26 Қараша, 2013

Қолдау нақтылыққа негізделуі тиіс

310 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партиялық куратор сараптама тобының «Жастарды қолдау» бағыты бойынша отырысы болып өтті. Оған сараптама тобының мүшелері, Астана мен Алматы қалалық және облыстық мәслихаттар депутаттары, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партиялық куратор сараптама тобының «Жастарды қолдау» бағыты бойынша отырысы болып өтті. Оған сараптама тобының мүшелері, Астана мен Алматы қалалық және облыстық мәслихаттар депутаттары, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Отырысқа Мәжіліс депутаты Мейрам Бегентаев жетекшілік жасаса, сарапшы топтың мүшелері құрамында палата депутаттары Алдан Смайыл, Шалатай Мырзахметов, Анатолий Пепенин және Серік Оспанов болды. Бұл ретте Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2012 жылы «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» Сайлауалды тұғырнамасын сапалы жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының фракциясы мүшелерінің сапынан Мәжілісте сайлауалды тұғырнама бағыттары бойынша партиялық кураторлар анықталған-ды. Сарапшы топ мүшелері алдында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі қазіргі таңда жұмыссыз жүргендердің 30 па­йызын жастар құрайтындығына, олардың мамандығы не біліктілігі немесе еңбек дағдысы жоқтығына назар аудартпаққа тырысты. Алайда, топ мүшелері мұндай уәжбен келісе қойған жоқ. Олар бұл ретте еңбек нарығындағы мамандыққа сұраныстар мен білім беру саласының арасында байланыстың әлі күнге орнамай отырғанына қынжылыстарын жасырмады. Жастарды қорғай сөйлеген Шалатай Мырзахметов қазіргі жастардың білімі де, өмірге бейімділігі де бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екендігіне тоқталды. Бір ғана мысал ретінде, мемлекеттік қызметке орналасуда бір жылдық еңбек өтілі болуын талап ететіндігін алға тартқан ол, алдымен жас маманды бір жылдық еңбек тәжірибесінен өткізу тетігін қарастыру қажеттігін ерекше атады.

Жастардың басындағы қиын­шылықтарды сөз еткен Мәжіліс де­путаты, сараптама тобының мүшесі Алдан Смайыл оларды шешу үшін республикалық дербес жастар агенттігі құрылуы қажеттігін жеткізді. «Министрліктің жанында отырған комитет өз бетімен бірнәрсе шеше алады деп ойламаймын. Ол вице-министрге де, жауапты хатшыға да, министрге де бағынышты. Қалай болғанда да, солардың ықпалында кетеді», деді А.Смайыл.

Депутаттың пайымынша, мемлекеттік грант берілген жас­тарды жұмысқа ор­наластыруға мемлекет жауапты болуы керек. «Мемлекет ақша беріп, 5 жыл оқытты. Содан кейін «жүгенін сыпырып» қоя беруі керек пе? Бізге мемлекеттік грантпен оқыған жастар міндетті түрде жұмысқа орналассын деген заң қажет. «Халықты жұмыспен қамту туралы» заң әзірленіп жатыр екен. Сол заңға осындай норма енгізу керек», деді топ мүшесі. Сонымен қатар, депутат мамандар даярлап жатқан жекеменшік оқу орындарының жауапкершілігін күшейту қажеттігін де баса айтты.

Жалпы, отырыс барысында жас­тарды еңбекке орналастырудың қыр-сыры жан-жақты талқылану­мен қатар, жастар саясаты сала­сын­дағы 2014 жылға арналған облыстық бюджетті құру және жастар ұйымдары жұмысының желілік кестесін қалыптастыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, он-лайн режімінде жастар арасында отырған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді уақытында айқындап, талдау және мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға нақты ұсыныстар жасайтын өңірлік жастар саясаты мәселелері басқармаларының жетекшілері байланысқа шығып, өз ойларын ортаға салып отырды.

Халықаралық тәжірибелермен қоса, сарапшы топ отандық сарапшыларды да осы мәселеге жұмылдыру қажеттігіне, тіпті, қажет болса, жұмыссыз жастардың өзін себебін білмек үшін әңгімеге тартуға шақырды. Отырыс барысында бірқатар ұсынымдар қабылданып, енді олар тиісті жерлерге жолданатын болады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар