Халықтың тарихи санасы, ұлттың менталитеті, егемен елдің рухы, рухани тынысы қоғамдық ғылымдардың ахуалына байланысты болса, тарих, ел тарихы – халықтанудың негізгі арнасы. Әлемде, оның мәдени арналарында тарихи өлшем бойынша айтарлықтай маңызды, бірақ, соған қарамастан адамзат үшін әлі де жұмбақ болып отырған, лайықты деңгейде бағаланбаған құнды құбылыстар көп. Олар көбіне-көп тарих қойнауының шырғалаң қатпарларында шырмалып, өркениет дамуының сарабдал жолдарынан түрлі себептермен тыс қалып қойды. Тарих тағылымы жаңа тәуелсіз мемлекет болған сәтте ауадай қажет. Ал тарих тағылымын үйрену үшін кейбір алғышарттар керек.
Халық өзінің әлемдік өркениеттегі орнын айқын білуі қажет. Тәуелсіз елдің мүддесін әлемдік деңгейде қорғау үшін өткенді біліп, бүгінгіні талдап, болашақты болжау керек. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық, тарихи сананы қалыптастыру өмір мүддесінен, тәуелсіз мемлекет мүддесінен туындайды. Мемлекеттілікті тұғырлы ету ұрпақтың Отан алдындағы басты парызы десек, отансүйгіш ұрпақ қалыптастыру арқылы ғана мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, нығайтамыз. Ал ұрпақты отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелейтін ұлттың тарихи санасы. Даналық тарихы – ұлтты тәрбиелейтін қуатты құрал десек, адам өмірінің мәні кейінгі толқынға өзіндік із қалдырумен өлшенеді. Сол салынған сүрлеудің қалпына қарай тарих қойнауынан келе жатқан ұлт болмысы заман талабына сай қаруланып, келер ұрпаққа аманат ретінде беріледі.
Қазақ ұлты да ұлт болып қалыптасқан уақыттан бері өзіндік мәндегі саяси жүйесін қалыптастырып, елдік санасын бекітіп, өзіндік дербес саясатын жүргізе білді. Сана еркіндігі ұлттық рухтың өрістеуіне жағдай жасады, жас ұрпақтың отаншылдық келбетін күшейтті, азаматтардың мемлекетшіл санасын нығайтты.
Кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғам тұсында барлығымызға мәлім себептермен ұлт тарихының теориялық-методологиялық негіздері бұрмаланып, соның салдарынан ұлттық сана, тарихи таным мәселесінде дағдарыс, бұрмалаушылық орын алды. Ал тарихпен ұлт тәрбиеленеді.
Тарих міндеті өткен заман бейнесін, ондағы түрлі оқиғаларды шындық жүзімен кейінгі ұрпақтың санасына жеткізу. Тарихи фактілер осы мақсатқа қызмет ететіндігі сөзсіз. Тарихтың басты міндеті, ұлтты, одан кейін жас ұрпақты тарих бесігінде тәрбиелеу. Ұлттың отаншылдық, ұлтжандылық санасын ояту тарихи таным арқылы жүзеге асырылады.
Осы орайда, отандық тарих ғылымы алдында ұлан-ғайыр міндеттердің тұрғанын көреміз. 1995 жылы академик М.Қозыбаевтың басшылығымен Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданып, онда тарих ғылымының негізгі басымдықтары айқындалған болатын. Қазіргі таңда тарих ғылымы алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешіп, негізгі басымдықтарын айқындау мақсатында ұлттық тарихты зерттеудің жаңа тұжырымдамасын жасау мәселесі көтерілуде. Ірі концептуалдық тұжырымдаманың негізі жасалды да. Ұлттық тарих – Қазақстан тарихының негізгі өзегі ретінде халқының ұлттық-мемлекеттік бірегейленуінің негізі болуы шарт. Елдің елдік санамен тәрбиеленуі маңызды мәселе десек, елдік сана – ұлттық рухтың өзегі.
Ұлттық рух ұлттық мүддеге қызмет етеді. Ұлтымыздың тарихына үңілген сайын елдік пен ерліктің, даналық пен ізгіліктің, отаншылдықтың үлгілерін жиі кездестіреміз. Ұлттық рухы биік мемлекет, ұлттық мүддесін қорғай білген мемлекет өзгелерге өзін мойындатып, әлемдік өркениеттен өзіне тиісті орынды иеленеді. Ал Отан тарихынан отаншылдықтың, ұлтжандылықтың, ұлттық рухтың лебі еседі.
Жаңа мыңжылдыққа Қазақстан тәуелсіз, дербес мемлекет болып қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық жүйе өзгерді. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың, БҰҰ-ның тең құқықты мүшесі болып, өз егемендігін заң жүзінде де, іс жүзінде де дүние жүзіне тегіс мойындатты. Яғни дүние жүзі картасында Қазақстан атты өз билігі өзінде, өзгелермен терезесі тең жас мемлекет пайда болды. Қазақ халқы – Қазақстан Республикасындағы мемлекетті құрушы негізгі ұлт. Әлемде үш мыңға тарта ұлт, халық бар, ал мемлекеттер саны 226 ғана. Демек, саяси тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекет құру оңай шаруа емес.
Әлемдегі ең озық дамыған елдердің қай-қайсысының да жоғары деңгейге көтерілуінің басты себебі – олардың өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесін, ұлттық ерекшелігін сақтауы. Қазақ ұлтының ұлттық өзегі, ұлттық ұйысуының негізі, сан ғасырлық тарихын бүгінге жеткізуші ғана емес, сонымен қатар бүгінгі ұлтты жаңғырудың да бастауы – тілі мен тарихы.
Қазақстан қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер мәнін дұрыс түсіну үшін реформаларды нәтижелі ету үшін елімізде жаңа таным жүйесі негізделді. Ондағы мақсат ел тәуелсіздігін жан-жақты нығайту. Әсіресе, мемлекеттік рухтың, отаншылдықтың күшеюі, ұлтаралық келісім мен қоғамның топтасуы тәуелсіз мемлекетті нығайта түсетіндігі анық. Себебі ой мен таным түзелмей, іс түзелмейді. Тәуелсіздік танымы тәуелсіздікті қорғай білуге, елдің саяси тұрақтылығымен қатар экономикалық қауіпсіздігіне сүйенеді. Яғни тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны шайқалтпай сақтап қалуға соншалықты күш-жігер қажет.
Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап жеткен арман-мақсатының айғағы. Арғы замандағы сақ, үйсін, ғұн, түркілерді айтпағанның өзінде, кешегі қазақ елінің шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек, босағасын бекіткен атақты Қасым, Хақназар, Тәуекел, Жәңгір, Есім, қазақ мемлекеттігін кемеліне келтіріп, елдігін еселеген әз Тәуке, ел басына күн туып,«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, тарих сахнасынан жоғалып кету қаупі туғанда айбынды елдің айдынды басшысы Абылай билікті, даналықты, қаһарман халық күшін біріктірді.
Ел басына күн туған кезеңде ұлттық сана қалыптасты. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Ұлытауда үш жүздің өкілдері қол қойған «Таңбалы тас» шын мәнінде қазақтың тұңғыш конституциясы болды. Қазақ бүкілхалықтық мүддені түсінер – іргелі ұлт санатына осылай жетті. Таңбалы тастағы қазақ руларының таңбасы дала руларының бірлік пәтуасына айғақ, тұтастығына белгі, ант беріп ауыз біріктірген орны екенін көрсетеді. Мұның өзі қазақ руларының ерте заманда-ақ біріге бастағаны, ел болып топтасып, бас құрағанын көрсетеді. Мемлекеттіліктің бір күнде орнамайтыны және оны бір ғана ұрпақ құруы мүмкін еместігі белгілі. Қазақ мемлекеттігін құруға сан ұрпақтың, сан ғасырлық ғұмыры мен күш-жігері кетті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Өйткені, тарих ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын жете білуі және оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы керек. Тарихымызды тереңнен тану, оны оқытуды дұрыс жолға қою мәселесінде алдымызда тұрған, атқарылуға тиісті мәселелер де ауқымды. Тәуелсіздікті құрметтеу, тәуелсіз елдің азаматы бола білу, оның қадірі мен қасиетін түсінудің айқын жолы өз халқыңның жүріп өткен тарихын білуге, құрметтеуге барып тіреледі.
Осы орайда, Қазақ тарихының түйінді мәселелері шешілген, Абылайдың ақ ордасы қонған Ақмола-Көкшетаудай тарихы бай өлке тарихын жете зерттемейінше, қазіргі Қазақстанның толық тарихын жасау мүмкін емес. Солтүстік өңір, оның ХХ ғасырдағы тарихы қазақ халқының тарихына, территориялық тұтастығы тарихына қатысты оқиғаларда көрнекті рөл атқарған. Әсіресе ХІХ-ХХ ғасырлардың тарихы жаңа пайымдауларды қажет етеді, өйткені бұл өңірде Ресей империясының отарлау кезеңдеріне байланысты мәселелердің кейбір қырлары әлі де толықтай ашылған жоқ. Мысалы, бүгінгі таңдағы өңір тарихындағы ең өзекті мәселе біздің өңірде орын алған полиэтностық үдерістерге тиісті талдаулар жасалынбай келеді.
Жер тарихы – ел тарихы десек, қазіргідей түрлі геосаяси қатерлер төнген заманда жер-судың тарихи атауларын қайтарып, тарихи шындықты қалпына келтіру кезек күттірмес мәселелердің бірі. Осы бағытта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарихшы-ғалымдары бірқатар жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстар нәтижелі болуы үшін университет ғалымдары облыс әкімшілігімен бірлесе отырып, Ақмола облысының тарихи топонимикасы атты ғылыми зерттеулер жұмысын жүргізуді жолға қойса. Өлкедегі географиялық атаулар тұрғылықты жер, көше, сквер, саябақ, өзен, көлдердің аттарының тарихын зерттеуге мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар тарихшы ғалымдардың өлке тарихына қатысты зерттеу еңбектерін қалың жұртшылыққа таныстыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілсе, қазіргідей жеріміздің тұтастығы мәселелеріне байланысты әртүрлі бағыттағы пікірлердің алдын алу шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылар еді. Және бұл жұмыстар жүйелі түрде бір орталықтан басқарылса нәтижелі болар еді.
Ұлттық тарихты өзінің деңгейіне көтеру үшін, тарихты ұлттық сананы, ұлттық танымды қайта қалыптастыру құралына айналдыратын болсақ, бұл мәселелерге жіті назар аударуымыз керек. Саяси және мәдени-рухани саладағы бүгінгінің шешілмей жатқан көптеген проблемаларының түп- тамырлары осы кезеңдерде жатқандығы күмәнсіз.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында оның мемлекеттік мүддесіне сай халықтың тарихи санасын қайта қалыптастыру елдің айқын келешегі мен ұрпақтар сабақтастығы үшін аса қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда тарих ғылымының атқарар рөлі де, көтерер жүгі де ауыр, елдің ұлттық нышанын, тарихи дәстүрі мен мәдениетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізудегі жауапкершілігі зор. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің тұғырын биіктетер мәселелер көбейді, солардың негізгісі болып, тәуелсіз еліміздің біртұтас халқының ортақ мүддесі бекіді. Ол мүдде – тәуелсіздігімізді нығайта отырып, Қазақ елінің Мәңгілігін баянды ету болып табылады. Тарих – тәуелсіздік тірегі. Тәуелсіздік жолы – күрес жолы. Тарихқа тағзым – отаншылдықтың, ұлтжандылықтың белгісі.
Ұлттық тарихымыз ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты, елжандылықты арттырудың қуатты тетігі. Ал отаншылдық сезім ұлы істердің бастауы. Сондықтан болашақ ұрпақты жасампаздыққа үйрету парыз, ал жасампаздық білім мен өнер арқылы келеді. Қазақстанның бүгінгі ұрпағы мемлекетімізді алға қарай лайықты алып жүре алатын білімді әрі дарынды ұрпақ деген сенімдемін.
Ақбота БЕКСЕЙІТОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты