Негізінде, аталған орталық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында халық шығармашылығы мен халық кәсіпшілігін жандандырумен және оны танымал етумен айналысады.
– Граффити немесе компьютерлік дизайн сияқты заманауи әдістер бұған жатпайды. Бірақ бізге стилизацияны – халық кәсіпшілігінің синтезін және тағы басқа қандай да бір өнерді қолдануға ешкім тыйым салмайды, – дейді суретші.
Евгения өзінің «Заманауи өнер түріндегі киіз басудың көне кәсібі» атты зерттеу еңбегінде бұл саладағы тылсымның сырына терең бойлайды. Пейзаж тақырыбындағы картиналарында алуан түрлі түстерді боялған жүннің реңк тілімен шебер жеткізеді. Айта кететін бір жайт, өнер иесінің әдістемелік әзірлемесі, киіз суреттері мен жасап шығарған аксессуарлары Әділет министрлігінің авторлық сертификатына ие болған.
Қазір Евгения сүйектен зергерлік бұйымдар жасауға ден қойып жүр. Біраз уақыттан бері сүйек оюларын зерттеп жүрген шебер бұл кәсіпті қазақ халқының киіз басу, ағаш ою, қыш қолөнері, былғары оюымен қатар тұруға тиіс қолөнер түрінің бірі ретінде бағалайды.
Бұдан бөлек суретші грек, белорус және поляк этномәдени бірлестіктерінің студенттерімен бірге этностық киім топтамасын жасауды қолға алған. Бұлар тіккен киім түрлері заманауи үлгіге мейлінше жақындастырылған. Сол себепті, оларды тамашалап қана қоймай, күнделікті өмірде киіп жүруге де болады.
– Этностық сарынды жандандыру – белгілі бір халықтың өкілі болып саналатын адамдардың ар-намысына, олардың мәдени және тарихи құндылықтарына деген құрмет, – деп сыр ақтарады ол.
Қарағандылық суретші Евгения Шульц қазіргі таңда көпшілікке танымал болып үлгерген өнер иесі. Шебердің ұлттық мәдениетті дамыту жолындағы жемісті еңбегі лайықты бағаланып, таяуда ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай медальмен марапатталды.
ҚАРАҒАНДЫ