16 Сәуір, 2010

ҚЫЗМЕТ АЯСЫ КЕҢІДІ

627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен жылы облысты былай қоғанда Ақтөбе қаласының өзінде көптеген денсаулық сақтау мекемелері пайдалануға берілді. Оның ішінде екеуі Елбасының “100 аурухана мен 100 мектеп” бағдарламасы бойынша жыл аяғына таман пайдалануға берілген. №1 қалалық емхана ғимараты 1,3 млрд. теңгеге түсті. Қыруар қаржы жұмсал­ған емхана қалалықтарға медициналық қызмет көрсету сапасын қан­ша­лықты жақсартты? Осыны білмек ниетпен №1 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу істері жөніндегі орынбасары Татьяна КОНДРАТКОҒА жолығып, әңгімелескен едік. – Жаңа ғимараттың қандай тиімділіктерін көріп отырсыздар? – Бұрынғы ескі ғимаратта қысылып-қымтырылып, кейбір аппаратуралар болмай, берекеміз кететін. Дәрігерге қаралуға келген­дер сағаттап күтіп, тағатын тауысатын, бізде анықтауға мүмкіндік болмағандықтан, кейбір ауруларды қаланың екінші шетіндегі емхана­ларға жіберіп, әуреге түсетінбіз. Сондай-ақ әр түрлі аурулардың араласып жүруі де талапқа сай келмейтін. Жаңа ғимарат еңселі де жарық, кең. Осында 550 бөлме, әрқайсысы 70 адамдық екі зал бар. Ересектер бөлімі 350 сырқатты, балалар бөлімі 150 келушіні қабыл­дай алады. Мұнда медициналық тексерілуге қажетті бөлімше­лер мен қондырғылар жеткі­лікті. Осы заман­ғы екі сандық рентген аппараты, флюрографиялық қондырғы, ультра дыбыс­тық тексеру аппарат­тары, басқа қажетті медициналық құралдар дәрігерлердің еңбегін жеңілдетумен бірге, медициналық қызмет сапасын арттыра түсті. Биохимия­лық, дәрет, қан және басқа өлшемдер бойынша ауруды анықтайтын зертханалар да игілікке қызмет етуде. Олардың ішінде бір сәтте он сегіз көрсеткіш бойынша талдау жасайтын аппаратпен жабдық­талған зертхананың қолымызды анағұрлым ұзартқанын айту ләзім. Мұның өзі аурулар­дың босқа сенделуін болдырмайтыны өз алдына, сыр­қаттың сырын тез ашуға да ықпал етеді. Барлық бөлім­ше­лер бөлек-бөлек блоктарға орналас­қан­дықтан, келуші­лердің жүріп-тұруына да ыңғайлы, бір дертпен алысып жүріп, екінші ауруды жұқтырып аламын деп қауіптенбейді. – Емхананың кадрлық қамтамасыз етілуі қалай? Осы заманғы медициналық аппарат­тарда жұмыс істейтін маман дәрігерлер бар ма? – Жалпы біздің емханаға тұрғындар қала­шығы ауданындағы 66 мың тұрғын бекітілген. Біз қазір 81 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетіп отырмыз. Себебі, қала маңында орналасқан Қурайлы елді мекені де бізге қарайды. Оның үстіне біздің ауданда 39 жатақхана, 14 барак үй бар. Оларда көбіне алыс аудандардан келгендер тұрады. Олардың бір-екеуі ғана есепке тұрады, қалғандары есепте жоқ. Бірақ біз оларды да қамтимыз ғой. Осыншама адамға 108 дәрігер, 160 мед­бике қызмет көрсетеді, 24 учаскелік тера­певт дәрігер, 20 учаскелік педиатр дәрігер жұмыс істейді. Дәрігер­лердің 17-сі жоғары, 42-сі бірін­ші және екінші дәрежелі мамандар болса, медби­келердің 42-сі жоғары, 29-ы бірінші және екінші дәрежелі қызметкерлер. Жаңадан алынған қон­дыр­ғыларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен мед­би­келер ірі ­қалалардағы емханалар мен аурухана­ларда тәжірибеден өтіп келді. Бұған дейін әйел­дерді маммо­графиялық тексеру үшін басқа ем­хана­ларға жіберетінбіз. Қазір мұндай сырқаттарды анықтаудың барлық мүмкіндігі бар, осы заманғы бірегей қондырғылардың арқа­сында емшек безі, жатыр мойыны қатерлі ісігі сияқты әйелдер ауруларын алғашқы саты­ларында анықтауға алғышарт жасалды. Жалпы емханадағы бірегей аппараттармен білікті дәрігерлердің арқасында аурудың алдын алу, қатерлі ісік және созылмалы ауруларды ерте анықтау жақсара түсті. Емханада жиырма кереуеттік күндізгі стационарлық бөлім ашуға мүмкіндік туды. Бұл кейбір аурулардың ат сабылтып тұрғы­лықты ауданынан қашықтағы ауруханаларға бармай-ақ, емхананың өзінде ем алуына жақсы болды. Емханадағы тағы бір жаңалық – ол осында амбулаториялық-хирургиялық орталықтың ашылуы дер едім. Орталықта көк еттің жыр­тылуы, жара сияқты жеңіл ауру­ларға опера­ция жасалады. Ұжымда бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесіне көшудің алғашқы қадамдары жасалуда. Кейбір тұр­ғын­дар бұрынғы емхана­лары­нан шығып, бізге ауысып жатыр. – Емханаға жас мамандар қабылданды ма? – Қабылданды, олардың дені акушерлік-гинекологиялық бөлімшеде жұмыс істейді. Жас дәрігерлерге жоғары дәрежелі дәрігер Бақытгүл Сүйіншәлина тәлімгерлік етеді. Біздің емхана ұжымы халыққа медици­налық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытында алдағы уақытта да жүйелі жұмыс­тар жүргізе береді. Ол үшін материалдық жағдай жеткілікті, кадрлық қамтамасыз етілуі де көңілден шығады. Әңгімелескен  Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.