Александр Ермаковтың өзі – кәсіпқой фотограф. Бұл іспен ол бала кезінен айналысқан. Кезінде Қарағандыдағы «Взгляд на события», «Новый вестник» сынды басылымдарда жұмыс істеді. Түсірген фотолары Esquire Kazakhstan журналында жиі жарияланып тұрды.
Бірде конкурсқа жіберген фотосы жеңімпаз ретінде танылып, жүлдеге планшет алды. Содан әлгі планшетке былғарыдан тыс тігіп көргісі келген. Жалпы, ол жас кезінен осындай ұсақ-түйек заттар мен бұйымдар жасауға әуес-тұғын. Бірақ өзінің бұл ермегіне соншалықты мән бере қоймайтын. Ол кезде мұның болашақта нан табар кәсіпке айналарын кім білген?
Сөйтіп сәтін салған бір күні ескі былғары күртені бұзып, ойға алған бұйымды жасап шыққанда, онысына үй-ішіндегілердің ғана емес, өзінің де көңілі толған еді. Міне, Александрдың үлкен істі бастауына осы ерігіп отырып жасай салған бұйымы түрткі болған еді.
Содан көп ұзамай тері мен былғарыдан түрлі бұйым жасап, тігуге біржола бет бұрған. Алдымен YouTube сайтынан роликтерді жалықпай көріп, бұл істің қыр-сырына қаныға бастады. Hermes, Dior, Ferragamo сынды атақты брендтік бұйымдардың қалай жасалатынын зерттеп, бұл саладағы өзінің бағытын айқындап алды. Былғарыдан әмиян тікті. Одан кейін әйелдердің қол сөмкесін қолға алды. Әмиян мен қол сөмкенің суретін Facebook парақшасына салып еді, әлгі бұйымдар сол заматта өтіп кетті. Бұл шеберді тіпті шабыттандырып жіберген еді. Әрбір жасаған бұйымы сәтті шыққан сайын құлшына, қанаттана түсті.
Сәтін салғанда Александрдың зайыбы Надежда Ермакова да кәсіби тігіншінің отбасынан шыққан ісмер жан еді. Анасы ұзақ жылдар Қарағанды тігін фабрикасында жұмыс істеген. «Шеше көрген тон пішер» деген рас қой, Надежда екінші ұлын туып, декреттік демалыста отырғанында қуыршақтар тіге бастапты. Қуыршақтарының әдемі және сапалы шыққаны сондай, оларды шетелдіктердің өзі қызыға алыпты. Дегенмен қазір ол қуыршақ жасауды сиреткен. Оның да өзіндік себептері бар. Ол өзінің барлық уақыты мен күшін отбасылық бизнестің дамуына жұмсап жүр. Бұрынғы есепшілік жұмысын біржола тастаған.
Сөйтіп 2016 жылы ерлі-зайыпты Александр және Надежда Ермаковтар былғары сөмкелер мен түрлі бұйымдар жасауға түпкілікті кірісті.
– Біз италиялық былғарыдан қымбат та сәнді сөмкелер тігеміз. Элиталық және сапалы материалдан талғаммен жасалған өнім иесіне ұзақ жыл рахат сезімін сыйлайды. Жасанды материалға келетін болсақ, эко-былғарыны пайдаланамыз. Бірақ біз оны бір рет қана, оның өзінде клиенттің тапсыруы бойынша қолдандық. St. Regis Astana қонақүйінің жоғары деңгейлі қонақ бөлмелері үшін қораптар тіктік. Ал олар бізге дейін бұл өнімдерге Лондонда тапсырыс беріп келген екен, – дейді Александр Ермаков.
Уақыт өткен сайын Ермаковтардың «Мануфактура ER» компаниясының клиенттері де көбейе бастады. Олардың қатарында Kingston және Jameson, елордалық The Ritz Carlton Astana және St. Regis Astana сынды қонақүйлері болды. Тіпті, аса танымал Pernod Ricard брендінің өзі Қазақстандағы филиалы үшін корпоративтік символикасы бар сөмкелер мен аксессуарларды тігуге тапсырыс берді. Мұның өзі қарағандылық компания өнімдерінің өте сапалы жасалғанын көрсетсе керек.
«Мануфактура ER» компаниясы өнімдерінің әлеуметтік желілер мен өз сайты арқылы сатады. Негізінен тұтынушыларының басым бөлігі – шетелдіктер. Олардың арасында Германия, Швейцария, Қытай, Канада және Ресейдің азаматтары мен түрлі компаниялары бар. Кейде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан да тапсырыстар түсіп тұрады екен. Болашақта бұл қатарға қарағандылықтар да міндетті түрде қосылады деп сенеді компания басшысы.
Ермаковтардың шеберханасында саяхатқа арналып тігілген ең қымбат деген үлкен сөмке 180 еуро тұрады. Ал шетелде мұның бағасы кем дегенде 500 еуроға бағаланады. Александрдың өзі бұл бағаның әділетті түрде қалыптасқанын айтады. Неге десеңіз, сөмкеге қажетті сапалы былғары мен фурнитура шетелден сатып алынады. Ал бір сөмкенің өзін қолмен тігуге бақандай үш күн жұмсалады екен.
Ермаковтар шикізатты Ресейден, нақты айтқанда Санкт-Петербург пен Мәскеуден әкеледі екен. Олардың былғарысы атақты италиялық өнімнен бір де бір кем түспейтін көрінеді. «Қазақстанда сапалы шикізатты табу мүмкін емес, себебі былғары өнеркәсібі жоқ», дейді Александр.
Бүгінде Ермаковтар отбасының бұйымдары «Мануфактура ER» маркасымен шығады. Компания иесінің болашаққа деген жоспарлары да ауқымды. Мысалы, ол кәсіпорынның аясын кеңітіп, өндірісті ұлғайтуды ойлап жүр. Таяуда Alexa HARTUNG маркалы жеке сән брендін құрып, оны іске қосты. Александардың өзі мұны халықаралық нарыққа шығу үшін мақсатты түрде істегенін айтады. Яғни, «Мануфактура ER» бренді бойынша жол сөмкелері, басқа да ұсақ-түйек жасалса, Alexa HARTUNG маркасымен сапалы деген материалдардан әйелдер мен ерлерге арналған бизнес-сөмкелер тігіледі.
Бұл күнде «Мануфактура ER» отбасылық бизнеске айналды. Бұл жерде ерлі-зайыпты Ермаковтар ғана емес, олардың екі ұлы, тіпті ата-аналары да жұмыла жұмыс істейді. Олардың бәріне басшылық жасап, идеялық тұрғыда бағыт-бағдар, нұсқау беріп отыратын – Александрдың өзі.
Қазір бұл кәсіпорынның тасы өрге домалап, өндіріс орнын кеңейтіп жатыр. Стратегиялық басқаруға көшуді қолға алған шеберхана жұмысқа адам ала бастаған.
– Дамуды көздеген жоспарымыз бар. Біз үлкен фабрика құрғымыз келмейді. Мысалы, Prado, Louis Vuitton сияқты брендтерге қарасақ, олардың үлкен өндірісі болмаса да, жоғары сапалы қымбат бұйымдар шығарады. Бұл брендтердің жүз жылдан аса тарихы бар. Менің өмірім көптеген елде танымал бренд құруға жетпеуі мүмкін, бірақ ең бастысы мен бұл істі бастадым ғой. Егер бәрі ойдағыдай болса, ұлдарым отбасылық бизнесті жалғастырады деп сенемін, – деп сыр ақтарады А.Ермаков.
Қазір ER желісінде әртүрлі мақсаттағы сөмкелердің жиырмаға жуық моделі, әмияндар, белдіктер және басқа да аксессуарлардың көптеген түрі бар.
Александрдың зайыбы Надежда тапсырыс бойынша жұмыс істеудің қиын екенін айтады.
– Лекало әзірлейсің, одан кейін барып түпнұсқасын тігуің керек. Оған көп уақыт және қаражат кетеді. Содан кейін адам өзі айтқан нәрсені қаламайтыны анықталуы мүмкін. Жалпы, біз модель өзімізге ұнағанда ғана іске кірісеміз. Сондықтан бұйымды тек өз сызбамыз бойынша тігеміз, – дейді Надежда.
Ермаковтар өздерінің өнімдеріне жарнаманы жақсы жасайды. Мысалы, олар әрбір бұйымның этикеткасының бірі ретінде ретросуреттерді пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, бұлар – «Мануфактура ER» брендінің визиттік карточкасы. Ал бұл фотоларда Александрдың ата-бабалары бейнеленген.
– Біздің үйде барлығы жиырмаға жуық ескі отбасылық сурет сақталған. Әрбір фото – бұл жеке отбасының ғана емес, бүкіл ХХ ғасырдың тарихы десем де болады. Менің ата-бабаларым Мәскеуде, Кингисеппте, Нижний Новгородта, Тулада және Қытайдың Харбинінде тұрған, сонда өмір сүрген. Бірақ төңкерістер, соғыстар, қуғын-сүргін және эмиграция салдарынан олар Қазақстанға жер аударылды. Бұл ойдан шығарылған аңыз емес, нақты тарихи деректер, – дейді Александр.
Жұбайынан Надежда да қалысайын деп жүрген жоқ. Оның да ата-бабасы кезінде тәркіленіп, қуғын-сүргін көрген екен. Қазақ даласына келіп пана тапқан. Алдағы уақытта олардың да фотосуреттері бренд өнімдерінде пайда болмақшы.
Міне, өңкей шебер топтасқан Ермаковтар отбасы адам баласының бойында талант, еңбекқорлық және құлшыныс болса, алынбайтын қамал жоғын осылайша дәлелдеп жүр.
ҚАРАҒАНДЫ