Руханият • 03 Қараша, 2020

Қазақтың жылқы түстеу және жасын анықтау ілімі

9282 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуі­рінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруа­шылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деген еді.

Сол сияқты француздың атақты шығыстанушы ғалымы, академик Рене Груссе өзінің «Дала империясы» атты еңбегінде: «Көшпенділердің жылқытану мәдениеті әлемде теңдесі жоқ ілім және далалықтар жаратылысынан ат құлағында ойнаған сарбаздар, олар ат әбзелдерін және жылқыны бағу-баптау өнерін ойлап табушылар да осылар» дегені екен. Осы орайда, халқымыздың генеалогиялық жадысына ұстын болған жылқы­тану мәдениетінің бір пұшпағы жылқы түстеу һәм жасын анықтау ілімі жайлы айтпақпыз.

Қазақтың жылқы түстеу және жасын анықтау ілімі

Жылқы түстеудің түрлері

Қазақ жылқыны үйірімен немесе жекелей түстейді. Үйірлі жылқыны түс­теу дегеніміз – оның күй-қоңын аң­ғарып, сол арқылы жылқы жатқан жа­йылым­ның шүйгіндігін байқайды. Ал жылқылар­дың түсі мен таңбасына қа­рап қай ру­дың малы, кімнің жылқысы екенін таниды.

Жылқыны жекелей түстегенде: әуе­лі өң-түріне, бөгенай-бітіміне, ат иесі мен жылқының мекеніне, табиғи бейім­­ділігіне, басқа жануарға немесе өсім­дікке байланыстырып, мінез-құлқына және ен-таңбасына қатысты түстейді.

Бір түсті жылқы. Қандай бір көл­денең түс қосылмаған тек біртекті түсті жылқы­ларды айтады. Мысалы, қара, қоңыр, жи­рен, құла, көк, торы, шабдар, сары, ақ және т.б.

Аралас түсті жылқы. Екі немесе одан да көп түсті жылқыларды айтады. Мыса­лы, алаяқ, шұбар, бурыл, бөрте, қылаң, көкшағыр, қараторы, қоңыр ала, теңбіл көк, қылаңбоз, т.б.

Бөгенай-бітіміне байланысты: торы төбел, ай қасқа, ақбақай, ақтабан, қаба жал, сары бауыр, соқыр құла, майда жал, ақжон жирен, ақсауыр, торы шұнақ, көк шолақ, қызай көк, көкжал, керкекіл, ақтанау, шұбалаң, шалқұйрық, көкмойын, меңді қара, қубас, шегір, боз өкпе, қыли сары, мақпал қара, ақсақ жирен, саржақ, кесік құлақ, т.б.

Жылқының иесі мен мекеніне бай­ланысты: Жәнібектің көкдөнені, Бай­салдың құласы, Ақанның құлагері, Ке­рекудің көкаласы, Тобықтының дөң­асары, Қар­ауылдың көкбикеші, Әбіл сары, Көк­ше торы, Бақанас жирен, Қоб­даның қоңыры, Ойылдың кері аты, Жор­тақтың торқасқасы, Керейдің ақмон­шағы, Қам­бардың қарақасқасы, Кенже­байдың шаң­тимесі, т.б.

Табиғи ерекшелігіне: көк дауыл, құ­йын қара, қой торы, бәйге көк, желді қоңыр, қамыс құла, обалы қызыл, шаң­тимес, қақпанбел, желтимес, т.б.

Жануар немесе өсімдікке қатысты: тобылғы торы, бұлан қара, аю құла, сұр көжек, сүлік қара, жылан қара, құлан торы, түлкі қызыл, тоғыс жирен, қоян көк, қазмойын, көккептер, т.б.

Мінез-құлқына қатысты: асау күрең, айналма шабдар, тістеуік құла, тебеген сары, үркек ала, жалтақай кері, қылжық қара, жуас торы, жынды шабдар, т.б.

Ен-таңба арқылы түстеу

Ерте кезде жылқыға ен салу және таңбалаудың маңызы зор болған. Таңба жылқыға күйдіріліп басылатын болса, ен құлағына қиып немесе кесу арқылы салынады. Қазақ халқының тұрмыстық ғұрпында жаңадан отау құрып, бөлек шыққан жас отбасына ауыл ақсақалдары немесе ата-анасы еншісіне мал беріп, оған жаңалап ен салып беретін болған. Ен салғанда малдың оң және сол құлағына алмастыра немесе қатар салады.

Одан кейін көктемде яғни, шыбын шыққаннан (құрттап кетпес үшін) бұрын сол жылы туған жас төлдерге ен салады. Ол үшін өте өткір шағын пышақ қол­данады. Кез келген адам ен сала бермейді. Қолы жаттыққан және арнайы құралы бар оташылар атқарады.

Ал жылқы түлігін ен-таңба арқылы түс­теудің маңызына тоқталар болсақ:

Біріншіден, қазақтың әр ру-тайпа­ларында өздеріне тән жеке-жеке таңбасы болған. Енді малдың құлағына салса, таңбаны жылқының мінер жақ санының ортасына таман қалың етіне сыртынан күйдіріп басады. Көлденең адамдар жылқының таңбасына қарап қай ру­дың, кімнің малы екенін айтпай-ақ біле береді.

Екіншіден, үлкен рудан бөлініп жеке шыққан шағын аталықтар ру ақсақал­да­рының ұйғаруымен жеке таңбаға ие болып, өздеріне меншік ретінде ен­ші­леп алған малдарына басатын дәс­­түрді ұстанған. Осыған қарағанда таң­ба көшпенділер үшін геральдикалық ма­ңызға ие.

Үшіншіден, ертедегі жаугершілік за­манда ел шетіне жау келсе хан жар­лы­ғымен ел қорғайтын әскери жасақ үшін елден жылқы түлігін жинап қорда­ластырған. Осы шаруаны орындаушылар жылқылардың таңбасына қарап қай рудан қанша жылқы жиналғанын біліп отырған.

 

Жылқының жасын анықтау жолдары

Жылқы түлігі бағым-күтіміне және өмір сүрген ортасына байланысты орташа есеппен 25-30 жылға дейін жасайды. Бірақ дала жылқысы 17-20 жастан асқан соң кәрі деп есептеледі. Қазіргі таңда жылқы жасын анықтау қиындық тудырмайды. Өйткені, жаңа туған құлындар заң жүзінде төлқұжатпен қамтамасыз етілуде.

Ал бұрынырақта қазақ жылқышыла­ры жылқының жасын: атауларына, түр-түс пошымына және тісіне қарап анықтайтын дәстүр болған. Жылқы атауларына қатыс­ты жас анықтау:

Құлын – биенің жаңа туған жас төлі.

Жабағы – туғанына алты айдан асқан құлын.

Тай – екі жасқа толған жылқы.

Құнан – үш жасар еркек жылқы.

Байтал – үш жасар ұрғашы жылқы.

Дөнен – төрт жасар еркек жылқы.

Бесті ат – бес жасар жылқы.

Сақа ат (айғыр) – 7-10 жасар.

Кәрі ат – 12 жастан жоғары.

Қасабалы бие – 7- 8 жастағы бие.

Кәртамыс бие –11-14 жастағы бие.

Жасаған бие – 20 жастан асқан.

Сәурік – 3-4 жастағы үйірге түспеген айғыр.

 

Жайылымдағы жылқы жасын анықтау

Дала жайылымында жатқан жылқы­ны сырт-пошымына қарап-ақ жасын мөл­шерлеп анықтауға болады.

Кәрі жылқының жал-құйрығы білте­леніп, селдіреп кетеді.

Он-он бес жастан асқан жылқының ерін-езуі мен жақ еті шалбарланады. Осы шалбар-қыртыстарға қарап жасын анық­тауға болады.

Жылқының жақ етін шымшып бұра­ғанда еті болбырамай орнына тез жиналса, бұл 6-8 жасар жылқы.

Жылқының жақ еті үрлеген қарындай тырсиып, сыздап тұрса, бұл 15 жасқа жетпеген жылқы.

Егер жылқының көзі ажарлы, отты, қарсы алдынан қарағанда көз шарасының ішіндегі адамның суреті толық көрінсе, бұл 10 жасқа жетпеген жылқы.

Он жастан асқан жылқының жанары өшкін, ажарсыз, көз шарасындағы адамның бейнесі бұлыңғырланып, жарты денесі әрең көрінеді.

 

Тіс арқылы жылқы жасын анықтау

Тісі бүтін жылқы жақсы жайылады, жеген шөбін толық қорытады, қоңы таймайды, суыққа төзімді, берік келеді.

Жасы жеткен еркек жылқыда 40 тіс болады. Оның 12-сі астыңғы және үстіңгі маңдай тістер (шөп жұлар), 4-і сояу, 24-і алқым азу деп аталады. Биелерде 36 тіс (биеге ат азу яғни, сояу тіс шықпайды) болады. Жылқының тісін сүт тіс және сүйек тіс деп екіге бөледі. Сүт тістің өңі аппақ көлемі кішкентай, сүйек тістер сарғыш әрі үлкен, мөрлері терең болады.

Маңдай тістерді: қасқа тіс (ортадағы екі тіс), ішкі тіс (қасқа тістің екі жағын­дағы) және шеткі тістер деп бөледі. Құ­лын алғаш туғанда тісі болмайды. Қас­қа тістері екі апта ішінде өседі. Ішкі тістері 45 күннің ішінде толық шығады. Шеткі маңдай тістері 9 айдың көлемінде өседі. Осы аралықта үш азу тіс шығып үлгереді. Тоғыз айлық құлынның барлық сүт тістері (24 тіс = 12 маңдай + 12 азу) өсіп үлгереді. Екі жасқа дейін сүт тісімен жүреді.

 Өйткені, төрт түліктің ішінде тек жылқыда ғана асты-үсті маңдай тістер болады. Жылқы тайында тісемейді. Құнанында ортаңғы 2 тіс түсіп, асты-үстінен екі-екіден 4 қасқа тіс көктеп шығады. Бұл тісеу барысы шілде мен қазан айы аралығында болады.

Дөнен шыққанда асты-үстінен екі тіс түсіп, тағы 4 тіс көктеп шығады. Бестісінде астыңғы ат азу деп аталатын жалғыз сояу – шеткі тіс пен алқым азу­дың аралығын жарып шығады. Алты жасында үстіңгі ат азу жарады. Үстіңгі ат азу астыңғы сояу тістен қысқа болады. Жылқының сояу тісі 12 жасқа дейін өткір келеді.

Кейбір жылқыларда өте сирек кез­десетін қос азу жарады. Мұндай жылқыны «ны­саналы» дейді. Азу жарған биелер де кездеседі. Мұндай биелер көбінде қысыр қалады, атқа бергісіз болады. Мұндай бедеуді қазақтар жауынгерлік сайысқа салатын болған.

Ал шәргез жылқылар тісін тісі­не басып жүретіндіктен және көп тісте­сетіндіктен тісінің мөрі ертерек өшеді. Сол сияқты қолдан көп жем жеген жыл­қының алқым азуы ерте кетеді.

Жылқының үстіңгі азу тісі түбірлі, бет жағы төртбұрышты болып келсе, астыңғы азу аша пішінді, кірпіш бейнелі болып келеді. Жылқы өскен сайын маңдай тістерінің түсі мен түрі өзгереді. Мысалы, маңдай тіс ауыз қуысына қарай имек орналасады да, сыртынан ұзын оймыш байқалып тұрады.

Жылқының жасы ұлғайғанда тісі сыртына қарай ойысып, арасы алшақтайды, сауыты аласарады, пошымы өзгереді. Тістің жұлар беті тозғындайды.

Жылқының жасын – сүт тістің сүйек тіске ауысуы, сүйек тістің мүжілуі, тістің сыртқы шыны қабатының өшірілуі, тісеуі, өсуі, өң-түсінің өзгеруі, мұқалуы, мүжілуі, омалуы, тіс қатарының алшақ­тауы, тістің мілікпен (қызыл еті) жымдасуы, етінің семуі, қашуы, жұлар тістің мөрі, қазынағы, өңездің тоқтауы, маңдай тістің сыртқы бетіндегі шұңғыл өңезді, тіс мөрінің өзгеруіне қатысты анықтайды.

Құлыннан бастап жылқы тоғыз жасқа толғанға дейін астыңғы тісінде мөр тұ­рады. Ал үстіңгі жағында 13 жасқа дейін мөр тұрады. Мөрі кеткен тіс сары­қай­рақтанады. Яғни тістің мөрі ке­тіп, тіс жалаңаштанады. Осы жалаңаш тіс жоғалған соң тісте қараөзек пайда болады. Қараөзек бір қарағанда мөр сияқ­ты бірақ бедері болмайды. Осындай жыл­қыны қараөзегі айналған кәрі дей­ді. Қа­раөзек әуелі астыңғы тіске 4-5 жыл­дан соң үстіңгі тіске түседі.