Руханият • 12 Қараша, 2020

Кірпіші көне көпестің үйі

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихы терең Зайсан қаласындағы кірпіші көне ғимараттардың бірі сатылымға шықты. 1906 жылы салынған саудагер-көпестің үйі 50 миллион теңгеге бағаланыпты.

Кірпіші көне көпестің үйі

Бұл хабарлама әлеуметтік желілердің біріне жүктелген. Ондағы жазылған мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта ескі ғимарат кеңсе ретінде пайдаланыла­ды екен. Аумағы – 475 шаршы метр. Сәу­летті үйге 1906 жылы дәулетті көпес Жүсіп Әбілханов тапсырыс беріпті. Зама­нында бұл ғимаратты сәулет өнерін өз бетінше меңгеріп, кейін­нен қол­таңбасы қалыптасып, халық сәулет­шісі атанған Баязит Сәтбаев жобалап, салған көрінеді.

Баязит шебер 1870 жылы Аягөз ауданының Шынқожа ауылында туыпты. Әкесі Сәтбай Семейдегі Абай оқыған әйгілі Ахмет Риза медресесін бітіріп, ел ішінде молда болған екен. Бала Баязит әкесі бұл фәниден өткен соң тұрмыстың тауқыметін тартып, Семейдің маңына көшіп барған. Қала маңында ол орыс көпестің қарамағында болып, құрылыс жұмыстарына араласа бастайды. Білімге құштар жас сәулет өнерін санасына сіңіріп, білімін жетілдіре жүреді. 1890 жылы Семейде мешіт салуға түрік сәулетшісі Абдолла Эфенди арнайы шақыртылып, құрылыстың басы-қасында Баязит бірге жүрген екен. Мұнда оның құрылысқа қызығушылығы одан сайын артып, Шығыс сәулет өнерінің қыр-сырын меңгеріпті.

Шеберлігі әбден шыңдалып, таланты таныла бастаған сәулетші туған жері Аягөзге шақырту алады. Мұндағы құрылысқа еңбегі сіңген соң Зайсандағы жаңа ғимараттардың бой көтеруіне атсалысады.

Зайсан қаласындағы 1900 жылдары бой көтерген көпестің үйлері, дүкендер, қақпалар сәулетші Баязит Сәтбаевтың туын­­дылары. Қазақтың қас шебері бұл қала­да жиырма жылға жуық табанды еңбек еткен. Сол уақыт ішінде отызға жуық ғимарат соғып үлгерген. Шіркеу мен мешіттің бой көтеруіне де басшылық жаса­ған. Тарихи деректерге сүйенсек, Баязит шебер салған Зайсан мешітінің мұнарасын 1920 жылы жергілікті белсенділер бүл­ді­ріп, қайта қалпына келтірілген. Одан соң 1959 жылы күмбезі өртеніп, ғимарат сәулетін жоғалтып алған-ды.

Сәулетші Сәтбаевтың тағы бір төл туын­дысы – Шілікті ауылынан бес шақырым жердегі Зейнолла мазары. Оның кірпіштері сәл мүжілгенімен, сәулеті қаз-қалпында. Шебер күмбезді 1925 жылы күйдірілген кірпіштен соққан. Зерттеушілердің пі­кірінше, Шығыс Қазақстанда күйдірілген кір­піш­пен қапталған кесене екеу-ақ. Оның бірі осы Зейнолла күмбезі болса, енді бірі Мұхамеджан кесенесі. Шілік­тідегі күмбездің кірпіштері қыл қосып өрілгенімен, 1991 жылғы жер сілкі­ні­сінде сәл бүлініпті. Оны арнайы мекеме Түркістаннан құйма кірпіштер алғы­зып, қайта қалпына келтірген екен.

Зайсандағы есік-терезелері доғалда­нып, кірпіштері әртүрлі етіп сәндеп жи­­налған ескі ғимараттардың көбінде Бая­зит сәулетшінің қолтаңбасы бар. Бү­гінде сатылымға шыққан ғимарат белгілі мөл­шерде бағаланғанымен, құны тым жоғары. Теңгемен емес, қаланың тарихынан сыр шертіп тұрғанымен құнды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы