Иә, Қазақстан деп жүрегі соққан әрбір қайсар ұланның басты парызы – Отан қорғау. Алайда «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, сарбаздың қамын ойламайынша тасымыз өрге домалап кетпейтіні анық. Осыны ескерген Қорғаныс министрлігі әскери комиссариаттардың жаңа келбетін қалыптастыруды қолға алды.
Мәселен, 2019 жылы Қорғаныс ведомствосында қабылданған жоспарға сәйкес, осы жылдың басынан бері жергілікті әскери басқару органдарын (әскери комиссариаттарды) қайта ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Себебі, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер Қарулы Күштер мен қоғамды байланыстыратын негізгі буын болып саналады. Сол себепті Қорғаныс министрлігімен оларға жаңа, заманауи келбет беру бойынша бірқатар шаралар ұйымдастырылып отыр. Орын алып жатқан өзгерістер осы бағыттағы қызметтің барлық саласына қатысты.
Әрине, қорғаныс саласы үшін ең алдымен әскери комиссариаттардың халыққа қолжетімділігі мен ыңғайлылығы, олардың сыртқы келбеті, инфрақұрылымы маңызды. Осы мақсатта ғимараттарды жөндеу, қажетті қызметтік және тұрмыстық үй-жайларды құру, жабдықтау, соның ішінде халықты қабылдау және әскерге шақырылушыларды орналастыру, автомобиль техникасына арналған тұрақтар бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Халықпен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Әрбір азамат әскери комиссариатқа келіп, әскери есепке алуға және әскери қызметке шақыруға қатысты анықтамалық материалдармен таныса алады. Мекемеге келушілермен тікелей жұмыс істеу үшін азаматтарды қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап бере алатын және қажет болған жағдайда мәселелерін шешуге көмек көрсететін арнайы қызметкерлер оқытылады.
Жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын жетілдіруде цифрландырудың да маңызы зор. Осыған дейін әскери комиссариатқа арнайы келіп алу керек болған 9 қызмет түрін бүгінде «Электрондық үкімет» порталынан алуға болады. Атап айтқанда есепке қою және есептен шығарудың, әскери-техникалық мектептерге түсудің, тіркеу куәлігі мен әскери билеттің, сондай-ақ түрлі ақпараттық анықтамаларды алудың жолы жеңілдеді.
Әскери комиссариаттарды басқа мемлекеттік органдардың деректер базасымен интеграциялау жүргізілуде. Бұл қадам әскери есепке алуды электронды форматта жүргізуге, ал әскери міндеттілерді есепке қою мен шығаруды олардың тұрғылықты мекенжайы бойынша автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Қорғаныс ведомствосының жоспары бойынша осы іс-шараларды жаппай іске асыру азаматтардың әскери қызметке түсуін ыңғайлатып, армия мен қоғам арасында сындарлы диалог қалыптасатын болады. Сонымен қатар бұл қадамдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қағазбастылықты қысқартуға ықпал етеді.
Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен елорданың аудандық әскери комиссариаттары базасында «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» қанатқақты жобасы іске қосылды. Ал жақын арада барлық жергілікті әскери басқару органдарын осы заманғы бірыңғай стандартқа келтіру жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және азайту жөніндегі қызмет ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа осы жылдың ақпан айында қол қойылған өзара іс-қимыл туралы меморандум негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де қосылды.