Руханият • 05 Қараша, 2020

Әли Бектаев: Ауыл дамымай, қала жарымайды

1444 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Бүгінде елді мекендердің еңсесін тіктеп, тамырына қан жүгірту мақсатында түрлі қадамдар жасалып жатыр. Соған қарамастан, ауылды дамыту күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселеге айналды. Сапалы білім, медицина, инфрақұрылым жоқ. Тұрғындар білікті мамандарға зәру. Табыс көзінің тапшылығынан жұрт көшіп, ауылдар қаңырап жатыр. Ал ауылды дамыта алмайтын болсақ, қаланы да қарық қылып жарыта алмайтынымыз ақиқат. Бұл ретте, біз ауылдағы жағдайдың жай-жапсарын сұрап, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевпен әңгімелескен едік.

Әли Бектаев: Ауыл дамымай, қала жарымайды

– Әли Әбдікәрімұлы, жылдар жылжыған сайын түтіні түзу ұшқан елді мекендердің қадірі қашып, берекесі кетіп бара жатқан сыңайлы. Сенат депутаты, ауыл адамдарының үнін жеткізіп, дауысын естіртетін партия төрағасы ретінде биік мінберде қандай мәселелерді көтеріп келесіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Еліміздің тірегі ауыл екені бесенеден белгілі. Бүгінде бұл саланың мәселесімен, шешуін таппаған проблемаларымен «Ауыл» партиясы жақсы таныс. Жалпы, сенаторлық қызметім мен партия төрағасы ретіндегі міндеттерімді бір-бірінен бөліп қарамаймын. Депу­тат­тық мандаттың құзыреті аясында ел азаматтарының түйткілді мәселелерін назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Осы уақытқа дейін Үкімет басшысының атына 34 депутаттық сауал жолданды. Сауалдардың басым бөлігі ауыл және ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған. Еліміздің қай өңірінде осы салаға қатысты мәселе туындап жатса, үнімізді қосып, түйінін шешуге атсалысамыз. Елді мекендердің экологиялық мәселелеріне, ауыл шаруашылығы жерлерінің сорлануына, ауыз су мен ағын судың ластануына, жайылым мен агроөнеркәсіпті қаржыландыруға бай­ланысты және басқа да көптеген мә­селелерді Үкімет басшысына жет­кізіп, оң шешілуіне ықпал еттік. Өңір­лердегі мәслихаттарда 38 депутатымыз бар. Жергілікті жерлердегі әлеу­меттік-экономикалық мәселелердің шешіміне олар да белсене атсалысады. «Қазақстанның фермерлер қауым­дастығы», «Ауылшаруашылық кешені қауымдастықтарының альянсы» сияқты бірлестіктермен меморандум жасасып, жаңа бастамаларды қолға алудамыз. Негізгі ниетіміз – ауылдың дамуына мүдделі топтардың күш біріктіріп, ортақ мүдде жолында жұдырықтай жұмыла жұмыс істеулеріне жағдай жасау.

– Ауыл тұрғындарын алаңдататын көп мәселенің бірі – сапалы медици­налық көмектің жоқтығы. Мәселен, елімізде амбулаториялық пункттері, жедел жәрдем көліктері, дәріханалары жоқ ауылдар бар. Мұны Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да мойындап отыр. Сіз басшылық ететін партия осы мәселелерді күн тәртібіне қоя алды ма?

– Пандемия кезеңі еліміздің денсау­лық сақтау жүйесінің олқы тұстарын анықтап берді. Әсіресе ауылдық елді мекендердің эпидемиялық жағдайға даяр емес екендігі анық байқалды. Кейінгі бір айдың ішінде «Ауыл» партиясының бел­сенділері, волонтерлері 200-ден ас­там елді мекенді аралап, ондағы амбу­латориялар мен фельдшерлік-акушерлік пункт­тердің, ауруханалардың жай-күйі­мен танысты. Өкінішке қарай ауыл­­да­ғы медициналық қызмет көрсету сала­сы­ның проблемалары шаш етектен. Мәсе­лен, 3-4 ауылға бір ғана фельдшер қызмет көрсететін өңірлер кездеседі. Оның өзінде тиісті ауылдарды аралап шыға­тын көлігі жоқ. Тұрғындар саны 2-3 мың­нан асатын ауылдарда жалғыз фельдшер жұмыс істеп отырғанын да байқадық.

Бүгінде аталған мәселені шешуге бағыт­талған бірнеше жоспарымыз бар. Бұл бірінші кезекте, ауылдық елді мекен­дерді заманауи медициналық құрыл­ғылармен қамтамасыз ету үшін тиісті министрліктерге ұсыныстар жасау. Әрине, барлық ауылды бір сәтте сапалы әрі қымбат құрылғылармен қамти салу қолдан келмейтіні анық. Дегенмен, мұны шешудің бір жолы – ірі ауылдарда орталықтандырылған медициналық орталықтар ашып, олардың жалғыз өзіне ғана емес, сондай-ақ көршілес ауылдарға, аудандарға қатар қызмет көрсетуін қамтамасыз ету. Мұндай тәжірибе еліміздің бірқатар өңірінде енгізіліп те жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында осындай мәселені шешудің оңтайлы жолдары жақсы нәтиже беріп келеді. Атап айтсақ, атал­ған өңірдегі ірі ауылдар мен аудан ор­талықтарында инсульттік, «Ана мен бала», кардиологиялық, оңалту орта­лық­тары ашылып, олар өздеріне ғана емес, сонымен қатар көрші ауылдар мен аудан­дарға да қатар қызмет көрсетуде. Яғни ауыл тұрғындары бұрынғыдай сабылып бірнеше жүздеген шақырым қашықтықтағы облыс орталығына немесе ірі қалаларға ағылмай-ақ, сапалы медициналық көмекті көрші ауылдан немесе ауданнан ала алатын болды.

Жалпы, эпидемиялық заңдылықтар бойынша ауылда індеттің таралуы аз болуы тиіс. Өйткені онда халықтың шоғырлану тығыздығы қаладағыдай жиі емес. Мыңдаған адам тұратын көп қабатты үйлер мен ірі нысандар жоқ. Ендеше, ауылдарда ковидтің таралуына не себеп?.. Әрине, жергілікті әкімдіктер індеттің алдын алу жұмыстарын дұрыс ұйымдастырғаны жөн. Ауыл халқы өте ұйымшыл. Нақты бастамашыл басшы мен бағыт беретін білікті маман болса, өз игіліктері үшін ештеңеден тартынып қалмайды. Айтпағым, ауыл әкімдері қандай істе болсын жоғарыдан нұсқау күтіп, қол қусырып отыра бермей, бар мүмкіндікті пайдаланып, іске кірісулері керек. Тағы бір байқа­ғаны­мыз, тұрғындары ірі өндіріс орындарында вахталық әдіспен жұмыс істей­тін ауылдарда індет көбірек таралған. Сондықтан да ірі кен орындары мен өндірістердегі санитарлық бақылау мен профилактикалық шараларды да күшейткен абзал.

Шыны керек, ауылдағы ағайындар індеттің бірінші толқыны кезінде шара­сыз­дықтан ем-домын үйде қабылдады. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. «Ауыл» пар­тиясы пандемия жағдайында ауыл­дардағы медициналық қызмет­тің сапасына жүргізген мониторинг­тік шаралардың негізінде Үкіметке хат жолдадық.

– Қазақстанда ауыл тұрғындары жап­пай көшіп жатыр деуге болады. Өт­кен жылдың өзінде «алтын бесікті» қала­ның қым-қуат тіршілі­гіне айыр­бас­­таған отандаст­арымыздың саны жар­­ты миллионға жетіпті. Ауылға ха­лық­ты қалай тұрақтандыруға болады?

– Урбанизация ХХІ ғасырда әлемдік үрдіске айналды. Ауылдық елді мекендер құлдырай берсе, урбанизацияның алдын алу қиынға соғады. Сондықтан да бірінші кезекте ауылдардың әлеуметтік, шаруашылық инфрақұрылымын дамыту шарт. 

Ел тұрғындарының 53,3%-ының ур­ба­­ни­зациялануы мақтанарлық жайт емес. Сол себепті, ауыл-аймақ тұрғын­дарын тұрғылықты жерлерінде ұстай­тын жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін ең дұ­рысы, ауыл халқының қолын­да бар ша­руа­шылығымен нәпақа табуына жағ­дай жасауымыз керек. Әрине, ұйым­дастырылған түрлі агроқұры­лым­дарға жағдай жасаған жөн. Олар түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары. Бірақ олар да жұмыс орындарын беріп үнемі ұлғая беретін зат емес. Олар ауылдағы 4 млн экономикалық белсенді халыққа жұ­мыс беруге қауқарсыз. Сол себепті ауыл халқына өзінің жеке шаруашылығы арқылы нәпақа табуға жағдай жасауымыз қажет.

Бүгінгі күні ауыл­дағы әр азаматтың қора-қопсысы, малы, бақшасы бар. Олар жыл он екі ай өз өнім­дерін шығарып отыр. Статистикалық дерек­тердің өзі-ақ бүгінгі күні елімізде өн­дірі­летін ауыл шаруашылығы тауар­ларының тең жартысынан астамын жеке шаруашылықтардың өндіретінін көрсетуде. Сол себепті, оларға өз өнім­дерін әділ бағаға сату арқылы күн көрулеріне жағдай жасаған жөн. Ол үшін тұтыну-сервистік кооперативтер құру қажет. Олар ауыл халқының өнімдерін әділ бағаға сатып алып, басқа жақта сатуы керек. Сол кезде ауыл халқы қалалық жерлерге көшпейтін болады. Болашағы бар ауылдарды іріктеп алып, соларда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салуды, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – ел бесігі» жобасы әлі де жетілдіре түсуді талап етеді. Ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға арналған жоба сөз жүзінде қалмай, нақты жұмыстарды атқаруы тиіс.

– Үкімет тарапынан ауылды, ауыл шаруашылығын өркендетуге арнал­ған алуан түрлі бағдарлама бар. Бағ­дарлама аясында қыруар қаржы бөлініп те отыр. Алайда қазынадан бөлінген қаржы қаншалықты мақ­сатты түрде жұмсалады? Жұмсал­ған күнде нәтижесі қандай?

– Жоғарыда атап өткендей, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының олқы тұс­тары көп. «Ауыл» партиясының мү­шелері жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, бұл бағдарлама «Еңбек», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сияқты бағ­дар­ламалармен үйлестірілмеген әрі жан-жақты жүйелі ойластырылмай жасал­­ған құжат деуге болады. Жобаға енгі­­зіл­ген тірек ауылдарын іріктеу прин­ципі тү­сініксіз, қандай критерийлермен таңдап алғандығы белгісіз. Сол себепті 3561 елді мекенді құрайтын тізімнен шал­ғайдағы ауылдар тыс қалған. Біз бұл жо­баны қайта қарауды ұсынып отырмыз.

АӨК-ті дамытуға 2019 жылы 448 млрд теңге қаржы бөлінсе, соның 1,6 млрд теңгесі ауыл түрғындарын тұрақты жұ­мыс­пен қамтитын 22 жобаға ғана жұм­салған. Аграрлық бағыт бойынша грант­тық және бағдарламалық-мақ­сат­ты қаржыландыру көлемін арттыру мәселесін біз қолдайтын боламыз. Қазір мемлекет тарапынан АӨК-тің тұрақ­ты дамуы мен ауыл шаруашылығы өнім­дерінің қауіпсіздігіне бөлінетін қаржыны ұлғайтуды ұсынып отырмыз.

– Бүгінде қала тұрғындарының жан басына шаққандағы табысы 66 207 теңгені құраса, ауылда бұл көрсеткіш небәрі 35 349 теңгені құрайды. Мәселен, табысы күнкөріс деңгейінен төмен аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6%-ға жетіпті. Қала тұрғындарымен салыстырғанда бұл екі жарым есе көп көрінеді. Сіздіңше осы мәселені қалай шешуге болады?

– «Ауыл» партиясының жүргізген статистикасына сәйкес, ауылдағы отба­сылардың ішінде әр бесінші әйел табыс­кер екен. Сондай-ақ ауылда тұратын отба­сы­лардың 10 пайызы әйелдер ала­тын жәрдемақы мен зейнетақы қара­жатына күн көріп отыр.

Қазақстанда көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудағы жағдай түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Қазір­гі қолданыстағы ана мен баланы әлеу­меттік қолдау жүйесінде қайшылық­тар бар. Мемлекет тарапынан бала­ны туғаннан бастап 18 жасқа толғанға дейін әлеуметтік қолдау стандартына кепілдік беріліп, оны айқындауға тиіс. Яғни төлемдер отбасының табысына, балалар санын растаусыз жаппай барлық балаға төленуі керек. Мысалы, қазір атау­лы әлеуметтік көмекті 766 мың адам алады. Олардың 492 мыңы балалар. Ал АӘК-тің орташа мөлшері 7,3 мың теңгеден сәл ғана асады. Көпбалалы отбасылардың кедейлігі туралы ақпарат осы статистикамен-ақ расталып тұр. Сонымен қатар отбасының әкесі алимент төлеуден жалтарған немесе кәсіби біліктілігінің төмендігіне байланысты жұмысқа орналаса алмайтын отбасылар кедейлік шегінде қалады. Ал анасы болса, жұмысқа шығу керек немесе мемлекеттен ең аз АӘК алып үйде отыруы тиіс. Мұны аналар үшін әлеуметтік әділетсіздік деп білеміз.

Әйелдер үшін жоғары ақы төленетін жұмыс орындарының болмауы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің және мектеп жасындағы балалар үшін ақылы қосымша білім алудың қол­жетім­сіз­дігі қазіргі кезде үлкен әлеу­мет­тік мәселеге ай­налған. Бір сөзбен айт­қанда, ана мен баланы қолдау саясатында түйіні шешілмеген түйткілді мәселелер баршылық. «Бала­лар – біздің болашағымыз» дейміз, ал егер біз қазір әлеуметтік көмекті кедей­лік шегінің 70% шегінде төлей отырып, тәрбиелейтін болсақ, онда болашақта олардан отансүйгіштікті күтуге, «елге қызмет ет» деп талап қоюға моральдық құқығымыз жоқ.

– Ауылдың жолын, инфрақұры­лымын дамыту да күн тәртібінде тұр. Пандемия жағдайында жығыл­ғанның үстіне жұдырық болып, бұл мәселелерге интернет тарту қажет­тілігі қосылды. Осы мәселелерді шешуге қатысты партия қандай да бір бастамаларды қолға алып жатыр ма?

– Пандемия цифрландыру саласында кемшіліктердің көп екендігін көр­сетті. Әсіресе білім саласы қашық­тан оқытуға көшкен сәттен бастап интернет мәселесі туындады. Интернеттің кей­бір ауылдарда мүлдем жоқ екендігі ай­қындалды. Онлайн оқыту үшін бірың­ғай платформаның болмауы, сайт­тардың әлсіз жұмысы, сонымен қатар кең жолақты интернетпен барлық ауылдар қамтылмағаны, интернет болса да, оның сапасы мен жылдамдығы қанағат­тан­дырмайтындығы белгілі.

Ал ауыл-аймақтың интернет желі­сімен қамтылуы бөлек әңгіме. Бұл бірін­ші кезекте интернет жылдамды­ғының өте әлсіз болуы, екіншіден, шалғай ауылдарға кабель тартуда провайдер компаниялардың оны шығын көруінде. Ауыл-аймаққа ұялы байланыстың сымсыз интернетін ғана жеткізіп үйренген монополист компаниялар оптикалық-талшықты кабельдер тартуды тым қымбат әрі шығыны көп шаруа деп есеп­тейді. Өздерінің бас пайдасын ғана­ ойлаған осындай компаниялардың кесірінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Бұл мәселе осы уақытқа дейін білін­бес те еді. Бірақ коронавирустық пандемия бар шындықтың бетін ашты. Қашықтан оқытуда ауыл-аймақтың интер­неті түкке татымай қалды. Осы ретте еліміздің байланыс нарығына бас­қа компанияларды енгізу тиімді деп ойлаймын. Бұл монополист компания­лар арасындағы келісім мен өзара аймақтарды бөлісіп алу жоспарларын бұзып, сапалы интернеттің ел тұ­р­ғындарына қолжетімді бағада берілуін қамтамасыз етеді. Бәсекелестік болған жерде ғана бұл мәселе шешіледі.

Қазіргі таңда Қазақстанда көптеген ауыл интернетпен қамтылмаған. Ең ал­дымен, осы мәселеге байланысты оқу­шы­лар зардап шегуде. Сондай-ақ ел­дің кент­тері мен ауылдарындағы ұялы бай­ла­ныстың сапасы әлі де өткір күйінде тұр.

– «Ел тірегі – еңбек адамы» дейміз. Алайда өнім өндіріп, елді асырап отырған еңбек адамдары – шаруалар да шалқып отырмағаны белгілі. Қашанғы олар субсидия, несие, дизель отынын сұрап Үкіметке алақан жаяды. Бәрі керісінше болуы керек емес пе еді?

– Отандық агроөнеркәсіптік кешен  шамамен 17 мың заңды тұлғадан, 200 мыңнан астам шаруа қожалығы және 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылықтан құралады. Соңғылары барлық өнімнің жартысынан көбін өндіреді: мал шаруа­шылығында – 72%, көкөніс шаруашы­лы­ғында – 90%, сүт өндірісінде – 80%. Осы­ған қарамастан, көптеген жыл бойы жеке шаруашылықтар мемлекеттік қол­дау­дан тыс қалып келеді. Қазіргі күні ауыл­­дарда шамамен 8 млн адам немесе ха­лық­тың 42%-ы тұрады. Сондықтан ауыл ша­руашылығы бұл жай ғана эконо­ми­ка саласы емес, ол әлеуметтік-эко­но­ми­­калық сала, өмір салты. Оның өзегі шаруа­­ларға жақсы табыс табуға және ауыл­­дағы өмірін жақсартуға мүмкін­дік бе­ретін күшті кооперативтер болуы керек.

«Ауыл» партиясының өкілдері жер-жерлерде фермерлер мен жеке шаруа қожалықтарына кооперация құру, оны дамыту мен артықшылығы туралы кеңес айтып, сұрақтарына жауап беріп келеді. Дамыған елдерде, мысалы Израиль, Жапония елдерінде ауыл шаруашылығы осы кооперация арқылы дамып отырғаны белгілі. Кооперацияның басты міндеті ауылшаруашылық өні­мін өндірушілерге көмек көрсету. Ол қан­дай көмек? Мысалы, ауылдағы ша­ғын қожалықтар, жеке кәсіпкерлер, ЖШС-лар ет, сүт, жұмыртқа, көкеніс, тағы басқа өнім түрлерін өндіреді, бірақ өткізу жолдары тұрақты емес. Осы жерде кооперация көмекке келуі тиіс. Яғни қожалық өнім өндірумен, ал өткізумен кооперация айналысады. Кооперациялардың дамуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ал қала тұрғындарының экологиялық таза өнім тұтынуларына мүмкіндік жасайды. Келесі қадам – бүгінде бизнеске айналған малға қыстық азық дайындау. Бір тонна шөптің өзіндік құны – 7-8 мың теңге, шабындық барысында ол 20 мың, күзде – 30 мың, қыста – 40 мың теңге, ал қыс қатты жылдары 50 мың теңгеге дейін жетеді. Шаруалар шөп үшін өздерінің аз пайдасын беруге мәжбүр.

Әр шаруа қожалығы өзінің малына, техникасына, қаржысына өзі меншік иесі болып қала береді. Тек өнім өткізуде, жем-шөп дайындауда немесе сатып алуда, жанар-жағармай сатып алуда кооперация көмегіне жүгіне алады. Мысалы, жанар-жағармайды әр қожалық 1-2 тонналап жеке-жеке бөлшектік бағамен сатып алғаннан гөрі, бәрі бір кооперацияға бірігіп көтерме бағамен сатып алған арзан және пайдалы болады. Сол сияқты тұқымды, пестицидтерді, шағын техникаларды тағы басқа өндіріске керек заттарды алуға септігін тигізеді. Қазіргі күні шағын шаруашылықтардың банктерден кредит алу мүмкін емес, кредит алу үшін лайықты кепілзат болуы тиіс. Алған күнде де пайыздық өсімі жоғары. Осы жерде де шағын шаруаларға көмекке кооперация қол ұшын соза алады. Мысалы, кооперация құрамындағы үлкен шаруалар артылған қаржысын кооперацияға пайыздық өсіммен береді, ал кооперацияның шағын шаруаларға төмен пайызпен кредит беру мүмкіндігі туады.

– Бүгінде елімізде ауыл халқының үлесі 42 пайызды құрайды. Бұл үлкен күш. Ауылдың жайын айтқанда «Ауыл» партиясының қазіргі қыз­метін айналып өте алмаспыз. Пар­тияның бүгінгі қызметі мен саяси әлеуеті туралы не айтар едіңіз?

– Бүгінде «Ауыл» партиясы қайтадан қалыптасу кезеңін аяқтап, партиямыздың іргесі бекіп, қанаты қатайып, қатары толығып келеді. «Ауыл» партиясы – өзіндік тәжірибесі мен тарихы бар, жұмыс жүйесі қалыптасқан, танымал саяси бренд. Партиямыз құрылымдық тұрғыдан күшейіп, аяғына нық тұрды. Барлық өңірлер мен аудан, аймақтар­да партияның филиалдары мен ұйым­­дары тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. «Ауыл» партиясының аймақтарда шынайы беделі бар. Еліміздің әр өңірінен алынған ақпараттарға сүйене отырып, мен тұрғындардың біздің партияға деген көзқарасы одан сайын жақсарып, партия мүшелеріне деген сенімнің артқандығын атап өткім келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген азаматтың «Ауыл» партиясына өтуге ниет білдіруі – партия­мыздың артып келе жатқан абыройының тағы бір айғағы. Тек 2015-2020 жылдар аралығында біздің партияның құрамы 52 мың адамға артты.

 «Ауыл» партиясының кадрлық әлеуеті де күшейді. Біздің қатарымызда еңбегімен жетістікке жеткен ірі кәсіп­кер де, қара­пайым шаруа да, ауыл­шаруашылық ұйым­дарының, ғылыми-зерттеу институт­тарының жетекші­лері, қызметкерлері, білікті мамандар, ғылым докторлары мен қандидаттары да бар. Оларды партияның алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып келе жатқан «Ауылдың» алтын қоры» десек те болады.

Қыркүйек айынан бастап «Ел амана­ты» жалпыұлттық сауалнама­сын өт­кізудеміз. Сауалнама ел азамат­тары­­нан қоғамдағы саяси-әлеумет­­тік, эконо­микалық мәселелерді жинақтап, шешу жолдарын айқындау­ға ба­ғыт­талған. Мұндағы негізгі мақ­саты­мыз – қоғамдағы өзекті мәселелерді анық­­тап, тиісті үкіметтік органдарға жет­­кізу, еліміздің дамуы бойынша тұр­ғын­­дармен пікір алмасу арқылы қорда­лан­ған мәселелерді қоғам елегінен өткі­зіп, оларды «Ауыл» партиясының бағ­дар­ламасына енгізу. Қазіргі күнге дейін «Ел аманаты» сауалнамасына 130 мыңнан астам респондент қатысып, өз ұсы­ныс­тарын жолдады. Сауалнама интернет арқылы цифлы форматта және дәс­түрлі түрде өткізілуде. Аты айтып тұр­ған­дай, азаматтарымыздың мәселе­лерін өзі­міз­ге аманат етіп алып, сол мәсе­лелерді шешу жолында партияның әле­уетін жұмылдырамыз. Бір сөзбен айт­қанда, «Ел аманаты» партиямызды қо­ғам­­ның нақты мәселелерімен айналы­суға ба­ғыттайтын басты нұсқаулық болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Рауан ҚАБИДОЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20