Әлем • 04 Қараша, 2020

Америка демократиясының сынға түсер сәті

205 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

НЬЮ-ЙОРК. Тарихтың белгілі бір сәттерінде – көбіне елеулі әлеуметтік прогресс қоғамның белгілі бір бөлігін бейжай қалдырғаннан кейін, саяси сахнаға үлкен әрі заманауи ұстанымды жақтаймын деген жеке адам шығады. Өзін-өзі таныту мен сезім арқылы сенімге кіру шеберлігіне ие ол (ол әрқашан ер адам) «мачо» ретінде миллиондардың жүрегі мен санасын жаулап алады. Осылайша, оның жеке басына табынушылық қалыптасады. Билікке келу кезінде қоқан-лоққы көрсетіп, зорлық-зомбылық жасаса да, оны тәртіпсіз әлемді тезге салатын құтқарушы ретінде санайтын адал адамдар қолдайды.

Америка демократиясының сынға түсер сәті

Мұндай архетиптік мықты адам­ның сипаттамасы көптеген қазіргі көш­бас­шыларға дәл келеді. Брази­лия­дағы Жаир Болсонаро мен Түркия прези­денті Режеп Тайип Эрдоғаннан бас­тап, Ресей басшысы Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп­қа дейін. Сондай-ақ әлемнің бұрыш-бұрышындағы геосаяси маңызды елдердің басшылары да кіреді.

2017 жылдың басынан Трамп билік тізгінін қолға алғаннан бері АҚШ демо­кратияның құлдырағанын бастан өтке­ріп, авторитарлық көшбасшылыққа куә болды. Алдағы президенттік сайлау сондықтан Американың жаңа либерал­ды емес бағытының референдумы атанбақ. АҚШ-ты әсіре оңшыл экстре­мизмі қолдап, трансатланттық одақтас­тарымен арадағы сыртқы саясатты, әлемдегі маңызды мәселелерді біржақты жүргізуді қолдаған президент басқарды.

2016 жылғы Хиллари Клинтонның күтпеген жеңілісі секілді, кез келген сайлауда түрлі нәтиже тіркелуі мүмкін. Дегенмен 2020 жылғы сайлаудың айналасында түрлі қорқыныш басым. Өйткені бұған дейін мүмкін еместей көрінген нәрселер жүзеге асты. Бұған дейін Трамп бірнеше рет жеңілгенін мойындамайтынын анық аңғартты. Сондықтан көпшілік сайлау нәтижесі оның көңілінен шықпаса, саяси «бунт» шығаруынан қауіптенеді. Мұндай сценарийдің болуы демократиялық сая­си атмосфераның жүйелі бұзылғанын, Трамптың америкалық саяси мәдениетті авторитарлы нұсқаға қаншалықты өзгерт­кенін нақты көрсетеді.

New York Times газетінің колумнисі Росс Доутат секілді кей консерватив сарапшылар Трампты әлеуетті тұлға ретінде сипаттауды қалжыңға айналдырады. Олардың пайымдауынша, реалити-шоудың бұрынғы қатысушысы қайта сайланып жатса, оны Америка қоғамына айтарлықтай қауіп төндіруге шамасы келмейтіндей өте әлсіз әрі күлкілі деп есептейді.

Ресейдегі Путин секілді тамыры терең­ге кеткен либералды емес режім­ге қарай отырып, бұл сарапшылар Трамп­тың нені істемегеніне мән береді. Ол оппо­зи­циялық медиа өкілдерін жауып тастаған жоқ немесе сот жүйесі мен басқа да институттарды толықтай бақылауына алмады. Ендеше, неден қауіптену керек?

Бірақ бұл дұрыс салыстыру емес. Қазіргі авторитарлық көшбасшылардың бәрі кезінде еркіндігі мол қоғамда жұмысын бастап, біртіндеп мемлекетті түбегейлі өзіне бағынышты еткен. Әсі­ресе, XXI ғасырда азаттықты деспотизм­мен алмастыруда революция (немесе әскери көтеріліс) емес, эволюция үлкен рөл ойнайды. Оған қоса, Трамптың қандай әрекет жасағанына тың көзбен қарамасақ, мұндай қауіпті сәтке қалай жеткенімізді түсіне алмаймыз. Егер Трамп қайта сайланса, алдағы апталар­дан, айлардан, жылдардан не күтеті­німіз­ді де білмейміз.

АҚШ президенттерінің тарихы Трамптың әрекеттерін түсіндіруге жет­кіліксіз. Оның жыныстық қатынасқа, сыбайластыққа қатысты жанжалдары, импичмент және Covid-19 панде­мия­­сымен күрестегі сәтсіз әрекеті, Респуб­ли­калық партияның саяси элитасымен қарсыласуы ешқашан болған емес. Керісінше, біз «жеке басқару» автори­тарлық моделін қарауымыз керек. Яғни билік жеке саяси және қаржы­лық мүд­десін ұлттық мүддеден жоғары қоя­тын жеке адамның маңына шоғырланады. Мұндай режімде мемлекеттік қызметте кәсіби тәжірибе мен біліктілік емес, басшыға және оның серіктеріне ғана адал болу, оның жемқорлық әрекетіне араласу басты орынға шығады.

Саяси топты үйретудегі Трамптың табысы өз партиясындағы маңызды орындарды өз серіктеріне алып беруде не оларға арнап жаңа қызмет ашуда анық көрінеді. Мәселен, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Бенито Муссолини авторитарлы күш иеленбестен бұрын оған негіз болатын іргетас қалаған еді. Трампта ұмтылысын қанағаттандыратын мұндай саяси сүй­реу­шісі жоқ. Бірақ санаулы жылдың ішінде ол Республикалық партияны өзі­нің жарнамасын жасайтын тағы бір мекемеге сәтті айналдыра білді.

Республикалықтар өз кезегінде Трамп­ты өздерінің ұзақ мерзімді жоспарын жүзеге асыратын саясаткер ретінде көреді (мәселен, ақ христиандардың гегемониясын қорғау, экономикалық ма­ңызды салаларын бақыламау, байлар­ға арналған салықты төмендету секілді). Бірақ осындай себептерге қарамастан, олар­дың басым көпшілігі Трампқа арқа сүйегені соншалық, келешекте Үлкен көне партияны қайта құруды қалайтындай.

Осы сайлау науқанында партия еш­қандай саяси алаң ұсынған жоқ. Оның орнына «президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігін» қолда деген бұл­тарыссыз мәселе қойып, партия ішінде қор­қыныш пен қауіп атмосферасын туын­­датты. Республикалықтар өте күш­ті адаммен бірге күресуге мәжбүр болып, оның қарсыластарын қаралап, жыл басындағы импичмент секілді кез келген жауапкершіліктен қорғап отыр.

Мұндай авторитарлы көшбасшы мен соңынан ерушінің қарым-қатына­сы Республикалық партияның саяси мә­де­ниетінде ауқымды өзгерістің бол­ғанын көрсетіп, сайлау нәтижесіне қара­мастан, америкалықтарды осыған көнуге мәжбүрлейді. Таяуда жүргізілген зерттеуге сүйенсек, Республикалық партия қазіргі таңда ауызша тұрғыда да, іс жүзінде де демократиялық ұйым емес. Ұлыбританияның Консервативтік партиясы мен Германияның Христиан демократтары партиясына қарағанда, авторитарлы партияға көбірек ұқсайды.

Негізінде, Трамп келгенге дейін де Респубикалық партия әсіре оңшыл медианы қызу қолдап, өздерінің міндеті саналатын демократияны қорғау мен екіпартиялық басқару жүйесінен бас тартуға көшкен. Бірақ партияда ты­йым салынған Трамп мұндай экст­ре­мис­тік элементтерді одан сайын кү­шейтті. Трамптың инаугурациясы өт­кеннен кейін бірден Ақүйдің аға кеңес­шісі Кэллианн Конвей туиттердегі парақ­шасында мұсылмандары көп елдерден келетіндерге тыйым салуға қатысты «Осыған үйреніңдер. АҚШ президенті әрекет пен әсердің адамы. Уәде берілді, орындалды. Жүйені дүр сілкінтті. Ол енді бастады», деп жазған-ды.

Ескертусіз жүзеге асырылған саяхат­тарға тыйым салу елді хаос жағдайына ұшыратып, қоғамдық және федералдық қызметкерлерге Республикалық партия­ның толық қолдауымен халқына соғыс жариялағандай әсер қалдырды. Келесі төрт жыл ішінде Трамп және оның серік­тері иммигрант балаларды отбасылары­нан бөліп, бейбіт демонстранттарға қар­сы федералдық күштерді орналастырып, жалған ақпарат жинау науқанын жүр­гізіп, көптеген мемлекеттік меке­мелерді тарқатады немесе жолдан тайдырады.

Америка саясатындағы осындай авторитарлы әрекетті нақты түсінгенде ғана демократия үшін күрес жалғаспақ. Сайлау нәтижесіне қарамастан, бұл міндет өзгермейді.

 

Рут БЕН-ГИЯТ,

New York University Италия тарихы ғылымдарының профессоры