Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен жарияланған пандемияға қарсы әрбір мемлекет өзінше күресіп бағуда. Осы орайда, өзін тәуелсіз, зайырлы, құқықтық және демократиялық ел ретінде орнықтыруды жариялаған мемлекетіміз халқының амандығы мен әрбір азаматының денсаулығын сақтау мақсатында жедел шешімдер қабылдап, денсаулық сақтау, халықаралық қарым-қатынастар байланысы мен экономиканың тұрақты дамуына қатысты барлық заңдар мен құқықтық актілерге тиісінше өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оның орындалуын қамтамасыз етуде.
Осының арқасында еліміздегі пандемиялық жағдай біршама тұрақтанды. Осы жетістік халқымыздың бойындағы ұлттық болмысымызға тән асыл қасиеттерімізге жататын сабырлылық пен шыдамдылықтың, ынтымақ пен бірліктің арқасында деуге негіз болып отыр. Бұл өз кезегінде әлі де болса халқымыздың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің жоғары екендігін білдіреді. Оны біз еліміздің азаматтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал жабдықтарды тиісті орындарға жеткізгендігін бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп, біліп отырдық. Өз кезегінде бұл азаматтарымыздың адамгершілік санасының жоғары деңгейде екендігін танытты. Сонымен қатар індетпен күрес кезінде бірінші кезекте денсаулық сақтау саласы мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің өз қызметтеріне адал қарауы еліміздің болашағынан үміт күтуге болатындығын білдірді. Оны біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қауіпті індетпен күресу барысында көрсеткен ерліктері мен азаматтық ұстанымдарына ерекше алғысын білдіріп, әлеуметтік қорғалуына айрықша мән беретіндігіне арнағанынан байқауға болады.
Қазіргі уақытта да әлем әбігерге салып отырған пандемия мәселесі Қазақстан халқына да өз қаупін сейілтті деуге келмейді. Осындай күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған бірінші міндет еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты ету, халықтың табысы мен жұмыс орындарын сақтап қалу өте маңызды. Бүгінгі күні әлем елдері бір ғасырда болмаған өте күрделі экономикалық дағдарыспен бетпе-бет келуде. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша бүгінгі күні тығырыққа тірелген экономиканы қалпына келтіру бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауында қарастырылған бағыт-бағдарлар еліміздің алдында тұрған негізгі мәселелерді шешуге бағытталып отыр дегіміз келеді.
Алдағы уақытта Қазақстан халқына қызмет жасайтын мемлекеттің жаңа стандарттарын дайындау мақсатында қыруар жұмыстар атқару қажет. Осы орайда, құқық қорғау және сот жүйесіне реформа жасау қажеттілігі туындайды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Президент Әкімшілігі жанынан құқық қорғау мен сот жүйесін реформалауды жүзеге асыратын арнайы комиссия құрылатындығын айтқан болатын.
Қазіргі қоғамда індетке айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі жұмысты қажет етеді. Ол үшін әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын ұстануды қалыптастыру аса маңызды. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу емес, оның пайда болу себептерін анықтау, алдын алу шараларын қабылдау қажет. Жемқорлықтың алдын алу үшін барлық мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдар бастамашылық танытып нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту, жаңадан қабылдау бағытында жедел шешімдер шығаруға, бірлесіп әрекет етуге дайын болуы керек. Сондай-ақ қазіргі кезде қоғамда орын алып отырған көріністер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңаша тәсілдерін енгізуді талап етіп отыр.
Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлықты мемлекет тарапынан қадағалауға қосымша ретінде қоғамдық бақылау институттарының жұмысын жандандыру, оның құқықтық негізін қалыптастыру қажеттігі қаралуда. Ол үшін барлық мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығын, әрбір азаматтың қоғамдық жауапкершілігін арттыруға негіз болатын «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданатындығы Президент Жолдауында нақты көрініс тапты. Сондықтан бірнеше жылдан бері өңірлерде жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық кеңестердің рөлін арттырып, жұмысын қайта қарап, жандандыру керек. Бұл үшін, қазіргі қоғамдық кеңестің құрамына әлеуметтік топ өкілдерін оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, үкіметтік емес ұйым өкілдерін қосып, олардың өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік жасау қажеттігі маңызды.
Жолдауда айрықша мән берілген тағы бір сала бұл ғылым саласын дамыту бағыты. Ғылымды дамыту үшін әлемдік деңгейде мойындалған жаңалықтар мен тәжірибелерді қай салаға болса да енгізу үшін жаңа қөзқарас, жаңа тәсілдер мен жаңаша ойлай алатын білімді де білікті кадрлар керек. Аталған маңызды мәселеге нақты қол жеткізу үшін алдағы жылдан бастап дүние жүзінің үздік, жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның іс-тәжірибеден өтуіне және «Жас ғалым» жобасы арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 1000 грант бөлу жоспарланып отыр. Бұл жобаны қаржыландыру, яғни ғылым саласын дамыту тікелей ірі кәсіпорындардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болды. Сонымен бірге аймақтардағы университеттердің ғылыми қызметтерін, оның ішінде инновациялық ғылыми жобаларын қаржыландыру мен іске асырылуына ірі бизнес өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін ғылыми-технологияны тұрақты дамыту бағытында арнайы бағдарламалық құжат қабылданып, оның негізгі міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуде ғылым саласының әлеуетін пайдалану болып отыр.
Жолдаудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – шын мәнісінде «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Бұл – Мемлекет басшысының Парламент пен Үкіметтің алдына қойған, нақты шешімін табуы қажет басты мәселе. Осы жолда еңбек ету қазақстандық әрбір азаматтың парызы, міндеті әрі борышы болмақ.
Жоғарыда айтылғандар негізінде Жолдауда айтылған басты мәселелердің барлығы дерлік халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын шаралар болғандықтан бірінші кезекте халықтың санасын, оның ішінде құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жетілдіру болып танылады. Себебі алға қойылып отырған мақсаттар мен міндеттерді орындауда сананың дұрыс болуы маңызды. Әрбір қазақстандық өз іс әрекеттеріне саналы түрде қарап, саналы шешімдер қабылдаған жағдайда ғана біз биік мақсаттарға жетеміз.
Гүлнар АРҒЫНБЕКОВА,
заң ғылымдарының кандидаты
Қызылорда