Өнер • 02 Қараша, 2020

Лондондағы қазақ суретшілерінің көрмесі

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық суретшілер Алмагүл Меңлібаева және Ербосын Мелдібековтің шығармалары британдық көрерменге жол тартты. Лондондық Cromwell place көркемөнер галереясына олар өздерінің өзектілігі жоғары ескі және жаңа туындыларын шығарды.

Лондондағы қазақ суретшілерінің көрмесі

Мәселен, Ербосын Мелдібе­ковтің «Трансформер» атты арт-инсталляциясы Өзбекстандағы шағын саябақ туралы сыр шер­теді. Бір қызығы, соңғы 100 жыл ішінде ол жердегі ескерт­кіш 9 рет өзгерген. Жаңа идеология қабылданған сайын монумент те жаңа кейіпке еніп отырған. Британдық сарап­шылар қазақ­стандық сурет­шінің бұл туындысын өмір­лік маңызы зор дүние деп баға­лайды. Өйткені осы жазда Ан­глияның оңтүстік-батысында орналасқан Бристоль қаласында да осыған ұқсас жағдай тіркелді. XVII ғасырда құл саудасымен айналысып, дәулетке кенелген Эдвард Колстонның ескерткішін нәсілшілдікке және зорлық-зомбылыққа қарсы «Қаралардың өмірі маңызды» қозғалысының белсенділері тұғырынан құлатты.

Cromwell place көркемөнер галереясының басқарушы директоры Престон Бенсонның пікірінше, «Трансформер» көрмедегі үздік туындылардың бірі. Оның пайымдауынша, қазір батыс қоғамында да дәл осындай жағдай, ал шетел көрермені осындай дүниелерге сусап жүр. Көп жағдайда олар қазақстандық талантты суретшілер жайлы және бітімі бөлек өнер туынды­лары туралы біле бермейді. Сондықтан Орталық Азияның бай тарихы мен мәдениеті жайлы көпшілік хабардар болуы керек.

Алмагүл Меңлібаева мен Ербосын Мелдібеков Лондонда COVID-19 инфекциясы екінші толқынының басталуына байланысты көрменің ашылуына келе алмады. Мұнда суретшілерді алматылық «Аспан» галереясы таныстырды. Қазақстанда олар 14-ке жуық ортаазиялық сурет­шінің қатысуымен жылына бірнеше рет көрме ұйымдас­тырып келеді. Бұдан былай Cromwell place галереясының мү­шесі ретінде «Аспан» галерея­сы Ұлыбритания астанасында жылына төрт рет отандық шығар­машылық өкіл­дерінің өнер­лерін көпшілік назарына ұсынбақ.

«Аспан» галереясының директоры Меруерт Қалиеваның айтуынша, шетелде біздің автор­ларға деген сұраныс жоғары. Ербосын Мелдібеков және Алмагүл Меңлібаева сияқты су­рет­­­шілердің туындылары әлем­­­дік мұражайлардың төрінде тұр. Олардың еңбектерін Лондон кө­­рер­­меніне ұсынудағы басты мақсат  – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін коллекционерлер мен мұражай кураторларына қазақ өнерін паш ету.

1

Мәселен, «Ленин шыңы» деп аталатын кәдімгі ас үйде пайдаланылатын тостақаннан жасалған өнер туындысы Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің шекарасында орналасқан тау туралы сыр шертеді. Оның құны 15 мың еуро және төрт нұсқасының үшеуі сатылып кеткен. Сатып алушылар арасында Гонконгтегі заманауи өнер мұражайы да бар.

Қарапайым көрермендер де қа­зақстандық авторлардың өнер­леріне тәнті. Олар Лондон төрінде ұйымдастырылған көр­ме­ден ерекше әсер алған­дарын жасырмайды.

 

Ғалымжан ҚАРАМАНҰЛЫ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» газеті үшін

 

Ұлыбритания