Руханият • 05 Қараша, 2020

Сәкеннің қолын алған алақаны...: Жазушы Жайық Бектұров туралы сыр-толғам

933 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1986 жылдың сәуірі мен 1991 желтоқсаны аралығындағы бес жылдай уақытты тарихшыларымыз жылымық жылдар еншісіне жатқызып жүр. Бәлкім солай да шығар. 1986 жылғы сәуір пленумында КСРО-дай алып империя алғаш рет жариялылық пен ашық айту сияқты демократиялық ұстанымдар нышанын жалғанның жарығына әйгілеуі мұң екен тоталитарлық жүйенің тоңына иненің жасуындай сызаттар түсе бастады. Дәл осы жылы Жайық Кәгенұлы жетпістің төртеуіне келген еді.

Сәкеннің қолын алған алақаны...: Жазушы Жайық Бектұров туралы сыр-толғам

Заманның бет алысын, уақыттың ағымен бір­ден аңғарған сұңғыла ақсақалдың  жүрегіне беріш боп қатқан түйнек тарқатылып, туған халқына тау­сылмас шежіре-баян, сырын ақтарған тұсы да осы жылдар еді-ау.

Әлі есімде 1989 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің мәдениет сарайындағы өнер кешінде шаршаңқы, әлденені соншалықты сар­ғайып, сағынып күткен адам кейпінде, қарлы­ғыңқы даусын қырнай сөйлеп, сарай толы  бес жүз­дей студенттің алдында, «Шырақтарым сүйін­ші, бүгін Шәкәрім ақталды» деген Жәкең дауысы әлі күнге дейін санамызда күңгірлеп тұр.

Кешегі Алаш зиялыларының көзін көріп, қо­лын ұстаған, олармен мүдделес, қызметтес бол­ған Жайық Кәгенұлының Тәуелсіздік таңын қарсы алуы, осы бір абыз ақсақалдың ұзақ ғұмырындағы тең­­дессіз бақыты еді.

Азат елдің абызына айналып, сол бір бақытты ғұмыр дәмін аз-кем татса да, Жәкең алаш халқына ай­тарын айтып кетті. Кешегі кеңестер заманын­да идеология ыңғайына икемделген қазақ тари­хындағы ақтандақтарды шамасы келгенше ақиқат тұрғысынан таразылады.

1995 жылы жарық көрген «Ақиқаты осы еді...» естеліктер жинағы осы сөзіміздің куәсі. Аумалы- төк­пелі XX ғасырдағы қазақ тарихы үшін, оның бүгінгі ұрпағы үшін жазушы-публицист Ж.Бек­тұров шығармашылығының көкейкестілігі һәм өміршеңдік мұраттары неде деген сауалға мынадай пайымдаулар келтіруге болады.

– Біріншіден, Жайық Кәгенұлы XX ғасырдың төл перзенті. Қазан төңкерісін бала Жайық кө­зімен көрсе, кешегі байдың барын, кедейдің жанын саудаға салған тәркілеу уақытында 16-18 жас­тағы бозбала еді.  32-нің ашаршылығы мен  37-нің зобалаңында Жайық Кәгенұлы ат үстінде жүр­ген азамат болатын. Публицистика жанрының негізгі критерийі  қашан, қайда, неге деген үш са­уал ­тө­ңі­регінде өрбитінін ескерсек жазушы-публи­цист Жайық Кәгенұлының  шығармашылығы  толы­­ғымен осы өлшемге сай келеді.

– Екіншіден, ұлт зиялылары Әлихан, Мір­жақып, Мағжан, Ахмет, Жүсіпбек, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен тағдырлас, мүдделес болған Жайық Кәгенұлы сол уақыттың тынысын, заман ағымын көзімен көріп, жүрегімен сезінді. Осы алыптар бастан кешкен «тар жол тайғақ ке­шуді» Жәкең де басынан өткерді. Ол жылдар туралы Жайық Кәгенұлы былай деп еске алады: «1937 жылдың аяғында «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасарлығынан алындым. «Халық жауларына» байланысты десті. Орталықтағы залым басшылар жұмысымызда қате болыпты, оны түзетеміз деп біраз көпіріп, жұртты алдау­сыратып сөйлеген кезде, «Социалистік Қазақ­стан» газетіне қызметке жіберілдім. 1939 жылы жаңадан Жамбыл облысы құрылып, об­лыстық газетке жауапты редактор болдым. Алай­да түнгі қоңырау сылдыры құлаққа шалына берді. Соғыс басталған кезде әскерге алындым. Бұл тұста  отыз жетінші жылғыдай газет беттерінде анау жау, мынау жау деп айғайлау басылып, көген­деулі қозының құйрығын түнде келіп, соратын борсықтай үн-түнсіз адам ұстау басылмады. Ақы­ры соғыс басталғанда, Жамбыл қаласында құрылған 105-ұлттық атты әскер дивизиясының «Қызыл семсер»  атты дивизиялық газетіне редактор болдым. Штабы Ташкенттегі Орта Азиялық соғыс округінде өткен редакторлар кеңесінен №82 Ташкент-Новосібір пойызының төртінші вагонында Жамбылға келгенімде, жолаушылап оралған сүйікті туысын күткендей алдымнан  вагон есігі – баспалдақ-табалдырығынан көк жаға­лары тікірейген үш-төрт адам келіп, тұтқынға ал­ды. Бұрынғы отыз жетінші жылғы жазылған лас, былапыт жала, жағылған қара күйе қағаздар көк­темде қоқыс астынан қыбырлап шыққан қара қоңыздай, сары бас жылан құрттардай жан бітіп, қайта тіріліпті».

Қазақ халқының XX ғасырда бастан өткерген «соқпалы, соқпақты жолы», «қилы кезеңі» мен «тар жол, тайғақ кешуі», «үрей мен өкініші», «аңсары мен мұраты» сияқты сипаттардың барлығы да Ж.Бектұровтың тәуелсіздік жылдарында жазған публицистикалық шығармашылығында боямасыз көрініс тапты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, көзімен көріп, жүрегімен түйсінген шынайы шындықтар еді бұлар.

Жәкең қаламынан туған «Тағдыры қиын талант», «Батыр Баян және Мағжан», «Ақан сері және Мағжан», «Мағжанның  анасы мен жұбайы»  атты мақалаларының барлығы Мағжан Жұмабаев өмірі­не қатысты ғана емес, ол сол Мағжан ақын­ өмір сүрген дәуірдің барлық болмыс-біті­мін ай­қындап, сол уақыттың  шындығын баян­дайды. Мағ­жанмен рухтас, мүдделес алаш зиялы­лары­ның дені осы шығармаларда көрініс тауып, олар­дың іс-әрекеті, азаматтық ұстанымы мен ұлт­тық көз­қарасы нақты іс-әрекеттері арқылы ашы­лып, айқын­далады.

Ж.Бектұров ұлтын сүйген биік тұлға. Біз бүгін­гі ұрпақ бұл сөзді батыл һәм сенімді түрде айта ала­мыз. Ұлт сүю ұғымы ұлт туралы ұлағатты ой­­лар мен халықты әлпештеп, әспеттеген әдемі сөздер­мен өлшенбейді. Ұлтты қадірлеу дегеніміз сол халық­тың болашағына өлмес мұра, өшпес сәу­ле қалдыру екендігін баршамыз жақсы біле­міз. Жәкеңнің қаламынан туған  «Кенесары керуенін­де», «Осы екен самұрықтың өлген жері», «Киік»  сияқ­ты шығармаларын зерделей отырып, осыған анық көз жеткіздік.

XIX ғасырдағы Абай дәуіріне аман жеткен ұлы дала әфсәнасын бүгінгі XXI ғасырға жеткізіп кеткен алыптар тобының бір асқары біздің Жайық Бектұров ағамыз болатын.

Жәкеңнің 80 жылдық мерейтойы 1992 жылы Қарағандыда дүркіреп өтті. Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың құттықтау сөзі оқылды. Біз ол кезде жиыр­маның үстіндегі бозбала едік. Той­ға келген қонақ­тарды күтіп, зыр жүгіріп жүр­дік. Жәкең ақсақал мағұрланып «менің жауынгер­лерім!» деп маңдайымыздан сипады. Мына бір егіз шу­мақ сол бір жылдардан қалған тәбәрік еді. Жәкең ақсақалға арналған...

Көтерсем көшелі жыр, сөз байрағын,

Сіз кешкен тар жол тайғақ кезді ойладым...

Қатепті қара нардай қайран Жәке,

Қосылды ұлы көшке бозтайлағың.      

    

Ақиқат нәрін жиып тал-қайыңнан,

Жыр тұма тамшыласын таңдайымнан.

Сәкеннің қолын алған алақаның,

Сипайды бүгін мені маңдайымнан...

Енді бірер жылда Жайық Кәгенұлының жүз жылдық мерейтойы болады. Тұтас бір дәуір­дің энциклопедиясы іспеттес, жазушы, тарихшы, публицист Жайық Бектұров ақсақал­дың шығармашылық мұрасы қазақ халқы жылнамасының шежірелі парақтары. Бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге боларлық «соқпақты, соқ­тықпалы» тарихымызды танып білуге, тағы­лым алуға тұрарлық қазыналы дүние. Осы есте­лікті жазу мақсатымыз да «Жақсының аты, қаламгердің хаты өлмейді» деген қағиданы тағы да бір еске салу тұрғысынан еді...

 

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры