Зымыраған уақыт деген осы. Кеше ғана ортамызда жүрген Орал досымыздың қайтыс болғанына да, міне, қырық күндей уақыт болыпты.
Орекеңмен нақты таныстығым 1990 жылдан бастау алған еді. Осы жылы ол Торғай облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанда, мен ҚКП Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінде басшылық қызметте болатынмын. Міне, осы тұстан бастап бір қызмет саласында бірге жұмыс істей бастадық.
Зымыраған уақыт деген осы. Кеше ғана ортамызда жүрген Орал досымыздың қайтыс болғанына да, міне, қырық күндей уақыт болыпты.
Орекеңмен нақты таныстығым 1990 жылдан бастау алған еді. Осы жылы ол Торғай облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанда, мен ҚКП Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінде басшылық қызметте болатынмын. Міне, осы тұстан бастап бір қызмет саласында бірге жұмыс істей бастадық.
Мұнан кейін Орекең Торғай өңірінде біраз басшылық қызметтерді абыроймен атқарды да, 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. 1995 жылы Қазақстан Президенті Аппараты ұйымдастыру-бақылау басқармасына мемлекеттік инспектор ретінде қызметке келді. Көп өтпей ел Үкіметі Аппаратының әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды.
Осы кезден бастап Орекең қолынан іс келетін білікті басшы кадр ретінде республика көлемінде жақсы таныла бастады. Соның нәтижесінде 2004 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттығына, артынша Мәжілістің төрағалығына сайланды.
Орекеңнің ұйымдастыру қабілеті жоғары болатын. Адамдармен сөйлесе білетін. Мұндайда оның білімділігі, саяси сауаттылығы көрініп тұратын. Проблемаларды әр қырынан көріп, оны шеше білетін. Білікті басшы болуымен қатар, еліміздің мәдени кеңістігіндегі жүріп жатқан үдерістердің мән-маңызын жақсы зерделейтін еді.
Менің ойымша, Мәжіліс төрағасының қызметі біліктілікпен қатар дипломатияны да қажет етеді. Өйткені, әр жерден, әр саладан сайланған депутаттардың өзіндік пікірі бар. Солардың басын қосып, күн тәртібіндегі мәселеге дәл бағыттай әрі ұйыстыра білу оңай шаруа емес.
Оның үстіне әзірленген заң жобаларының дер кезінде талқыға түсіп қабылдануы төраға қызметіне көп байланысты. Әрине, қабылданатын заңдардың барлығы халықтың көңілінен толық шыға бермеуі мүмкін. Өйткені, көптеген заңдар жақсы ниет үшін ғана жазылмайды. Әрекет ететін уақыттың қатаң шындығы мен талабын ескере отырып, алға қойған мақсатты нақты орындау, көзделіп отырған мәселеде қатынастарды реттеп, тәртіпке келтіру үшін қабылданады. Бірақ, қалай алып қарағанда да кез келген заң өзінің әрекет ету аясындағы халық шешімін күтіп отырған проблемалық мәселелерден тыс тұрмауы тиіс.
Міне, осындайда Орекең «тура биде туған жоқ» дейтіндей мәселенің объективтілігіне зер сала отырып, депутаттармен тіл табысып жұмыс істеп, заңдардың халық көңілінен шығу жағын да ескеріп, адамгершілік, парасаттылық таныта білді. Осындай жауапты қызметте оған білімділігі, біліктілігімен қатар депутаттар арасындағы жеке басының беделі де мәселелерді ың-шыңсыз, дау-дамайсыз шешіп отыруға жақсы жәрдемші болды деп есептеймін.
Орал Мұхамеджановтың Парламент Мәжілісіне төрағалық еткен уақыты жеңіл жылдар емес еді. Парламент бір тарап, онан кейін қайта сайланды. Міне, осы екі шақырылымда да Оралдың төрағалыққа сайлануы оған Елбасы тарапынан жоғары сенім көрсетілгендігінің бір дәлелі.
Орекең жайлы, мінезді адам еді. Біреуді сыртынан жамандау, кек сақтау, кісінің соңына түсу деген ол үшін мүлдем жат қылық еді. Қолынан келгенінше адамға көмектескісі келіп тұратын. Жақсы іске жанашырлықпен қарайтын. Депутаттардың Орекеңді екінші мәрте төраға етіп сайлау жөніндегі ұсынысқа қолдау білдіруінің бір ұшығы оның осы адамгершілік қасиеті мен парасат-пайымына, дегдар мінезділігіне байланысты болса керек.
Арғы ата-бабасынан, әкесінен жұғысты болған Орекеңнің тағы бір жақсы қасиеті әншілігі еді. Марқұм әнді жақсы айтатын. Кейбір емен-жарқын кездесулерде «Ореке, бір ән шырқасақ қайтеді», деп өтініш жасағанымызда, жоғары лауазымды адам ретінде көп бәлсініп жатпайтын. Жалпы қандай ортада болмасын халықтан өзін бөлмейтін.
Бір жағынан алғанда осының өзі Орекеңнің қарапайымдылығын, ақжарқындығын, халықпен етене жақын болғандығын көрсетсе керек.
Орекеңмен біраз сапарларда бірге болдық. Біраз күндерді бірге өткізіппіз. Қимайтын жолдас еді. Амал не, арамызды ажал ажыратып жіберді. Бірақ бұл фәни жалғанда мәңгілік жүру ешкімнің маңдайына жазылмаған ғой. Оның үстіне, есімі елімізге танымал болған, қарымды қайраткер ретінде еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға аянбай тер төгіп, үлес қосқан тұлғаны халық барда өлді деп айтуға бола ма.
Артында қалған ұрпағы бар, соңын күзетіп отырған үйдегі замандасымыз бар, енді солардың амандық-саулығын тілеп, марқұмның иманы саламат болып, нұры пейіште шалқысын дейміз.
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ.
АСТАНА.
ОРАЛ ТУРАЛЫ ОЙ
Орал өтті дүниеден,
Ол да кетті...
Ешкім жүріп көрмеген жолдан өтті.
Алып тынар
Ақыры
Айналдырып –
Ажал шіркін,
Қашанда болған епті.
Жүрмеуші еді
Жағалап ұлықтарды,
Сүюші еді
Салт-дәстүр-ғұрыптарды.
Биігіне
Биліктің шықты-дағы,
Сол биікте –
Мәңгілік тұрып қалды!
Шыжғырылмай тірліктің шыжығына,
Мансап қуып,
Түспеді қызығына.
Дана болып қарайтын
Ол биіктен
Қарапайым қазақтың қыз-ұлына.
Көрдім талай
Өнерде озған атын,
Ол ән салса –
Туған ел мәз болатын.
Қыпша белдер
Қипақтап отыра алмай,
Қолаң шаштар еріксіз
Қозғалатын.
Ғұмыр кешті –
Бір түспен – бір өңменен,
Болдырған жоқ астында күрең дөнен.
Биігінде мансаптың отырса да,
Шенеунік боп ешқашан
Шіренбеген.
Алақанмен
Аялап жердің дәнін.
Жиі ойлаушы ед,
Жабығып
Елдің қамын...
Әлдекімнен дәнекер іздегенде,
Қол созушы ед,
Дегендей:
– «Мен мұндамын!»
«Мен мұндалап» тұратын дара тұлға.
Сөйлеуші еді –
Намыс пен Ар атынан.
Әз жүрегін торғайдай шырылдатып,
Бір жақсылық жасауға жаратылған.
Сайрандамай өмірді – базар көріп,
Қарашаға жеткізбей,
Қазан келіп...
Ел деп,
Жер деп соғатын ер жүректі,
Ажыратып жіберді –
Ажал келіп.
Тастай қайғы халқымның
Бүйірінен,
Соққан кезде көзден жас үйіріп ем...
Ол қоштасып кеткенмен
Қарап жатыр,
Астанаға –
Сарыарқа
Биігінен!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.