Сұхбат • 09 Қараша, 2020

Қырым Алтынбеков: «Реставрация бизнес емес, міндеті – жәдігерлерді сақтап қалу»

765 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ұлы даланың көне мәдениеті мен бай мұрасын зерттеп, қалпына келтіруге қырық жылдан астам еңбек жолын арнаған суретші-реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мажарстанның «Рыцарлық Крест» орденінің иегері Қырым Алтынбековтің есімі шартарапқа мәлім. Суретшінің қылқаламынан туған туындылар көшпенділер әлемінің хабаршысындай десек, «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық орталығында қайта қалпына келген «Алтын адам», Сармат көсемі, Үржар ханшайымы, Берел қорғандарынан табылған ғажайып жәдігерлер көшірмесі еліміз музейлерінде, сондай-ақ БҰҰ штаб пәтерінде салтанат құрып тұр. Сурет өнеріне бала жасымнан қызығып өстім деген Қырым Алтынбеков бүгінгі жеткен жетістіктерінде әкесі Қасенхан мен анасы Гүлжаханның еңбегі өлшеусіз екенін айтады. Ғалымның кешенді ғылыми ізденістерінен туған зерттеулері Ресей, Ұлыбритания, Аустрия, Бельгия, Мажарстан, Корея, Қытай, АҚШ, Түркия және басқа да елдерде өткен конференцияларда әлемдік ғалымдардың көшпелілер тарихына деген қызығушылығын арттырып келеді. Заманауи медицина технологияларын зертхана ісіне бейімдеу, жәдігерлерге тың әдістер қолдану, тарихи деректерді тереңнен тану сияқты кешенді жұмыстардың қайнаған ортасында жүрген Қырым Алтынбеков қазынаға толы әлем жайында әңгімелеген еді.

Қырым Алтынбеков: «Реставрация бизнес емес, міндеті –  жәдігерлерді сақтап қалу»

– Қырым Қасенханұлы, осы жылы Атырау өңіріндегі Миялы қорғанынан та­был­ған жәдігерлер археологтер мен рес­таврация саласы мамандарының на­зарын аударып, тың ізденістерге, жаңа ғылыми бастамаларға сүрлеу салғаны белгілі. Бұл археологиялық қазбалар б.з.д. ІІ ғасырға тиесілі деген деректер бар. Миялы жәдігерлерінің ерекшелігі неде?

– Миялыда табылған ғажайып жәді­гер­лер көне, яғни сармат дәуіріне сәйкес келеді деген болжам бар. Зерттеу жұ­мыс­тары әлі де жалғасып жат­қан­дық­­тан, археологиялық қазбаларға қа­тысты нақты ғылыми дәлелдерді жария ету ертерек. Табылған жәдігер темір сауыт киген батырға ұқсайды. Бас киімінен бастап тұтастай темірден тұ­рады. Көп жағдайда ұрланып кетіп жататындықтан, адам қолы тимеген мұндай жәдігерлер өте сирек кездеседі. Қазіргі кезде қайта қалпына келтіру жұмыстары жал­ға­сын табуда. Көп жыл бойғы қалыптасқан жұмыс тәжіри­бе­міз­ге орай бірінші кезекте жәдігерді өз әдіс-тә­сілдерімізбен қалпына келтіруді, ке­шен­ді зерттеулерді жалғастырудамыз.

– Өзіңіздің жетекшілігіңізбен «Қырым аралы» орталығында қал­пы­на келген көптеген құнды жәді­гер­дің куәсі болып жүрміз. Көне­ден жеткен құнды қазбаларды зерт­теу мен қалпына келтірудің заманауи әдістері бар ма?

– Реставрация аса күрделі әрі кешен­ді зерттеулерді қажет ететін сала. Ж­ә­дігерді зерттеп, бастапқы қалпы­на келтіруде заманауи технология­лар­дан бұрын ұзақ жылғы жұмыс тәжі­рибесінде қалыптасқан әдістер негіз­ге алынады. Өйткені әрбір археологиялық қазбаны зерттегенде, сол дәуірдің барлық ерекшеліктерін ес­керу қ­ажет. Табиғи салдарымен қатар, мәдени, тарихы құбылыстарды мұ­қият зерттеу маңызды. Ал жәдігер табылған аумақты толығымен, бірде-бір дерек жоғалмайтындай етіп, шашауын шығармай қазып алу зерттеу жұмысының шынайылығын қам­та­ма­сыз етеді. Алғашында сол аумақ­тан алынған топырақ, ағаш, киім, сүйек дейсіз бе, барлығы да рентген аппаратына түсіріледі. Мұның барлығы жәдігердің қай кезеңге тиесілі екендігіне айғақ болатын заттар. Яғни сұрағымызға жауап беретін деректерді мейлінше жоғалтпауға тырысамыз. Соның арқасында артефакт жайында толыққанды ақпарат түзіледі. Ал МРТ аппараты арқылы зерттеуде салмағы, көлемі жағын ескеретін өзіндік талаптары бар. Дегенмен жәдігерді бас­тапқы қалпына келтіру – машақатты іс. Зерттеп болғаннан кейін, сол күйінде қатырып, музейге тапсырамыз. Музейге келушілер екі нұсқасына қарай отырып, артефакт жайындағы толық мә­ліметтермен таныса алады.

– Қайта жаңғырту саласындағы табанды еңбегіңіздің арқасында есі­мі­ңіз Қазақстаннан тыс жерлерге де та­нылды. Осы арада Майхан – Уул – «Шатыр тау» жерасты кесенесінен табылған ерте ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларды қалпына келтіруде «Қырым аралы» орталығына таңдау түс­кені белгілі. Алайда бұл жұмыс­тар­­дың нәтижесі туралы мәліметтер сирек кездеседі.

– «Шатыр тау» – Майхан–Уул жерасты кесенесінен ерте ортағасырлық жәдігерлердің табылуы дүние жүзінің археолог ғалымдарын елең еткізген оқиға болды. Қазақстан мен Моңғолия зерттеушілері тапқан ғажайып әлем түр­кі­танушы-ғалым Қаржаубай Сарт­қо­жа­ұлы мен моңғолиялық археологтердің ең­бегімен тығыз байланысты. Үш жүзден астам жәдігер табылған бірегей ескерткішті зерттеу үшін жаңаша әдіс-тәсілдер қажет болды. Ғылым үшін аса құнды осынау деректерді зерттеп, сақтап қалу үшін Еуропа, Қытай, Жапония, Корея, тағы да басқа шетелдерден реставраторлар шақырылды. Нәтижесінде таңдау «Қырым аралы» орталығына түсіп, мемлекетіміз тарапынан қаржыландырылды. Елге бірқатар ескерткіштердің көшірмелерін де алып келдік. Қайта қалпына келтіру машақаты көп, ұзақ уақытты талап ететін жұмыс болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Осыдан қырық жыл бұрын шамасында Ленинградтағы Эрмитажда, Мәскеуде тәжірибе жинақтап, әлемдегі ірі сәулет сарайы Луврдағы ғажайып туын­­дылар таңданысыңызды туғыз­са, бүгінде шетелдік мамандар «Қы­рым аралында» тәжірибеден өтіп жүр. Осыған қарап отандық реставрация сала­сы көш ілгері келеді-ау деген ой туады.

– Луврға Кеңес Одағы тарағаннан кейін жолым түсті. Әлемде даңқы ас­қан музейде жәдігерлер компьютер арқылы бақыланады екен. Бәрі де авто­мат­тандырылған. Ол кезеңде құрал-жабдықтардың құны миллиондаған доллармен бағаланса, мамандарға төле­не­тін еңбекақы да жоғары. Дегенмен бұл сапарым текке кеткен жоқ. Мен өз әдісімді, консервацияда спиртті пайдалануды таптым. Ғалымдар бұдан ештеңе шықпайтынын айтқанымен, мен керісінше, олардың әдісін қа­был­дай қоймадым. Шетелдің жұмыс тәжіри­бе­сінде қолайлы жағдай мен арнайы бокс қажет болса, бізде жәдігерлер бір­қа­лыпты ауа райында сақтала береді. Бастысы әрбір жәдігерге жоғары талғам, бөлекше көзқараспен қарау. Зерттеу ісінде көп маманның да қажеті шамалы. Ортақ мәмілеге келуде халықаралық консилиумдарда пікір алмасу жеткілікті. Көнетүрік ескерткіші жерасты мавзолейі Майхан-Уулды зерттегенде моңғол, жапон, корей мамандарымен осылайша қоян-қолтық жұмыс істегеніміз белгілі. Ал Ресей музейлері туралы сөз еткенде, әлем елдерінен жиналған мың­даған жәдігер көздің жауын алады. Мұнда Қазақстаннан патша заманында әкетілген көптеген жәдігер сақталған. Маңыздылығына келетін болсақ, бізде мұншалықты көп жәдігер жоқ. Музей ісі елімізде енді ғана қанат жайып келеді. Реставрация, консервация саласындағы айырмашылыққа келсек, жәдігерлерді қалпына келтіретін мамандар Ресейдің өзінде бүтін бір армия іспетті. Еуропа, Ресей, Қытай және басқа да елдердің тәжірибесінде темірді біреуі, теріні екіншісі, матаны келесісі қалпына келтіру тәжірибесін қолданады. Соның арқасында сапасы да жақсы шығады. Бірақ осы жәдігерлерді біріктіруде қиын­дықтар туындайды. Сондықтан да біз өз білгенімізбен, шетел реставраторлары өз тәжірибесімен бөлісіп, бір-біріне қолдау көрсетіп отыруы әлемдік археология жетістіктерінің адамзатқа ортақ құндылықтар екендігін көрсетеді. Реставраторлардың міндеті бизнеске емес, құнды жәдігерлерді қалпына келтіруге негізделгендіктен, қай елдің болмасын музейлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қалыпты жағдай. Дегенмен де бұл салада көштен қалған жоқпыз, жетістігіміз де аз емес.

– Әрқайсының екі мың жылдық тарихы бар Берел жәдігерлерін зерттеу­де, құнды мұраларымызды қалпына келтіруде «Қырым аралы» орталығы мамандары қолданған әдістердің ұтымдылығы тұрғысында көптеген материалдардың жарық көргені белгілі. Бұл тәжірибенің ерекшелігі не­де?

– Реставрация тәжірибелері үздіксіз жалғасып отыратындықтан, әр жәдігерді зерттеп, қалпына келтіруде жекелеген тәсілдерге арқа сүйеуге тура келеді. Археологиялық қазбаны зерттеу мен қалпына келтірудегі жұмыстар әртүрлі сипатта қолданылады. Қатып қалған дүние жоқ. Берел қорғанына ұрылар түскеннен кейін ішіне су өтіп, ылғалдан ағаштар шіри бастаған. Киімдер, ертоқым, көптеген жәдігерді лай арасынан алып шығуға тура келді. Тіптен, адам сүйегі жатқан табыттарды әрі-бері тасымалдау мүмкін болмағандықтан, зерттеу алаңы маңында зертхана тұрғыздық. Онда көптеген бұйымдар зерттелді. Осы кезде ылғал сіңіріп, шіри бастаған ағаштарды зерттеуде жаңаша әдістерге бардық. Осы ізденістерімізді кейінгі зерттеулерімізде де пайдаланып келеміз. Осылайша, озық тәжірибелеріміздің нәтижесінде Берелдегі археологиялық жәдігерлерді бастапқы қалпына келтіре алдық.

– 2011 жылы Талды-2 қорымынан табылған сақ көсемінің реставрациясы Ресей, Германия археологтері тарапынан зор қызығушылық тудырғаны белгілі. Бұл салада көш ілгері дамыған елдер мамандарын қандай ізденістер қызықтырған еді?

– Ұзақ жылдардағы жұмыс тәжіри­бе­мізге қарасам, көп жағдайда талан-таражға түсіп кеткен жәдігерлерді қал­пына келтіруге тура келеді. 2004 жылдары Тувадағы «Патшалар даласын­да­ғы» қорымдар археология саласына үлкен жаңалық әкелгені белгілі. Ал петерборлық археолог Константин Шугунов бастаған экспедиция б.з.д. VIII-VII ғасырларға тиесілі Аржан елді мекенінің аумағында Еуразия көш­пен­ділерінің дәуіріне жататын сақ қор­ған­дарын тауып, Ресей мен Германия экспедициясы Аржан-2 қорғанында жұмыс істегені белгілі. Ал қазақстандық археолог Арман Бейсенов бастаған зерттеушілер Қарағанды облысына қарасты Талды-2 қорымынан жүздеген әшекей, арыстан бейнесі, құйма алтындар, айдаһар пішімді бұйымдар мен пырақ бейнелі жәдігерлерді тапты. Аса беделді адам жерленген қорым бұған дейін бірнеше рет тоналып, құнды бұйымдар қолды болған екен. Зерттеу барысында Талды-2 жәдігерлерінің Аржан-2 қорымындағы жәдігерлерге ұқсастығы анықталды. Археологиялық зерттеулерге жауап іздей отырып, қор­ған­ды зерттей бастадық. Нәтижесінде, Ресей мен Германия мамандарының реконструкциясына қарап, біз өзіміздің жобамызды жасап, патшаның киімінде алтыннан тігілген жолбарыстың бейнесін шығардық. Нәтижесінде тарихтың жаңа бетін ашқандай болдық. Бұл мифологияға жауап беретін күрделі жәдігерлер болатын. Арнайы баяндама жасап, шетел археологтерімен қызу пікірталастар туды. Осы ізденістеріміз жоғары бағасын алды.

– Тақсай қорымы күні бүгінге дейін еліміз ғана емес, шетел маман­дары­ның назарын аударып келеді. «Тақ­сай ханшайымын» қалпына кел­тірумен қатар «Қырым аралы» қал­пына келтірген тарақтың да ерек­ше безендірілуі көп­шіліктің қызушылығын туғызған болатын.

– 2012-2013 жылдары Орал қаласынан он бес шақырым жерде Тақсайдан табылған қорымнан ханшайыммен бірге көптеген жәдігер аршылып алынды. Бұл тарих пен мәдениетіміздің біршама сұрағына жауап беретін, отандық археологияда тың жаңалықтар ашқан маңызды экспозицияның бірі болды. Бұл қорымды зерттеу барысында Тақсай ханшайымын жерленгенге дейінгі пішімін қалпына келтіру міндеті тұрды. Әйпегенде, бұл жәдігердің де аңыз болып қалатыны сөзсіз еді. Содан жәдігерлерді құм дорбаларға салып, зертханамызға жеткізіп алдық. Ұзақ шақырымдарға қарамастан, бүлдірмей әкеліп, екі жылға жуық қалпына кел­ті­ру­мен айналыстық. Киімдері шіріген. Темірден, ағаштан жасалған заттар, әшекей бұйымдар мен ыдыс-аяқтар әрі қарайғы зерттеу жұмыстарын тереңдете түсті. Мұндағы әрбір жәдігер рентген арқылы зерттеліп, ғылыми сараптама жасалды.

– Бүгінде жартастардағы жазба ес­керткіштерінің құпиясы әлі күнге зерт­теушілердің назарын аударып келеді. Алайда әлі де зерттеу нысанына ілінбеген жәдігерлердің бүлініп кетуі қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Жартастардағы жазуларды қалпына келтіру ісі қалай іске асуда?

– Петроглифтерді қалпына келтіруде зертханамыз жасаған бірқатар нұсқалар бар. Жартастарда қалдырған жазбалар уақыт өте табиғат құбылыстарының әсерінен, тіпті қолдан жасалған әре­кет­тер салдарынан жойыла бастайды. Сондықтан мұндай ескерткіш аумақ­тарында консервация, реставра­ция жұмыстары жылда жасалып оты­руы керек. Сонымен қатар көне жазу­лар­дың көшірмесін алу ісі де уақыт күттірмейді. Бұл отандық ғылым үшін де, халқымыздың тарихын сақтап қалу үшін де маңызды қадамдар. Жартастардағы көшірмелердің алғашқысы – жапондық мамандармен жасалған Күлтегін тасы. Мұндай жазбалар ата-бабаларымыздың көне дәуірде өз жазуы болғандығының дәлелі десек, бүгінде археологтеріміз кездестіріп жүрген жартастардағы жазу­лардың көптеген фрагменттері қазақ даласына тән ерекшеліктер.

– Бүгінде Ұлы дала төсіндегі ірі қалалар тарихы зерттеушілердің назарын аударып отыр. Заманауи қала­лардың жылдам өсуі, зәулім ғима­раттардың салынуы көптеген жер асты қорымдарын жасырып, көп­те­ген жәдігерлердің жоғалып кетуі де соңғы жылдарда жиі кездесетін жайтқа айналғандай.

– Ұлы даламызда өркениеттердің болғандығын дәлелдейтін Аяққамыр, Баласағұн, Сарайшық, Сауран, Отырар, Созақ, Меркі, Испиджаб сияқты қалалар көп болғаны белгілі. Бұл өркениет әлемінде көшпелілер мәдениетінің отырықшылықта дамығанын көрсетеді. Алтын Орда дәуіріндегі құнды қазбалар сақталған Ұлытаудағы Жошы хан әулетінің мазары Ұлы дала өркениетінің тағы бір дәлелі десек, биыл ең әулетті сұлтандар мавзолейінің Солтүстік Қазақ­стан облысында табылуы осының тағы бір айғағындай. Археолог Тимур Сүлейменов тапқан ХIV ғасырға тиесілі архитектуралық ескерткіштен табылған жәдігерлерге қарап, сол маңды мекендеген тұрғындардың егіншілікпен айналысқанына көз жеткіземіз. Құ­быр­лар, тоғандардың орнына қарап бұл аумақты мекендеушілердің суармалы кәсіппен айналысқанын аңғарамыз. Су соратын құбырлар жер мәдениетінің болғандығына дәлел бола алады. Көп­те­ген тиындардың табылуы да бұл өлкеде көшпелілердің отырықшылықта болғандығының көрінісі. Құрылыс аумағы қоршалмағандықтан, көптеген жәдігердің тоналып кетіп жатқан­ды­­ғы, назардан тыс қалып кететіні қын­жылтады. Көне қалалар жайында сөз қозғағанда түрленіп келе жатқан Түр­кістанды айналып кете алмаймыз. Ең бастысы – мұндағы жәдігерлерді сынын бұзбай сақтап қалу. Ал тарихы бірнеше мыңжылдықтармен байланыс­ты Алматы да көне қорғандар мекені. Оған жаңа ғимараттар салу кезінде кездесетін қорғандар орны дәлел бола алады. Со­нымен бірге Алматының бір­неше мың­жылдық тарихы болғандығына оның та­биғи жағдайы, суы мол, шалғынды өлке екендігі дәлел. Осы тұста заманауи құрылыстардың қарқын алуы салдарынан көптеген қорғандардың аяқ асты болып, жәдігерлердің жоғалып жатқандығы жайындағы да деректерді жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде қаланың Розыбақиев көшесінің бойындағы сақ қорғандары қаланың көне тарихының нышанындай. Соңғы жылдарда көп қорғандар жермен жексен болып кетсе, бірқатары жер сілкінісінен қирап кетті. Көптеген шетелдер тәжірибесінде мұндай қорғандар мемлекет қорғауына алынып, жеке қо­жайындардың жауапкершілігіне табыс­талады екен. Мемлекеттен ескерткішті қорғау үшін арнайы қаржы бөлетін елдер де бар. Ескерткішті аумаққа жауапты адам туристерді шақырып, бизнес жасауына да жол ашық. Бастысы археологиялық нысан қорғалуы керек.

– Сіздің қылқаламыңыздан туған көш­пенділер тарихымен байланыс­ты өнер туындыларына да тәнтіміз. Шетел­дерде де жоғары бағасын алып жүр.

– Суретшілікке кәсібімнің бір бөлшегі ретінде қараймын. Бүгінгі кәсібімнің бас­тауы суретшілік өнеріммен тығыз байланысты. Шығармашылыққа ден қойғаннан кейін әрбір туындыға ерекше көзқарас, тың ізденіс қажет. Осы жұмысымнан рахаттанып, ішкі әлемімде туған дүниелерді өнеріме арқау етіп келемін. Көшпенділер тарихымен байланысты туындыларым шетелдік өнертанушылар үшін үлкен жаңалық әрі тың дүниелер екені рас.

– Қыр-сыры тарихпен біте қай­нас­қан кәсіпті әрі қарай дамыту үшін тәжірибелі мамандар керек. Күрделі кәсіпке жастардың қызығушылығы қалай?

– Реставрация – ғылымның бір саласы әрі машақаты мен қызығы қатар жүретін күрделі де киелі кәсіп. Ата-бабалар рухымен байланысты жәдігерлерді тану, оны бүгінгі азамзаттың игілігіне ұсынуда тарихпен тілдесу үшін де ішкі түйсік пен терең білім керек. Бұл салада өз кәсібіне берілген жандар болмаса, екінің бірі шыдай алмайды. Зертханалық жұмыстардың қиындығы өз алдына бір бөлек десек, ұзақ уақыт ашық аспан астында экспедицияларда болуға тура келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға бір немесе одан да көп жыл кетуі мүмкін. Бүгінде әлем реставраторлары бір-бірі­нен үйреніп дамып келеді десек, маман тапшылығы барлық елдерге тән мәселе. Зерттеу жұмыстарының басы-қасында кәнігі маман кеңес беріп, көш бас­тап жүрмесе, артынан ерген шә­кірттері оны бірден меңгеріп кетеді деу қиындау. Тіптен жәдігерлерді жоғалтып алуымыз да мүмкін. Әрі мұндай ауыр жұмыс екінің-біріне ұнай қоймайды. Дегенмен Павлодардағы Археология институтында Тимур Смағұлов бастаған топтың жемісті жұмыс істеп жатқанын айта кеткім келеді. Мұнда мықты деген кәсіби мамандар жиналған. Құ­рал­дары да толыққанды. Миялы зерттеулері Атырауда мамандар даярлау ісінің бастамасына айналған сияқты. Мұнда шеберлік сағаттарын өткізіп, алдағы уақытта да байланысымызды жалғастыра береміз. Дегенмен де бар құпиясын бойына жасырған артефактармен жұмыс істеу өте қызықты. «Қырым аралында» еңбек етіп жүрген оннан астам ғалымның бірлескен жұмы­сының арқасында көптеген көне жәді­герлер қалпына келді. Адамзатқа беймәлім ғасырлардың құпиясын ашу үшін қаншама ізденістер, зерттеулер жасалды. Нәтижесінде, тарих тылсымынан сыр шертетін ғажайып туындылар өмірге келеді. Біздің жұмысымыздың бар рахаты – нәтижесінде.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»