу шарасы енгізілді. Қойылған талаптардың орындалуын қа­дағалау үшін жер-жерлерде рейдтер ұйымдастырылған. Об­лыс тұрғындары үшін медици­налық маскалар, қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті. Соған қа­ра­мастан соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен 24 нау­қас тіркелген.

Вирусқа қарсы шаралар күшейтілді

 

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы мамандарының айтуын­ша, Шығыс Қазақстанда ПТР-тесті­н жасайтын 11 зертхана бар. Та­ғы екі ветеринарлық зертхана ПТР жасауға бейімделді. Сондай-ақ Өскемен қала­сында ашылатын пуль­мо­нологиялық орталықтың өз зертханасы болады. Семейдегі жедел жәр­дем ауруханасы мен №2 қалалық ауруханада, шалғай аудандар үшін Күршім мен Үржарда қосымша зертханалар ашу көзделген. Бұлардан басқа, жекеменшік зертханалар да жұмыс істеп тұр. Барлығын қосқанда ПТР орталықтарында тәу­лігіне 11 мың тест жасауға болады.

Осындай шараларды қолға алған облыс басшылығы ықтимал коронавирус инфекциясының алдын алуға күш салып отыр. Індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда ауыртпалықтың көбі тағы да дәрігерлерге түседі. Сол үшін де олардың өміріне қауіп төн­беуі, қорғаныш құралдарымен қам­тылуы, вирусты жұқтырып алмауы аса маңызды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының хабарлауынша, өңірде медицина қыз­меткерлеріне берілетін қорғаныш құралдары жеткілікті. Ешқандай тап­шылық жоқ. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының өз қорында бүгінгі таңда 3 млн бетперде мен 100 мыңнан астам қолғап бар. Айта кетейік, бұл ауруханаларға берілген құралдардан бөлек қор.

Сонымен қатар әр емдеу ұйы­мы өздеріне бөлінген қаржыға қо­сым­ша құралдар сатып алуда. Қазір басқарма өңірдің жеке кәсіп­­керлерінің қолынан шыққан, бір­неше рет пайдалануға болатын қор­ғаныш киімдерін сатып алған. Бұл костюмдердің ерекшелігі сол, жуып қайта киюге өте ыңғайлы.

Аты жаман індеттің алғашқы ке­зеңінде елде дәрі-дәрмек тапшылығы бол­ғаны да белгілі. Ақ халаттылардың пікірінше, індет таралған сәтте әлем дәрі­герлерінің қолында емдеудің нақ­ты тәсілі мен құралы болмады. Дәрі тапшылығының орын алуына бір жа­ғынан сол да себеп болды. Ал ғалым­дар да кешенді зерттеу жасап, жаңа вирустың гені мен модификация­сын тануға уақыты болмады. Тек же­ке-жеке зерттеулер нәтижесінде ем-шаралар жасалды. Емдеу хаттамасы 13 рет өзгерген көрінеді. Шы­ғыс Қа­зақстанда бұл кезеңде дәрі тапшы­лы­ғын шешу үшін дәріханалар мен дәрі қоймаларының виртуалды желісі жа­салды. Бұл дәріні тез табу мен жет­кізуге көмектесті. Ал қазір өңірде дә­рі-дәрмек жеткілікті. Облыстық ден­сау­лық сақтау басқармасының мәлі­метіне сүйенсек, қоймада екі айлық қор жинаулы тұр.

Коронавируспен күресу мен оны емдеу мақсатында көктемде бі­лім алған дәрігерлердің білімдері де же­тіл­­дірілді. Дәрігердің білімін жетіл­ді­рудегі мақсат – науқастарды дереу анықтап, ауруды асқындырмай ем жасап, алғашқы медициналық-санитар­лық көмек көрсетуге үйрету еді.

Шығыс Қазақстан дәрігерлері пан­демия кезінде Zoom платформасы ар­қылы медициналық университет пен министрлік мамандарынан білім алып, коронавирусты емдеудің жолдарын үйренді. Содан жергілікті медмамандар адамзатқа бейтаныс вирусты емдеу үшін ауыл дәрігерлеріне арнайы нұсқаулықтар дайындады. 45 парақтық жекелеген клиникалық хаттамалардан 15 бетке сыятын нұсқаулық да­йындалып, аудандағы бас дәрігерлерге жіберілді. Әрі қарай бас дәрігерлер санитарлық құжатты оқып, қол астын­дағы дәрігерлеріне түсіндірді, төсектік орындар дайындады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демеуші ме еді. Дә­рі­герлер дайындықтан өткенімен, ха­лық арасында санитарлық талаптарды сақтау қиындық туғызып тұрған сияқты. Мысалы, Семейде соңғы бір айда санитарлық шектеулерді бұзуға бай­ланысты 48 хаттама толтырылып,
1 млн 652 мың теңге айыппұл салынған екен.

Қазір қалада 10 мобильді топ құ­рылып, күні-түні тексеру шараларын жүргізеді. Семейде әсіресе жиын-тойлар тоқтамай тұр. Кейбір мейрамхана иелеріне қатысты әкімшілік істер сотқа жөнелтілген. Облыстың бас сани­тариялық дәрігерінің қаулысы бойынша қазанның 17-інен бастап қарашаның басына дейін карантиндік шектеулер күшейтілген. Бұрын жабық базарлар мен сауда үйлері сенбі, жек­сенбіде белгілі талаптарға сәйкес жұ­мыс істеп келсе, енді демалыс күн­де­рі жабық болады. Сонымен қатар қа­­лааралық, ауданаралық автобустар қоз­­ғалысы да тоқтайды. Тұрғындар мас­ка тағып, әлеу­меттік ара қашықтық сақ­тауға мін­детті.

– Жиналып алып құдалық, той өткізуге болмайды. Өкінішке қарай мұн­дай шаралар болып жатыр. Біз де естіп жатырмыз. Кейінгі кезде жеке үйлерде, аулаларда киіз үй тігіп қойып жасап жатқандар болды. Тойханалар есік­терін жауып, қосымша есіктен кір­ген төрт-бес факт анықталып, тиісті шаралар қолданылды. Бір-екеуінің ісі сотқа жіберілді. Эпидемиялық жағ­дай қалыптасқанша қатаң тәртіпті сақ­тауға шақырамын, – дейді Семей қа­­ласының бас санитарлық дәрігері Берік Тілебалдин.

Қауіпті індеттің алдын алу мақ­сатында Абай ауданында да мо­ни­торинг­тік топ рейдке шығып, тек­серіс жұмыстарын жүргізді. Мони­торингтік топ аудандағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, бірқатарына ескерту жасады. Рейд барысында анықталғандай, кейбір тұрғындар маска тақпайды, әлеуметтік қа­шықтықты сақтамайды. Сақтық шараларын ұстанбаған аза­мат­тарға қатаң ескерту жасалып, айып­­пұл салынды. Қа­рапайым ғана са­­нитарлық ережелер дерттің алдын ала­тындығы түсін­діріл­ді.

Сонымен қатар облыс орталы­ғын­да құрылған «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері өңірдегі 300 дәріхананы аралап, дә­рі-дәрмек бағасын қадағалауға ал­ған. Ауқымды мониторинг тоғыз ай кө­лемінде жүзеге асырылып келген.

– Біз негізінен дәрі-дәрмектердің бағасын көтеріп жіберу фактілерін тек­сереміз. Шара барысында 18 жағ­дай бойынша әкімшілік хаттама тол­тырылды. Оның ішінде вирусқа қар­сы препараттар мен антибиотиктер­ге бағаны өсіру фактілері жиі кездесті. Сондай-ақ антибиотиктерді рецептісіз сат­қандарды да көзіміз көрді, – деді «Шығыс – адалдық алаңы» жоба­лық кеңсесінің басшысы Маржан Бахыт­қызы.

Ал Covid-19 инфекциясы таралмауы үшін көптеген мемлекеттік, мем­лекеттік емес мекеме онлайнға көшіп, жұмыстарын жалғастырған. Соның ішінде облыстағы Халыққа қыз­мет көрсету орталығы өз-өзіне қыз­мет көрсету бұрыштары арқылы 30 мыңнан астам электронды қызмет көр­сетіліп, 2,5 мың цифрлық кілт жа­салып, 746 адам мобильді азамат базасының қосымшасына тіркелді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша «ақылды қала» рейтингінде Шығыс Қазақстан 12-орынды 45% жетістікпен иеленсе, 2020 жылғы ал­­ғашқы жартыжылдықтың қоры­тындысында 61%-ды құрап отыр. Яғни онлайн қызмет Ха­лық­­қа қызмет көрсету орталығының жұ­мысына еш кедергісін тигізбеген.

 

Шығыс Қазақстан облысы