Бүгінде ел аумағында жасалатын қылмыстық құқықбұзушылықтардың 10%-ға жуығы алаятық фактілеріне қатысты болып отыр. Ақпараттық технология мен интернеттегі қаржылық операциялардың үлесі артқан сайын интернет-алаяқтың да саны артып келеді. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дегендей, қылмыс аясы кеңейген сайын оның алдын алуға барын салатын құқық қорғау органдары да барынша бейімделе түсті. Мәселен, криминалдық полиция құрылымында қылмыстың нақ осы түрімен күрес жүргізетін арнайы бөлім бар. Ендеше, интернет-алаяқтықтан зардап шеккендер санын қысқарту үшін қандай қадамдарға бару қажет? Осындай қылмыстың құрбаны болмас үшін қарапайым азаматтар нені білгені дұрыс?
«Барынша көп таралған интернет-алаяқтық туралы айтайын. Жыл өткен сайын әлемде жоғары технологиялар үсті-үстіне енгізіле түсуде. Тиісінше, азаматтардың жеке мәліметтері де киберорталарда қолжетімді бола бастады. Мұндай жайттар интернет-алаяқтардың да қызығушылығын туғызбай қоймайды. Кейінгі үш жылда қылмыстың осы түрі екі есе артқан (4000-нан 8000-ға) . Биыл еліміздің құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қатысты 1700 қылмыстың бетін ашып, 400-ге жуық заң бұзушыны қолға түсірді», дейді Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Омарбеков.
Оның айтуынша, мұндай қылмыстардың басым көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Себебі қылмыс жасалған кезде жапа шегуші мен заң бұзушының мекенжайы әртүрлі аймақта орналасады екен. Тіпті кей кездері өзге мемлекеттерде де тұрып жатады. Алайда интернет-алаяқтың құрбаны болған тұлғалардың көбісі құқық қорғау органдарына арызданбайтын көрінеді. Көп ақшадан айырылмаған соң, тәртіп сақшыларына хабарлауды жөн санамайды. Кейбір жағдайда алаяқтардың торына түскендерін де біле бермейді. Мұндай жайттар өз кезегінде қылмыскерлерді анықтап, жауапқа тартуға көп кедергі келтіреді.
Бұл кезде алаяқтар белгілі бір жайттарға тез бейімделе бастайды. Құрбандарын құрыққа түсірудің түрлі тәсілдерін, айла-шарғыларын жетілдіре түседі. Алдап соғудың өзге де амалын іздестіріп, түрлі бағдарламалар жасайды. Мұндай қылмыстардың ішінде көп қайталанатындар да бар. Заңбұзушылықтардың кең тараған түрлері мен тәсілдерін полиция қызметкерлері де жақсы біледі. «Мәселен, алаяқтар интернетте қандай да бір тауарды сату немесе қызмет көрсету туралы жарнама орналастырады. Яғни алаяқтар құрбандарын тауардың төмен бағасымен, қолжетімділігімен қызықтырады. Бұдан соң қылмыскерлер тауардың 50%-ын алдын ала төлеуді ұсынады. Төлем жасалғаннан кейін іске есепшот тіркелген үшінші тұлға араласады. Ақшаны алған соң жапа шегушіге қандай бір мәселелер туындағанын, тауардың басқа елде екені, оны елге жеткізу керегін айтады. Кейін телефон нөмірі өшіріліп, тауар да жоқ болады. Осылайша, алданып қалған адамдар зардабын өздері ғана тартуға мәжбүр», дейді Е.Омарбеков.
Соған қарамастан полиция қылмыскерлерге қарсы күрес жүргізуді, заң бұзушыларды іздестіруді, қолға түсіруді жалғастырып келеді. Мәселен, жуырда құқық қорғау оргдандары осындай заң бұзушылыққа барған төрт адамды қамауға алыпты. Олар алданып қалған азаматтарға автокөліктің қосалқы бөлшектерін жеткізіп береміз деп уәде берген көрінеді. Бүгіннің өзінде аталған қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 17 эпизод дәлелденіп отыр. Тергеу амалдары әлі де жалғасуда.
«Үшінші тұлғаларға несиені онлайн рәсімдеу дерегіне де тоқталғым келеді. Бұл заңбұзушылық кезінде алаяқ интернет-дүкен сатушысын тауып, қандай да бір тауар түріне алдын ала төлем жасау қажеттілігін ескертеді. Өз кезегінде қаражатқа барынша жылдам кенелгісі келген сатушы оған жеке деректерін, ЖСН, банктегі есепшот нөмірлерін береді. Қылмыскер оны тиімді пайдаланады. Алаяқтар осы деректер арқылы сатушының атына несие рәсімдейді», дейді Е.Омарбеков.
Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасарының айтуынша, елімізде жеке мәліметтерді пайдалану оқиғалары соңғы кезде жиілеп кеткен. Мәселен, алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, клиенттің картасында күмәнді операция жүргізілгенін айтады. Осы әрекетті бұғаттау үшін картаның артқы жағындағы 3 таңбалы санды айтуын сұрайды. Алаяқтық туралы ойлап үлгермеген адам оған тиісті мәліметті береді. Кейін алаяқ тағы да хабарласып, мәселенің шешілгенін айтады. Соңында қылмыскер интернет-банкинг арқылы жапа шегушінің есепшотындағы ақшаны шешіп алады.
Енді бір жағдайларда алаяқ кез келген нөмірге қоңырау шалып немес смс хабарлама жіберіп, тұлғаның қандай да бір конкурста жеңіске жеткенін жеткізеді. Арнайы сыйлық тағайындалғанын да айтады. Әрине, кез келген алаяқ мұндай әрекетке бара алмайды. Ол үшін қылмыскерлер мұқият дайындалатын көрінеді. Адаммен қалай сөйлесу керегін меңгереді. Ең алдымен алаяқтар өз құрбанының қай қалада не болмаса елді мекенде жүргенін сұрап-біледі. Мәселен, болашақ жапа шегуші Петропавлда болса, сыйлықты Алматыдан алып кету керектігін айтады. Алданған адам уақыты жоғын түсіндіргенде айлакер сыйлықты ақшалай алуға болатынын жеткізеді. Ол үшін алдымен жеке мәліметтерді айту керек болады. Міне, қылмыскерлер өз құрбандарының мәліметтеріне осындай жолмен қол жеткізуді де меңгеріп алыпты.
Интернет-алаяқтық арқылы қалта қағудың енді бір айла-шарғысы – тиімді салым. Қылмыскерлер жылдам әрі көп пайда табудың жолын нұсқап, әлеуметтік желілерде жарнама орналастырады. «Әлеуметтік желіде алаяқтар букмекерге ақша тігіп немесе биржаға ақша салып аз уақыт ішінде пайдаға кенелуге болатыны туралы жарнама береді. Алаяқтар спорттық шаралардың нәтижелері туралы алдын ала қандай да бір ақпаратқа иелік ететіндерін немесе ірі әрі танымал компаниялардың биржадағы акцияларының құнын білетінін айтып, сендіруге тырысады. Өз кезегінде адамдар да оларға өз ақшасын сеніп тапсырады. Соның салдарынан алаяқтың әрекеті өз нәтижесін береді», дейді полиция полковнигі.
Оның айтуынша, қылмыскерлер мұндай әрекеттерді асқан ептілікпен жасайды. Олардың басты мақсаты – қаражатқа кенелу. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бір қылмыскердің соңында мұндай бірнеше қылмыстық тізбе қоса еріп жүреді. Айлакерлер түрлі банк есепшоттарын, пластикалық карталарды, абонеттік номерлерді үшінші тұлғаларға тіркейді. «Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау үшін ең алдымен жеке мәліметтерді ешкімге бермеу керек. Карта нөмірін, құпия сөзді айтуға болмайды. Тексерілмеген, күмәнді ақпарат көздеріне сенбеу қажет. Бүгінде қандай да бір ұйым немесе компания туралы мәліметті интернет арқылы тез тексеруге болады. Сондықтан қаражат аудару, мәлімет беру кезінде асығыстыққа бармаған жөн. Зерттеп, тексеріп алмай тауарға алдын ала төлем жасаудың керегі жоқ. Жалған жарнамаға сене беруге болмайды. Бейнеқоңырау шалу арқылы тауардың бар-жоғын анықтап алған дұрыс», дейді Е.Омарбеков.
Сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің айтуынша, күмәнді келісімдер кезінде ақша аударудың керегі жоқ. Қаржы алаяқтарынан барынша сақ болу қажет. Сақтық шараларын бірінші орынға қоюды ұмытпаған жөн. Құпия сөзді үнемі ауыстырып отырған да артық етпейді. Бұл қадам жеке мәліметті басқа адам пайдаланбауы үшін керек.
Мұны неге айтып отырмыз? Себебі жеке мәлімет берудің кесірі көп жағдайда ірі көлемдегі қаржылай шығынға батырады. Мәселен, Түркістан облысында Айгүл Үсенбекова есімді азаматша «Evolution Corporation» интернет дүкенінің атын жамылып, мыңдаған адамның қаражатын қалтасына басқан болатын. Бұдан хабардар болған құқық қорғау органдары қылмыскерді ғана емес, осы компанияның құрылтайшыларын да қамауға алды.
Түркістан облысының полиция департаменті аталған компанияның жұмысына қатысты тергеу амалдарын бастапты. Қылмыстық кодекстің 217-бабы аясында «қаржы пирамидасын ұйымдастыру» фактісі бойынша қылмыстық іске тергелуде. Пирамида құруға қатысы бар барлық тұлғалар анықталыпты. Алаяқтардың кесірінен 800-ге жуық азамат зардап шегіп, келтірілген залал көлемі 1 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр. «Кибер алаяқтыққа қатысты барлық материал құқық қорғау органдарындағы тергеу бөлімшелерінде қаралады. Ішкі істер министрлігінің құрылымында кибер қылмыспен күрес жүргізетін орталық бар. Республикалық маңызы бар ірі қалалар мен облыс орталықтарында бөлімдер мен арнайы топтар қызмет атқарады. Олар осындай қылмыс түрлеріне қатысты тергеу амалдарын жүргізеді. Интернет-алаяқтарды әшкерелейді», дейді Е.Омарбеков.
Төтенше жағдай кезінде елімізде табыс көзінен айырылған азаматтарды қолдау мақсатында 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілгені белгілі. Төтенше жағдай режімі аяқталғаннан кейін әлеуметтік көмектік те тоқтаған болатын. Алайда адамдардың сенімін пайдаланып, тағы да 42 500 теңге беріледі деп хабар таратып жатқан интернет-алаяқтар бар көрінеді. Бұл жайтты құқық қорғау органдары да растап отыр. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында осындай қылмысқа барған 3 азамат қамауға алыныпты. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Иә, еліміздің құқық қорғау органдары жыл басынан бері жасалған 8000-ға жуық интернет-алаяқтықтың тек 21%-ын (1700 қылмыс) ғана аша алды. Оның өзіндік себебі де бар. «Интернет-алаяқтықты әшкерелеу аса қиын жұмыс. Қылмыскерлер жасырын әрекет етудің тәсілдерін әбден меңгеріп алған. Жалған телефон нөмірлерін, жалған серверлерді пайдаланады. Көп жағдайда бізге мұндай алаяқтарды қолға түсіру үшін интернет-провайдерлер орналасқан АҚШ, Ресей, Қытай, Германия елдеріне халықаралық сұраныс жасаймыз. Сондықтан мұндай процестер өте ұзақ жүреді. Көп уақыт кетеді. Әрине, қылмыстың тез ашылғанын біз де қалаймыз. Заң бұзушылыққа барған тұлғаларды тездетіп қамауға алғымыз келеді. Бүгінгі цифрландыру жұмысының қарқынына қарап болашақта мұндай қылмыстардың беті жедел ашылады деген сенімдемін», дейді Е.Омарбеков.