Экология • 03 Қараша, 2020

Келер жылы да су жіберіледі

412 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше редакциямызға Павлодар облысының Құрметті азаматы Әбілхақ Түгелбаев хабарласып, сүйінші сұрады. Осы жылдың қыркүйек айында «Egemen Qazaqstan» газеті көтерген мәселе жартылай болса да шешімін тауыпты. Ол газет ұжымына, осы іске атсалысқан халық қалаулыларына өңір халқының атынан алғыс айтты.

Келер жылы да су жіберіледі

Естеріңізде болса, 2020 жылдың 23 қыр­күйегінде келер жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды ка­на­лынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберу тоқтатылуы мүм­кін екенін жазған едік. Мұның өңірдің эко­­ло­гияcы мен экономикасына қанша­лық­ты зиян әкелетінін де тарқата айтқанбыз.

Қ.Сәтбаев атындағы каналдың салынуымен Екібастұз ауылдық аймағының аумағындағы Шідерті өзенінің ағыны табиғи жолмен реттелмейтін болды. Осылайша, Шідерті өзенінің арнасы Ертіс суын Қарағанды қаласына қарай тасымалдауға пайдаланыла бастады. Алайда мұның зияны да бар еді. Канал салынған соң Шідерті өзенінің төменгі арнасына табиғи су жіберілмейтін болды. Сөйтіп, Ақтоғай ауданының және Екібастұз ауылдық аумағының біраз жеріне қауіп төнді. Сол себепті табиғи су жайылымының өтеуі ретінде Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына компенсациялық су жіберу қарастырылды. Әр жылдардағы кідірістерді айтпағанда, осы күнге дейін жыл сайын 100 млн текше метр су жіберіліп келді. Соның нәтижесінде мал шаруашылығымен ғана айналысатын елді мекендер берекелі күн кешіп отыр.

Қыркүйек айында Павлодар өңірінің бір топ азаматы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте каналдан су жіберуге қаржы  қарастырылмағанын айтып, ел газетінен қолдау сұрап еді. 100 млн текше метр үшін шамамен 3 млрд теңгеге жуық қаржы керек екен. Осы орайда, Парламент Сенаты мен Мәжілісіндегі павлодарлық депутаттар «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан мақаланың негізінде Үкіметке, Қаржы министрлігіне хат жолдап, мәселенің одан әрі қарай шешілуіне ықпал етті.

– 2021 жылы Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына 50 млн текше метр су жіберілетін болыпты. Бұл – жылда алып жүрген судың жартысы. Осының өзіне шүкіршілік етіп отырмыз. Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева 2021 жылдың алғашқы тоқсанында бюджетті нақтылау барысында судың қалған көлеміне де қаржы қарастырылуы мүмкін екенін айтып, үміт отын үрлеп қойды. Осы орайда мәселеге араласып, ықпал еткен ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ға, Сенат депутаттары Алтынбек Нухұлы мен Нұржан Нұрсипатовқа, Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Мейрам Пішембаев, Айгүл Нұркина, Александр Сусловқа, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа, сондай-ақ осы істің басы-қасында жүрген су шаруашылығы саласының ардагерлері Алексей Баталов пен Мырзағали Ерғалиевқа өңір халқының атынан ризашылығымды білдіремін, – деді Әбілхақ Түгелбаев.

Десе де, каналдан жіберілетін 50 млн текше метр екі аудан үшін әлі де аздық етеді. Бұл көлем Екібастұз ауылдық аймағын ғана қамтуға жеткілікті. Ал Ақтоғай ауданына су жетпей қалу қаупі бар.

– Сондықтан қалған 50 млн текше метр суды да алу жайын қарастыру керек. Жылдағыдай 100 млн текше метр су жайылса дейміз. Сонда барлық елді мекен судың ырыздығын көрер еді. Бұл өлкеге су жайылмаған жылдарда тұрғындардың да, табиғаттың да қандай зардап шеккенін жақсы білеміз. Үкімет мұндай табиғи апатты қолдан жасап, қарап отырмасына сенеміз, – дейді су шаруашылығы саласының ардагері Мырзағали Ерғалиев.

«Egemen Qazaqstan» бұл мәселені назарда ұстайтын болады.