Абай • 04 Қараша, 2020

Архив құжаттарындағы Абай

951 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында өткен кез­де­суде Үкіметке Абайдың мерейтойына арналған барлық қажетті іс-шара­ларды дайындауды тапсырып: «...Біз тарихтан үлгі алып, ұлы ата-баба­лары­мыз­ға құрмет көрсетіп отыратын халықпыз. Ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаң­ғырудың» басты бағыты болуы керек. Бұл біздің ата-бабаларымыз алдын­да­ғы борышымыз және өскелең ұрпақ үшін жақсы үлгі», деген болатын Президент.

Архив құжаттарындағы Абай

Ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көргені белгілі. Онда «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлты­мызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн», – делінген.

Мақаланың бес негізгі бөлімінде біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің дамуының негізгі басымдықтары: білім мен ағартушылық, мемлекеттік институттарды жетілдіру, Абайдың рухани мұра­­сын халықаралық деңгейде тану, оның шығармашылығы мен өмірбаянын мектепте де, отбасында да зерттеу мәселелері атап көрсетілген. Мемлекет басшысы сондай-ақ Абайдың 175 жылдық мерей­тойы ұлт санасын жаңғырту, рухани сабақ алу үшін қажет екенін атап өтті. Ойшылдың шығармашылығына жүгіну, оның шығар­малары мен ақынның өмірбаянын одан әрі зерттеу архив жұмысын жетілдіруге және Абай мұрасы бойынша жаңа тарихи деректерді іздеуге ықпал етеді.

Бұған Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Архивінің қорында сақтауда жатқан құжаттар дәлел. Ақын, ағартушы жөніндегі алғашқы өмірбаяндық дерек­терді жазғандардың бірі «Алаш» қозға­лысының көсемі Әлихан Бөкейханов болды. «Алаш» зиялыларының әдебиеті қоғамның рухани тарихындағы ерекше кезең ретінде халықтың бірлігі мен келісімін жырлаған Абайдың қара сөз­дерімен үндес болды. 1905 жылы жа­рияланған Ә.Бөкейхановтың «Абай (Иб­рагим) Құнанбаев» атты мақаласы Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың естеліктері бойынша жазылған алғашқы толық ғылыми ең­бек саналады. 1907 жылы «Им­ператорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс-Сібір бө­лімінің Семей бөлімшесінің жазбалары» журналында мақала жарияланды (811 қ. 25 т. 25 іс. 1–12 п.). Әлихан Бөкейханов Абайдың ұлы Турағұлмен және Абайдың туыстары Шәкәріммен, Кәкітаймен таныс болды. Абайдың ұр­пақтары туралы құнды құ­жаттар 141 қ. 1 т. 2066, 2058 істерде және 811 қ. 23 т. 438 іс, 20 т. 140 істерде бар.

Абайға қатысты мәліметтердің жинақ­талуына, зерттелуіне, жариялануына өмі­рі мен шығармашылық қуатының ба­сым бөлігін арнаған тұлғаның бірі – әйгілі Мұхтар Әуезов екені әмбеге аян. Ол Абайдың өмірі мен қызметін көп жылдық зерттеу барысында ғылыми өмірбаянын құрастырды, монографиясын және шы­ғармашылығы туралы мақалалар сериясын жазды, жоғары оқу орындарының бағдарламасына Абайтанудан арнайы курс енгізді, данагөй бабамыздың атын «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлем­дік деңгейде мәңгілікке қалдырды. Абай өз кітаптарын көрген жоқ, бірақ Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов сияқты ізбасарлары оның шығармашылық мұрасының таралуына ықпал етті.

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда Семей уезінің Шыңғыс болы­сында дүниеге келген. Абай 10 жасынан бастап Семей қаласындағы медресеге оқуға түседі және ол үш жыл ішінде көп нәрсені білді. Абай шығыс классиктері мен ойшылдарының поэ­зиясын, араб, түрік, парсы және орыс тілдерін меңгереді. Қазақ эпосына, халық музыкасына қызығады, сондай-ақ орыс мәдениетін зерттей бастайды. Пушкин мен Гете, Лермонтов пен Байрон Абайдың сүйікті ақындары болды. Абай қазақ ауылдарын орыстың ұлы ақындарының шы­ғармашылығымен таныстыруға ұмтылады және XIX ғасырдың екінші жартысында А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан, Лермонтовтың өлеңдерінен үзінді аудара бастайды. Татьянаның хаты мен Лермонтовтың поэзиясы қазақ даласында танымал болды. Абай туған халқының мәдениетін дамытудағы орыс классиктері шығармашылығының маңызын терең түсінді. Ол тез таралып, түсінікті және қол­жетімді болуы үшін кейбір аудармаларға музыка шығарады. Қазақ халқы Пушкин мен Лермонтовтың поэзиясын қабылдады. Шынайы өмірді сезіне отырып, Абай халықтың сана-сезімін оятатын және дамытатын бейнелер жасады. Абай 1904 жылы қайтыс болды. Алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы Петербургте шықты. Абай шығармалары 1922 жылы Қазан, Ташкент қалаларында және 1933 жылы Қызылордада жеке кітап болып шықты.

Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің Архивінде 1907–2013 жыл­дар аралығын қамтитын Абай Құнан­байұлының өмірі мен шығарма­шы­лығына арналған бі­регей құжаттар та­былып, үстіміздегі жыл­дың тамыз айында көпшілік назарына ұсынылды. Ұсынылған құжаттардың қысқаша маз­мұнына тоқталып өтсек:

Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығар­машылығы туралы құжаттар (1907 – 1991 жж.): Абай Құнанбайұлы туралы Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, А.Жұбанов, С.Мұқанов, Қ.Бекхожин, Ә.Тәжібаев, Л.Баймурзин, Ғ.Мұстафин, Н.Сауранбаев сияқты қазақ зиялыларының әр­түрлі хаттары, анықтамалары, ақпарат­тары; Абай ұрпақтары мен туыстары Турағұл Ибрагимов, Шәкәрім туралы; Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы туралы; «Абай» романы бойынша жұмыс істеу барысы, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің «Абай» шығармасын тал­қылауы; Қазақстандағы әдебиетті дамыту, Абайдың 95 жылдық, 100 жылдық, 125 жылдық мерейтойларын атап өту туралы құжаттар біріктірілді.

Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі Абай Құнанбаев туралы мұрағатқа (1991-2013 жж.) қазақ әдебиетінің классигі Абайдың 150 жылдық мерейтойына дайындалу мен атап өту туралы құжаттар, Абайдың мерейтойына арналған шығармалар, очерк­тер мен мақалалар енгізілді.

Абай шығармашылығын зерттеу, зерделеу бойынша Қазақстанның мем­лекет және қоғам қайраткерлерінің жеке қорынан алынған құжаттар жи­нақ­талған, олардың ішінде: академик  М.Қо­зыбаевтың «Абай және оның заманы» атты мақаласы; Х.Өзденбаевтың Абай Құнанбаевтың ұрпақтары туралы жинаған құжаттары; Г.Бельгер жа­саған неміс аудар­маларындағы Абай шы­ғармаларының тізбесі; Ж.Исмағұлов жинақтаған 1909 жылғы Абай шығар­маларының жинағы және Турағұл Абай­ұлы Құнанбаевтың «Әкем Абай туралы» әңгімесінің, Міржақып Дулатовтың 1914 ж. «Қазақ» газетінің №67 санында Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына орай жарияланған «Абай» атты мақаласының көшірмесі ұсынылды.

Гаухар БЕКІШЕВА,

Архив қорларын сақтау және мемлекеттік есепті қамтамасыз ету басқармасының басшысы