Ауыл • 12 Қараша, 2020

Жергілікті халықтың әлеуеті артады

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл халқының әл-ауқатын арттыру үшін құрылған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының атқарар рөлі ерекше. Алда­ғы бес жылға арналған бағдарлама аясындағы 7,5 миллион теңге ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.

Жергілікті халықтың әлеуеті артады

Қазіргі уақытта ауылдық жерлерде шешімін таппаған мәселе шаш-етектен.

Шығыс Қазақстанда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында  биылдың өзінде-ақ ауылдық жер­лердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған 50-ден астам жоба жүзеге аспақ. 

– Аталмыш бағдарлама шеңберінде өмір сүру сапасы жағынан ауыл тұр­ғындары қалалықтардан қалыс қал­майтындай жағдай жасауға тиіспіз, – дейді облыстық экономика және бюд­жеттік жос­парлау басқармасы бас­шысының орынбасары Фархад Бельбаев. – Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, әлеу­меттік-мәдени нысандарды, көлік ин­фрақұрылымын жөндеуге қаражат бө­лінеді. Бұдан бас­қа су, газ және электр же­лілерінің жаб­дықтарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Спорт, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары да назарда болады.

Шығыс Қазақстан облысы халқының 38 пайызы ауыл-аймақта тұрып жатқан­дықтан, бұл бағдарламаның маңызы зор екені анық. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту үшін  өңірде 116 тірек ауыл анықталған.

– Шекарадан 25 шақырым қашықта орналасқан 29 шекаралық және 232 шағын ауыл бар. Жалпы айтқанда, өткен жылы бізде қаржыландыру мөлшері 2,1 млрд теңгені құраған Глубокое, Үржар, Көкпекті және Күршім сияқты төрт тірек елді мекен анықталған болатын. Ол ауылдарда 8 жоба іске асырыла бастады. Төртеуі көшелерге орташа жөндеу жүргізуге, ал қалған төртеуі да­мытуға бағытталған. Яғни үшеуі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға, біреуі Глубокое кентіндегі мәдениет үйінің құрылысына қатысты болды. Төрт көшедегі жөндеу жұмыстары былтыр аяқталса, қалған төрт жобаны биыл аяқтаймыз деп отырмыз, – деді Фархад Бельбаев.

Биыл облыс аумағындағы 20 тірек ауыл­да 51 жоба жүзеге асырылмақ. Олар­дың 13-і білім беру, 6 жоба – денсаулық сақтау, 12-сі спорт пен мәдениет, 20-сы жол жөндеу салаларына бағытталды. Биылғы жылы аталмыш жұмыстар Глу­бокое, Бородулиха, Көкпекті, Күр­шім, Марқакөл, Қалжыр, Үлкен Нарын, Катон­қарағай, Солдатово, Тұғыл, Ақжар, Үр­жар, Мақаншы, Алтыншоқы, Шолпан, Қаратал, Қарауыл, Қалбатау, Ақтоғай және Әуезов сынды елді мекендерде жүр­гізі­леді. Ал 2026 жылға дейін жоғарыда аталған 116 тірек ауылдың тұрғындары бағдар­лама шеңберіндегі жұмыстармен қамтылатын болады.

Шекаралық аудандарға да ерекше назар аударылған. Күршім, Катонқарағай, Үржар, Зайсан және Тарбағатай сынды бес ауданды  дамытудың кешенді жос­пары жасалып, бірқатар жұмыстардың жүзеге асып жатқандығы белгілі.

Ал «тірек ауылдардың» қатарына кір­мей қалған 570 ауылдың жағдайы не болмақ? Бұл көпшіліктің көкейін түрт­пектеген сауал екені даусыз.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, мұндай ауылдар мемлекет назарында болады. Бірақ тірек ауылдарға бөлінетін қаражат басқа елді мекендерге қарағанда 2-3 есеге жоғары екен. Басқа ауылдарда жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындарды, шаруашылықтарды қол­дау одан әрі жалғасын тауып, ша­ғын және орта бизнесті дамыту, ин­фра­құ­­рылымды жылдағыдай күтіп ұстау сияқ­ты жұмыстар жүргізіле бермек.

Түгін тартсаң майы шығатын Шығыс өңірі – мал өргізуге, дән себуге қолайлы өңірлердің бірі. Сол үшін де «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясындағы қаржы ауыл шаруашылығына да бөлінуі керек.

– Аталған бағдарламаның негізгі бағыты – әлеуметтік саланы дамыту екені белгілі. Яғни ауруханалар мен мектептер, балабақшалар және қызмет көрсету орталықтарын салу керек. Бірақ мұнымен қатар ауыл экономикасын да дамыту өте маңызды. Сол себепті бағдарлама бойынша бағытталатын қаржының басым бөлігі ауылда құрылатын өндірістердің қуатын кү­шейтуге бөлінуі керек. Мысалы, ауыл­­да сүт-тауарлы ферма немес мал бор­дақылайтын алаңдар салынуы ке­рек. Со­ған инфрақұрылым тартуды күн тәр­тібіне қою қажет, – деді Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.

Айтқандай, ауылдықтардың өмір сүру сапасы қалалықтармен теңессе, тұрақты әрі сенімді жұмыспен қамтылса, ешкім ауылдарынан табан аудара қоймас.

 

Шығыс Қазақстан облысы