21 Қараша, 2013

Ер есіміне елі қанықты

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

IMG 0229Жақында Сырым ауданы, Жымпиты ауылындағы Жеңіс күніне арналған мемориалдық алаңның алдында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлесіміз Хұси Жұмағалиевті қайта жерлеу рәсіміне арналған қаралы жиын өтті. Халықаралық дәрежедегі шараға аудан басшылығынан бөлек, Х.Жұмағалиевтің ұрпақтары – Т. Жұмағалиев,       Г. Жұмағалиева және жерлес ардагерлеріміз У. Қасмұханов пен Қадыр Ғайсин қатысты.

IMG 0229

Жақында Сырым ауданы, Жымпиты ауылындағы Жеңіс күніне арналған мемориалдық алаңның алдында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлесіміз Хұси Жұмағалиевті қайта жерлеу рәсіміне арналған қаралы жиын өтті. Халықаралық дәрежедегі шараға аудан басшылығынан бөлек, Х.Жұмағалиевтің ұрпақтары – Т. Жұмағалиев,       Г. Жұмағалиева және жерлес ардагерлеріміз У. Қасмұханов пен Қадыр Ғайсин қатысты.

Хұси Жұмағалиев – 1909 жылы Жәнібек ауданы жағында дүниеге келген. Ардагердің өмір жолында Жымпиты елінен ойып орын алуы оның бала кездегі ұстаздық қызмет ету арманының жүзеге асуымен тікелей байланысты. Х.Жұмағалиев 1937 жылы Жымпиты орта мектебіне (қазіргі жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп) жолдамамен мұғалімдік қызметке келді. 1939 жылы Мәскеу қаласында, ауыл мектебін абыройлы қызмет арнасына салғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Х.Жұмағалиевті «Құрмет Белгісі» орденімен марапаттады.

Қызмет жолы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, 1942 жылдың аяқ шенінде соғысқа аттанған жерлесіміз осыдан кейін хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енді. Тек, 2012 жылдың тамызында ресейлік «Феникс» атты оқушылардың іздеу тобы тапқан мүрденің кеудесіндегі «Құрмет Белгісі» орденінің нөмірі Мәскеу арқылы анықталып, ол сүйектің Хұси Жұмағалиевтікі екендігі нақтыланды. Ол «Курск иіні» шайқасында қаза тапқан екен.

Осы дерекпен Х.Жұмағалиевтің қаза тапқан жері – Ресей Федерациясы, Курск облысы, Понырев ауданы, Игишева се­лосының маңы деп белгіленіп, іздеу то­бы жан-жақты сұраулар салған еді. ҰОС жауынгерлерінің ақпараттарын жинақ­тайтын ресейлік www.soldat.ru сай­тының чаттық тәртіптегі мәліметінде а­р­да­гер деректерінің нақтылануына Сы­рым аудандық мұрағаты мен аудандағы та­рихи-өлкетану мұражайының директоры А.Ойшыбаева үлкен еңбек сіңірді деп көрсетіліпті.

Жаңалыққа жайбарақаттық таныта алмаған Сырым аудандық басшылығы жауынгердің сүйегін елге әкелуге арна­йы делегация жасақтап, оларды 31 қазан – 5 қараша аралығындағы іссапарға жіберген болатын. Делегация құрамында аудандық тарихи-өлкетану мұражайының дирек­торы А.Ойшыбаева, ардагер-ұстаз А.Жүсіпов, Х.Жұмағалиевтің ұрпақтары Т.Жұмағалиев, Б.Құсанов 2 қараша күні Ресей Федерациясы, Курск облысы, Поны­рев ауданы орталығындағы 1943 жылдың жазындағы Курск шайқасында қаза тапқан жауынгерлерді қайта жерлеу рәсіміне қатысты. Қазақстандық делегация 5 қараша күні ауданға Курскіден Х.Жұмағалиевтің мүрдесін жеткізді. Жалпы ақпарат ретінде айтсақ, Игишева селосы маңында соңғы 2 жылда 56 жауынгер қайта жерленген.

Жауынгердің сүйегін аудандағы Жеңіс мемориалдық алаңы алдына табытына көк байрақ жабулы күйінде салтанатты қарауыл алып келді. Ардагердің сүйегінің алдында оның суреті және өзіне тиесілі «Құрмет белгісі» ордені мен «Гвардиялық Белгісі», сонымен қатар, Ұлы Отан соғы­сында қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы «Поиск» бүкілресейлік қоғамдық ұйымының на­градалық комиссиясының шешіміне сәй­кес Х.Жұмағалиевтің атына берілген «Шаг­нувши в бессмертие» медалі салтанатты түрде алып жүрілді. Табылған жерден жауынгердің каскасы мен тамақтанатын ыдысы бірге әкелінді.

Алдымен сөз алған аудан әкімі А.Шыны­беков шараның маңызына тоқталды.

– Біз бүгін ауданымыздың тарих парағын тағы бір мәрте түгендегелі отырмыз. Осы кезге дейін Ұлы Отан соғысында қаны сарқылған сырымдық сарбаздардың сапын барымызша білуге тырысып келген болсақ, жуырда жаралы жылдардың жылнамасын жүргізушілер жариялаған жаңа деректің де бізге бағытталғанына куә болдық. Ол ауданымыздан соғысқа аттанған тағы бір жерлесіміз Х.Жұмағалиевтің денесі табылғандығы. Отаны үшін арпалыста ажал құшып, жат жерде опат болғанымен, ардагердің сүйегін Сырымның сары даласына табыстауды ұрпақ борышы деп білген біздің бүгінгі ісіміз де осыдан бастау алған, – деді әкім.

Қаралы жиында сөз алған ардагер-ұстаз, делегация мүшесі Асан Жүсіпов қазақстандық делегацияны ресейліктер жылы ілтипатпен қарсы алғандығын айт­ты. Асан Сапарұлы сапардың басы тірелген Понырев ауданы, Игишева селосы бұрын қиян-кескі ұрыстардың орны болғандықтан, ол жердің әкімшілігі қандай да бір тарихи сұранысты қанағаттандыруға бейілді екендігін аңғартыпты. Және кезінде Игишева селосының түбіндегі шайқаста ұрыс жүргізген 34 жауынгердің 4-еуі қазақстандық екенін білдіріпті. Олар А.Дәулетбеков, Г.Игишев, М.Шефран, Х.Мұхамбедиев секілді еліміздің әр қиырынан барған отандастарымыз екен.

Жиында делегацияның демеушісі болған «Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың» атқарушы директоры К.Хамидуллин, Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Қ.Мақанов сөз сөйлеп, Е.Баймұханбетов өлең оқыды. Қаралы жиындағы сөз легін Х.Жұмағалиевтің ұрпағы Гүлнар Жұмағалиева қорытындылады. Ол өз сөзінде аталарының денесін елге алып келуде қолдау көрсетіп, ұйытқы болған аудан басшылығы мен аудандық тарихи-өлкетану мұражайына үлгілі істері үшін шын жүректен алғысын білдірді және Хұси ұрпақтары Сырым ауданындағы ол кісіге деген құрметке өте разы екенін айтты.

Қаралы жиын жабық деп жарияланған соң, жауынгердің табыты Жымпиты ауылдық округінің шетіндегі зиратқа апарылып, Хұси Жұмағалиевтің сүйегі ақ жау­ып, аруланып жер қойнына тапсырылды. Аудан басшылығы қабір басына ескерткіш тақта орнатты. Соңынан Х.Жұмағалиевтің рухына дұға бағышталып, ас берілді.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ.

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы.

Соңғы жаңалықтар