Таным • 10 Қараша, 2020

Труман тұйығы

504 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сіз өзіңізді ешқандай шоудың кейіпкерімін я болмаса ешқандай қойылымның режиссерімен деп ойламайсыз ба? Не болмаса сіздің санаңыздың еркіндігіне ешкім қол сұғып жатқан жоқ па? Сіз ешкімнің қуыршағы емессіз бе? Әлде керісінше сіздің жаны бар жазықсыз қуыршақтарыңыз көп шығар? Бұл сұрақтарды біз өзімізге Труман есігінен шығып бара жатқанда, бәлкім кіріп келе жатқанда бірнеше мәрте қойған едік. Бұл фильмді көргеннен кейін сіз де осы сауалды бізге жолдауыңыз әбден мүмкін?

Труман тұйығы

Әңгіме режиссер Питер Уирдің «Тру­ман шоуы» фильмі туралы болатынын сезген сияқтысыз. Ендеше, біз айтқан есік туралы да сіз жақсы білуіңіз керек. Ең қызығы, бұл фильм туралы естімеген жұрт та аталған есіктен хабардар болуы ғажап емес. Себебі ол есік ешқайда апармайтын бітеу. Жалпы адамның армандарына жол ашпайтын есікті есік деу дұрыс па? Труманның есігі тура осындай тұйық есік, тұтқын есік.

Сөзіміз түсінікті болуы үшін алдымен фильм желісін қысқаша баяндап кеткеніміз жөн. Басты кейіпкер, отыздар шамасындағы Труман Бербанк шағын қалада, нақтырақ айтсақ өте үлкен түсірілім алаңында қаннен қаперсіз өмір сүріп жатады. Кез келген нысан декорация,  күн райы, ай, бұлт, теңіз дейсіз бе, түгел техника, тіпті жарық Күннің өзі жасанды фонар. Ал оны қоршаған адамдар массовка, бір сөзбен айтқанда кәсіби актерлер. Өмір бойы Труманмен сценарий бойынша араласады, оны күні-түні қадағалайды, сол үшін ақша алады. Бір сөзбен айтқанда барлығы жалғыз Труман үшін жұмыс істейді. Ең сорақысы бұлардың бәрінен біздің бейшара кейіпкеріміз мүлде бейхабар. Оның тіпті әке-шешесі, досы, жан жарына дейін түгел актер. Былайша қарасақ, оған деген махаббат, достық, өмір қағидаларының кез келгені Труман аяқ басқан сайын өтірік айтады. Одан да сорақысы түсі­рілім алаңындағы Труманды бүкіл әлем тікелей толқында жиырма төрт сағат бойы отыз жыл тамашалап келеді. Бәлкім ертесі жұмысқа бара жатқан Труманның жанына көкпеңбек аспаннан «Сириус жұлдызы» деген жазуы бар прожектор жалп етіп құлап түспегенде бұл шоу өмір бойы жалғаса берер ме еді, кім біледі?

Труман сол күнге дейін өз қалыбында өте бақытты адам болатын. Оның әрбір әрекеті сызылған схема болса да Труман сенген өмір, сүйген адам, нақты арман-мұраттар бар еді. Бәрін құртқан «Сириус жұлдызы» деген жазуы бар прожектор.

Ойлаңыз, көлемі ғарыштан көрініп тұратын үлкен шар сияқты вакуумда бес мыңнан астам жасырын бейнекамера, қаншама мыңдаған адам, оны тамашалап жатқан жер бетінің миллиардтаған тұрғындары тек бір ғана нысан үшін өмір сүреді, Труман үшін. Әлем жалғыз кейіпкер үшін жұмыс істейді. Труман сәйкесінше, айналасындағы түгел жа­сандылықтың ішіндегі жалғыз шынайы тағдыр иесі.

Бір жағы оны сол шынайылығы үшін де Жер бетіндегі түгел көрермен отыз жыл бойы қадағалайды. Труман ғана өмірде дайын мәтінсіз сөйлейді, шынайы күледі, шынайы жылайды, шынайы жақсы кө­реді, шынайы қайғырады. Жалпы ал­ғанда адамдар өздерінде жоқ бақытты Труманнан табады. Сол үшін «Труман шоуының» тұрақты тұтқындарына бейсана айналады.

Жалпы, кез келген адамның ішінде Труман идеалы жатады дер едік. Тек ол Трумандардың еркін өмір сүрулеріне қоғам ешқашан мүмкіндік бермейді. Сол үшін де түгел адамзат «кейіпкер Труманның» тілекшісі.

Айтпақшы, аталған шоу о баста бү­гінгі тілмен айтсақ рейтинг үшін ойлас­тырылған жоба болады. Труманның тағдырын күндіз-түні тамашалау аталған арнаға адам сенбейтін табыстар әкеледі. Кейін Труман тағдырынан ақша жасау үлкен бизнеске ұласады. Әлбетте адам тағдырынан рейтинг қуалау біздің қоғамға да әлдеқашан келіп жеткен.

Қолдан тұрғызылған Сихэвэн қала­шығы Труманның Отаны, оның жасанды құмы мен өлі теңізіне дейін Труман үшін ыстық. Бір жағы Труманды шеңберде жүр деуге келе ме өзі деп те ойлайсың? Шын мәнінде цирк сахнасында қай-қай­­сымыз да өмір сүріп жатқанымыз өті­рік емес. Біздің де араласып жүрген адамдарымыздың арасында өмір кәсіби актер деңгейінен де асырып жіберген жандар жүрмегеніне кім кепіл? Аталған кинодағы Труман шоуын ойлап тапқан режиссер Кристоф сияқты бәрімізді сырттай бақылап тұрған адамдар болуы ғажап емес қой? Әрине, бәріміздің тағдырымыз Жаратқан жалғыз Иеге тиесілі десек те, адамды адамның басқаруы таңсық құбылыс емес. Оның бер жағында бұқара­лық ақпарат құралдары біздің өміріміз­дің бір бөлігіне айналғалы қашан? Түп­­теп келгенде барлығымыз Труман синдро­мы­ның сырқаттары болуымыз бек мүмкін?

Жә, фильм желісіне қайта оралайық. Труманды режиссер тіпті жатырда жат­қан кезінен бастап бақылауға алып эфирге шығарады. Жер беті Труманның апыл-тапыл аяқ басқанынан бастап ғашық болған бозбала шағын, жігіттік кезеңін бәрін-бәрін үзбей тамашалайды. Бәленің көкесі бір күні Труман ке­зінде суға батып, жоғалып кеткен әке­сі көшеде қайыршының рөлін ойнап тұрғанын көріп қойғанынан өршиді. Труман Сихэвэннен қашуға әре­кет етеді. Бірақ қаша алмайды. Себебі Тру­манда теңізден қорқатын үлкен фобия болатын. Сол фобия оны өз тұйығынан шығуына өмір бойы бөгет болып келеді. Фобияға Труман кішкентай кезінде әкесінің осы теңізге батып кет­кенінде ұрынған-тұғын. Шоу авторы сәйкесінше қаланы сол теңізбен қор­шатып, Труманның фобиясын өмір бойы пайдаланады.

Дегенмен Труман күдігі ұлғая бе­реді. Тіпті әйелінің өзі камера үшін сөй­лей­тінін, жансыз қабырғаларға қарап күлетінін аңғарады. Не керек, күнделікті тіршіліктің барлығы жасанды тұйық шең­бер екені нақты айқындалады. Осыларды анық сезген ол режиссер Кристофтың бүкіл жоспарын бір-ақ күнде быт-шыт қылады. Өзі өмір бойы қорқып келген ашық теңізге тәуекелдеп шыққан Труман көкжиекке жүзе береді, жүзе береді. Бітпейтін көкжиек болсын ба, әлдебір уақытта Труман қайығы картон көкжиекті тас еткізіп теседі де, қайық кілт тоқтайды. Бәрі әшкереленеді... Осы күнге дейін сеніп келген идеалдардың барлығы құрдымға кетеді, Труманның көз алды аласапыранға толады. Көкжиекті жағалап жүріп көрсе, алдынан көзге көрінбейтін саты бары білінеді, оған өрмелеп еді, «Шығу» деген белгісі бар көкжиек есік көрінеді. Труман сол есікті енді аша бергенде бейне аспаннан, нақтысы студияның төбесінен Шоу режиссерінің зор дауысы жаңғырып жетеді. Труман иллюзиясының авторы кейіпкерге бұл телехабарды өзіне әдейі ашқанын айтады. Труманды шын өмірдегі өтіріктер мен аярлықтардан арашалау үшін осыған барғанын баяндайды. Түптеп келгенде сен қазір аттайтын есік шынайы өмір емес, ең жасанды, былық өмір сол жақта дегенді айтады. Бірақ оған қарайтын Труман жоқ, есікті аттай бере... фильм аяқталады.

Режиссер осылай бізге сұрақ қал­дырды? Труман ол есіктен әрі қарай өтті ме, бері қайтты ма? Режиссер кім, Труман кім, оны тамашалап жатқан көрермендер кім? Айтпақшы, фильмде Труманға жалғыз жанашыр қыз болады. Алайда шындықты ашып айтқысы келгендердің ғұмыр жолы бізге белгілі, оны режиссер ауып кеткен адам деп Труман шоуынан аластатып жібереді...

Ақиқатында Труман да актер еді. Айна­ласындағы өтіріктерге күле қарай берген адам да күндердің бір күнінде актерге айналады. Біз де өтірік ұрандар мен жалған жарнамаларға, картон кеңселер мен «ішінде адамы жоқ киімдерге» ілесіп Труман сияқты тұйықтарда тұтқын болып жүруіміз ғажап емес. Олай дейтініміз, Труман аталған аумақтан шығып кетуі де мүмкін еді. Бірақ оны қоршаған түрлі жарнамалар кейіпкерді бұл ойдан дереу тайдыратын. Ұшаққа билет алайын десе маңайы толған ұшақ апаты туралы баннерлер, жолға шығайын десе түрлі сылтаулар толы плакаттар. Труман есігі оны ешқайда шығармайтынын осыдан-ақ байқауға болады. Аңғарған адам фильм соңында Труман шыққалы тұрған есіктің қап-қара екенін де көреді. Бұл да үлкен деталь. Жалпы фильмнің айтар ойы әлдеқайда ауқымды. Газет бетінде оның барлығын түгел қамту әлбетте мүмкін емес. Бір ғана дүниені білсек болады, Труман негізі о баста өмірге келмеуі керек, жасанды түсік тізіміндегі тағдыр иесі болатын! Тақырыбымызды Труман тұйығы деп атағанымызбен бұл сөздің астарында Труман түрмесі деген түнек барын сезесіз. Күнделікті бір қалыппен баяу сырғып жатқан Труман шеңберінің түрмеден еш айырмасы жоқ.

Труман түрмесі бізге қазақ даласын қан сасытқан ҚарЛаг қасіретін есімізге түсірді. ГУЛАГ-тың ең ірі филиалы Қар­Лаг та мемлекет ішіндегі модель мемле­кет, тура осы Труман түрмесі сияқты шек­теулер мен дайын сценарийлерден тұра­тын жүйе болды. Сталиннің сойылын соққан солақай саясат социализмнің туын желбіретіп, тұтқындардың таным-түсініктерін шектеп, еңбектерін есепсіз қанап келген лагерде мүлде басқа уақыт, мүлде басқа идея, мүлде басқа көзқа­рас, мүлде басқа өмір ырғағы болды. Тру­ман түрмесі ойдан құрастырылған ойын түрме десек, ҚарЛаг колониясы тек адам­дардың аяусыз жанышталған бейкүнә тағдырларынан тұрғызылған түрме еді.

Жалпы, Труман түрмесі мен сталин­дік тозақ шеңбердің ұқсас жерлері өте көп. Ең бірінші ұқсастық ол екі модельде де басты кейіпкерлердің санасын улап тұратын баспасөз беттері. Труман тыңдайтын радио хабарлардың, Труман оқитын газеттердің бәрі өмірде жоқ, жалған прессалар болатын. Бұндай газеттер ҚарЛаг қалыптаған тоталитарлық жүйеде де басылып жатты. Аталған азап жүйеде шыққан газеттер тар бұғау­дағы тағдырлардың алдына көптеп шығарылып келді. Атап айтқанда, 1934-1935 жылдар аралығындағы 67 нөмірі шыққан «Путевка» газеті, 1934-1935 жылдар аралығындағы 9 нөмірі жарық көрген «За новую технику» газеті, 1934-1935 жылдар аралығындағы 49 нөмірі шыққан «Жаңа жол» газеті сияқты көптеген басылым беттері жалған жүйенің жалауын желбіретіп, өтірік лепестермен жазықсыз жандардың санасын сарсытып келген. Аталған газеттердің ешбірінде шынайы ақиқат айтылмайды, тек Сталин сызып берген тікен сымның ішіндегі өтірік көңіл күйлер күн сайын басыла берген, басыла берген. Ең қасіреттісі, сол жалған хабарлар мен өтірік мақалаларға кейін келе ҚарЛаг халқы имандай сене бастаған...

Жалпы Труман тұйығы туралы әлі де көп айтуға болар еді...