Экономика • 11 Қараша, 2020

Еуропалық одақ даму банкіне иек артар кезең

236 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына коронавирус пандемиясынан кейінгі кезеңде атқарылуы тиіс жұ­мыс­­тар жөніндегі екі мақаланы ұсынып отырмыз. Еуро­палық инвестиция банкінің президенті Вернер Хойер бүгінгі жарияланымында қарт құрлықтың қазіргі таң­дағы әлемдік аренадағы жағдайына тоқталады. Оның пайымдауынша, Еуропалық одақ көшбасшыға айналуы керек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Брюс­сель­дегі саясаткерлер қаржыландыру мәселесіне баса назар аударғаны жөн.

Африка даму банкінің бастамасымен құрылған Africa 50 инвес­тициялық алаңының директоры Элейн Эбобиссе пост-пандемия кезеңінде қара құрлықты тығырықтан шығаратын жол ретінде активтерді жекешелендіруді ұсынады. Автордың сөзіне сүйенсек, Африка елдерінің басшылары цифрландыруды белсенді жүргізіп, жеке­ше­лендіру мәселесіне ерекше ден қойғаны жөн.

 

 

Еуропалық одақ даму банкіне иек артар кезең

ЛЮКСЕМБУРГ – Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде ұлтшылдық идеясы белең алып келе жатқан уақытта Еуропа өз алдына одан да маңызды мәселелерді қоюға тиіс. Сауданы жолға қойып, адам құқығын қорғауды насихаттаудан бастап індет пен климат өзгерісінің кері әсерін жеңілдетуге дейінгі түйткілдерді қамтып, Еуропа жаһандық көшбасшыға айналуы керек. Мұндайда Еуропалық одақтың негізгі темірқазығы саналатын көпжақтылық негізге алынғаны жөн.

Франция президенті Эмма­ну­эль Макрон БҰҰ Бас Ассам­блеясының қыр­­күй­ектегі отырысында айтып өткен­­дей, «Еуропа жаңа шешімдер қа­лып­тас­тыруға белсене араласқаны абзал. Өйт­ке­ні біз жаппай күштілердің би­ле­уін айыптағанымыз жоқ. Бұл өз кезегінде жаппай әлсіздігімізге әке­ліп соқты».

Әлеуетті жаһандық рөл Еуро­па­лық одақтың даму жөнін­де­гі бағытын мүлтік­с­із келісуді қажет етеді. Дүние­жү­зі­лік банктің мәлі­ме­тіне сай, COVID-19 дағ­да­рысы дамудың жаһандық жоспарын күл-талқан етіп, қосымша 100 млн адамды кедейлік шегіне жеткізуі мүмкін. Сол себепті даму туралы Еуропаның зор даусы моральды тұрғыда керек.

Мұндай ұстаным Еуропаның өз мүддесі үшін де қажет. Даму­шы елдер пандемияның ден­сау­лық пен экономикаға ти­­гізген салдарымен күресіп жат­­қанда, ондағы қауіпсіздікке қа­тыс­ты қауіп-қатерлері мен түйт­кілдерінің ешқайсысы бәсеңдеген жоқ. Қазірдің өзінде Сахел мен Ирак секілді қауіпті не қақтығысқа толы аймақтарда зорлық-зомбылықтың артып келе жатқаны туралы мәлімет бар.

Климат өзгеруінің дамушы елдерге тигізген жойқын әсері де Еуропаның халықаралық рөлін күшейтуді талап етеді. Жаһан­дық жылынуға қатысты тек еуропалықтардың әрекеті еште­ңе шешпейтінін жақсы білеміз. Оған қоса, Еуропаның көміртегі газын шығару көлемі Азияның деңгейінің үштен бірін ғана құрайды. Климат өзгеруінің әсерін болдырмас үшін біз өз шекарамыздан шығып, басқалардан сабақ алып, тәжірибемізбен бө­лі­сіп­, шартараптағы «жасыл» эн­ер­гетика инвесторларымен ын­­ты­­мақтасуымыз қажет. Бір­тұ­тас кли­мат­­тық стратегия тиімді Еуропалық даму стра­­те­гия­сы­ның негізгі құралы болуға тиіс.

Бұл Еуропаның даму жөнінде тере­ңірек ойланып, ЕО-ның дамуды қаржы­ландырудағы төрт бағытының шеңберінен шығуын талап етеді. Одақ Дүние­жүзілік банк сияқты жаһандық ұйым­дар­ға, сондай-ақ Африка Даму банкі және Еуропалық Қайта құру және даму банкі сияқты аймақтық бағыттағы ұйымдарға қатысады. Бұдан бөлек, Еуропалық инвес­ти­циялық банк (EIB) арқылы дамуды екіжақты, Agence Française de Développement секілді институттар арқы­лы ұлттық бағытта қаржыландырады.

Еуропа төрт бағытты жал­ғас­ты­ра беруі керек. Бірақ ұлт­тық мүдделер алшақтаған әлемде ЕО басымдықтары мен құн­ды­лықтарын халықаралық дең­гей­­де ілгерілету үшін өзінің стра­тегиялық автономиясын күшейт­ке­ні жөн. Климаттың өзгеруі, адам құқығы, дүниежүзілік құн­ды­лықтар тізбегінің өзгеруі, көші-қон сияқты стратегиялық ма­ңызды мәселелерде АҚШ, Қытай не Ресейдің әрекетін күтіп отыра алмаймыз. Оның үстіне, Еуропалық одақтағы жекелеген елдердің біржақты әрекеттері Еуропа үшін жеткіліксіз, тиімсіз және тіпті нәтижесіз.

ЕО басқа әлемдік державалар секілді даусын анық аң­ғарт­қаны жөн. Қытай Азия Инфра­құ­рылымдық инвестициялар бан­кін құрып қана қоймай, сонымен қатар Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасы арқылы Қытай Даму банкінің екіжақты даму институтының ресурс­тары мен міндеттемелерін ұлғайтты. Алаңдататыны, Қытай жанар-жағармай өндірісіне инвестиция салуға ішкі нарық­та шектеу қойса да, шетелде көмір және газ жобаларын инвестициялық қаржы­лан­дыруға ұмтылысы анық аңға­рылады. Осылайша, әлемнің таза техно­логия­­сын ұсынатын ком­паниялары бас тартқан на­рық­қа қытайлық фирмалар белсене араласып отыр.

Осы орайда, президент Дональд Трамптың басшылығымен «Әуелі Аме­ри­ка» саясатын ұстанған АҚШ тарапы түрлі институттарды елдің екіжақты даму әрекетін күшейту үшін АҚШ Халық­ар­алық даму қаржы корпора­циясының құрамына біріктірді. Егер Еуропалық одақ жағдайды теңестіргісі келсе, сондай-ақ 2015 жылғы Париж климаттық келісімі мен БҰҰ-ның тұрақ­ты даму мақсаттарының жаһандық күн тәрті­бінен ауытқып кетуіне жол бермеуді көздесе, дамуды қар­жыландыру қызметін кү­­шей­ту­ге тиіс.

Көпшілік ЕО даму банкін құруды ұйымның жаһандық рөлін күшейту үшін қажетті әрі дұрыс қадам деп есептейді. Ұйым­ға мүше мемлекеттер осындай ұстаныммен EIB шатырының астына жиналатын, осылайша бір­ге салған активті пайдаланатын уақыт жетті.

Еуропалық одақтың даму банкі жедел, маңызды және ресурс­тарға тиімді әсері бар. Қаржы министрліктерінің жалпы қадағалауын қамтамасыз етіп, ұйымның ұлттық даму министрлеріне тізгін тапсырылады. Жаңа институт осыған дейін жетіспей келген үйлестірілген, ашық және қаржыландырудың еуропалық тәсі­лін жүргізуге мүмкіндік береді. Оған қоса, Еуро­палық Комиссия мен Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің әлеу­етті басқаруы банктің стра­те­­гия­­сына, сондай-ақ жекелеген жобалардың әу бастан-ақ ЕО-ның даму саясатының мақсаттарына сәйкес келетініне кепілдік береді.

Бұл жаңа институт Еуропаның жаһан­дық және аймақтық банктермен көп­­жақты қатынасын алмастыра алмайды. Сонымен қатар ұлттық даму институттарының қуатты және сан түрлі нақты бағытын әлсіретпейді. Керісінше, бұл қадам мүше мемлекеттерге түйткілді елдердегі қоғамның тұ­рақтылығын қолдау және климат өзгерісіне қарсы әре­ке­ті секілді жаһандық және ай­мақ­­тық деңгейде жет­кілік­ті дәре­же­де тал­қыланбайтын ортақ мәсе­лелерге қатысты Еуропалық одақ­тың еркін пікір білдіруіне жағдай жасайды.

Қазіргі Еуропалық даму жұмы­сының мүмкіндігін толық пайдалану үшін бүкіл ұлттық даму банктері мен агенттіктері ЕО-ның жаңа даму банкіне қаты­суға құқылы. Ондай болмаған жағдайда, дер­бес­тігін, ұлттық мандаттарын және ЕО қар­жы­­ландыруына қол жеткізуі екіталай. Бұл дамудың қаржы­лан­дыру қызметін ЕО мен ұлттық деңгейде байланыстыруға және міндеттердің айқын бөлінуін қам­та­­масыз етуге мүмкіндік береді.

Еуропалық одақ Даму банкі мен ұлт­тық даму институттары бірлесіп қар­жыландыратын шаралар одақтың қатер­лерді бөлісу мандаттарын жедел­детіл­ген бекіту процедурасына айналдыруы мүмкін (бүгінде ЕО-ның кей мандаттары осындай). Бұл қосымша қаражатты қажет етпестен оны бөлуге қатысатын бюрократияны (және уақытты) қысқартып, әсері едәуір артады.

ЕО дамудың жаңа бағытын белгілеп, Еуропаның әлемде ма­ңыз­ды рөлі бар екенін аң­ғар­туы тиіс. Тарихымыз, ұста­ным­­дарымыз бен өршілдігімізге ке­ре­гі тек осы.

 

Вернер ХОЙЕР,

Еуропалық инвестиция банкінің президент

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org