Руханият • 03 Қараша, 2020

Әнші есімі ұлықталса игі

692 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 30 шілде күн­­гі №144 санында жарияланған журналист Қазбек Құт­­тымұратұлы­ның «Ғарифолланың есімі тізімге неге кір­меді?!» атты мақаласын оқып, қолыма қалам алып отыр­мын. Жоғарыдағы жазбада айтылғандай, әйгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі, 1934 жылы Алма­ты­да өткен халық көркем өнерпаздарының бірінші бүкіл­қазақ­стандық слетінің дипломанты Ғарифолла Құрман­ға­лиевтің тізімнен сызылуы кездейсоқ жіберілген қателік емес деп ойлаймын.

Әнші есімі ұлықталса игі

Ән бар – әнші бар. Әншінің шеберлігі – әнді халықтың жүре­гіне ұялататындай етіп орындауына байланысты екендігі даусыз аксиома. Ендеше, Ғари­фол­ланың кемеліне келтіре орын­даған «Ай­нам­көз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жор­ға», «Он алты қыз» т.б. ха­лық ән­дерінің орындау стилі бұзылмай бүгінгі күнге жет­кендігі осы Ғаре­кеңнің арқасы емес пе?!

Қазақ өнерінің тарихында Е.Бру­с­­иловскийдің «Ер Тар­ғын», «Айман – Шолпан», «Қыз Жі­бек», М.Төлебаевтың «Бір­жан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Ха­мидидің «Абай» операларында күрделі пар­тиялар­ды алғаш рет шыр­қаған да осы Ғарекең.

Ғарифолланың әншілік орын­­дау шеберлігін қайталауға бо­латын шығар, бірақ асып түсу мүм­кін емес деген ойдамын. Оның орындаған ән­дерінен нағыз қа­зақтың бол­мыс-бітімін көруге бо­лады. Ән орындағанда даусы Алатаудың биік шыңынан асып шексіздікке сіңіп жатқандай се­зімге бө­ленесіз. Көз алдыңа қа­зақ хал­қына тән буырқанған дауылды теңіз, жұлқына шапқан ат, жайылған шексіз сары далада толқыған ақ селеу мен аң­қы­ған жу­сан иісі елестеп, еріксіз сезім тудырады. Сыңсу жоқ, құл­­­шын­ған қайрат пен алып күш бай­қалады. 

Заманымыздың көрнекті му­­­зыка маманы, композитор Нұр­ғи­са Тілендиев өзінің бір ес­телігін­де Ғарифолланың аузынан естіген: «Мен әнді Мұ­хиттың немере­сі Шайқының атына мінгесіп жү­ріп, дәл өзі­­нен үйрендім» дегенін айта­ды. Де­мек, Ғарифолла әнші Мұхит­тың өнерін дәл бастау-бұ­ла­ғы­нан үйреніп, бү­гінгі ұр­пақ­­қа жалғастыратын ән­шілер тобын тәр­биелеп,ізб­а-­сарларын дайындап кеткені.

Әншінің төл шәкірттерінің бірі Бөрібай Картен алғаш рет Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында Қамбар Медетов атын­дағы өнер мектебінің қа­быр­ғасында дәстүр­лі әншілер сы­ныбын ашып, әнші мұрасын жал­ғастырса, дәстүр­лі әншілер Сәу­ле Жанпейісова, Айгүл Қо­са­нова т.б. сахна төрінде Ға­ри­фолланың әншілік өнерін да­­­мытуда. Міне, сол себепті ма­­­қала авторы көрсеткендей ұлы­­­­ларды ұлық­таумен айна­лы­сатын тиісті мекемелер мен жа­уап­ты адам­дар газетте кө­те­рілген ұсыныстарды ес­ке­ріп, тізімді толықтырып, ха­лық пікі­ріне де құлақ асып отырса дейміз.

 

Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,
өлкетанушы