26 Қараша, 2013

Иранның жеңісі ретінде бағалануда

258 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Швейцарияда Иранның ядролық бағдарламасына байланысты «алтылық» кездесуі аяқталды. Сөйтіп, Теһран өзіне Батыс сарапшыларын жіберетін және жаңа атом қуатын дамытпайтын болды. Сондай-ақ, Иранда жарты жыл бойы уран 5 пайыздан астамға байытылмайды.

Шарайна

Иранның жеңісі ретінде бағалануда

Швейцарияда Иранның ядролық бағдарламасына байланысты «алтылық» кездесуі аяқталды. Сөйтіп, Теһран өзіне Батыс сарапшыларын жіберетін және жаңа атом қуатын дамытпайтын болды. Сондай-ақ, Иранда жарты жыл бойы уран 5 пайыздан астамға байытылмайды.

 

Есесіне Батыс Иранға қатысты қолданылып келе жатқан санкцияларды айтарлықтай жеңілдетеді. Атап айтқанда, Теһранға шектеулер қойылғанымен, көмірсутегін Еуропа Одағы елдері мен АҚШ-қа сатуға мүмкіндік беріліп отыр. Сонымен қатар, мұнай химиясы мен автомобиль өнеркәсібіне қатысты санкциялар әлсірейтін болады. Бұған қоса, жаңа шектеулер қарастырылмайды. Қабылданған шешімге қазірдің өзінде «тарихи» деген айдар тағылуда. Ирандықтар бұл келісімді өз елінің жеңісі ретінде бағалап отыр.

Украина оппозициясының наразылығы

Кеше ертеңгісін Киевтің Еуропа алаңындағы Министрлер кабинеті ғимаратының жанында милиция мен еуроинтеграцияны жақтаушылар арасындағы қақтығыс қайта жалғасты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері митингке жиналғандарға қарсы резеңке таяқшалар мен көзден жас ағызатын газ қолданды.

«Интерфакс» агенттігінің айтуынша, Еуропамен интеграцияны жақтаушылар Украина Министрлер кабинетінің ғимаратына оны қоршауға алу үшін жиналған. Топта кем дегенде 500 адам болған. Ал ғимаратқа кіреберісті «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің 100-150 жасағы қорғап тұрған. «Еуромайданға» қатысушылардың үкімет үйін шабуылдауға әрекет етуіне байланысты Украина ішкі істер министрлігі қылмыстық іс өндірісін бастаған. Митингке ресми мәлімет бойынша 23 мың адам қатысса, еуроинтеграцияны жақтаушылар 100 мың адам жиналды деп отыр.

Қарсы, бірақ келісуге мәжбүр

АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея Қытайдың талас туғызып келе жатқан аумақта Әуе шабуы­лы­нан қорғанысты бірізден­діру аймағын құрғанына нара­зылықтарын білдірді. Енді әуе компаниялары осы аумақ үстінен ұшып өткен кезде жергілікті билікті құлағдар етуі тиіс.

АҚШ қорғаныс министрі Чак Хэйгел бұл жайт ахуалды тұрақ­сыздандыра түседі деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Құрама Штаттар өңірдегі әскери операциялардан бас тартпақ емес. Жапония премьер-министрі Сидзо Абэ де жаңа аймақтың пайда болуы болжауға болмайтын салдарларға соқтыруы ықтимал екенін көлденең тартты. Бірақ аталған мемлекеттер қалыптасқан әуе жолдары оңтайлы болғандықтан, өздерінің ұшу маршруттарын өзгертпейтінін, сондықтан Қытай басшылығын құлақтандырып отыратындықтарын жария етті.

Қысқа қайырып айтқанда:

● Вьетнамда қатты жауған нөсер туындатқан су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жетті. 80 мың вьетнамдық өз үйлерін тастап шығуға мәжбүр болса, 74 адам түрлі жарақат алған. 5 адам жоғалғандар қатарында. 4,3 мың гектар егістік алқабы су астында қалған.

● Ауғанстанның Пактика провинциясында жол жиегіне жасырылған бомба жарылып, соның салдарынан бір отбасының 7 баласы опат болды. Балалар үй маңында ойнап жүріп, бомбаға кездейсоқ тиіп кеткен. Сол үйдің тағы 3 баласы түрлі дене жарақатын алған.

● Құқық қорғаушылар Зимбабве астанасы – Хараре қаласының мыңдаған тұрғыны тырысқақ ауруына шалдығуы ықтимал екенін ескертті. Харарені ауыз сумен қамтамасыз ету – бүгінде үлкен проблема. Сондықтан, осыдан 5 жыл бұрын аталған ауру 4 мыңнан астам адамның өмірін қиған еді.

● Мәскеуде 4-24 қараша аралығында өткен «Православиелі Русь. Романовтар» көрмесін 300 мыңнан астам адам тамашалаған. Көрмеге күн сайын орташа есеппен 13-17 мың аралығында адам келген. Экспозициялардың негізгі бөлігі Ресейдің ХVІІ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихынан сыр шертеді.

Қаза тауып жатқан балалар көп

Екі жарым жылдан бері азамат соғысы жүріп жатқан Сирияда жуыр маңда тыныштық орнайтыны байқалмайды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, бүлікшілердің жоғары шенді жетекшілерінің бірі, «Лива әл-Таухид» ұйымының басшысы Абдул Қадыр ас-Салехтың көзі жойылған.

Ас-Салех Алеппо провинциясындағы бүлікшілер қолындағы аэродромға жасалған әуе шабуылы барысында алған жарақатынан көз жұмған секілді. «Лива әл-Таухид» Алепподағы басты бүлікшілер тобы болып табылады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, оның сапында 8 мың мен 10 мыңның аралығында бүлікшілер бар көрінеді. Соғыс басталған уақыттан бері елде 113 мың адам қаза тапса, солардың 11 мыңы 17-ге толмаған бүлдіршіндер мен жасөспірімдер екен.

Берлускониді кешіруге негіз жоқ

Италия президенті Джорджо Наполитаноның айтуынша, елдің бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконидің ісіне араласуға ешқандай негіз жоқ. Президенттің сөзіне қарағанда, Берлускони нақты айыптаулар бойынша қамауға алынған, сондықтан мемлекеттік институттарға құрметпен қарауы тиіс.

Мұның алдында Берлускони Наполитано оны «қоғамдық жұмыстар масқарасынан» құтқару үшін кешірім жасауы тиіс деп мәлімдеген еді. Бірақ президентке ресми өтініш әзірше жолданбапты. 27 қарашада Италия Сенатында алаяқтық жасады деген айып тағылғандықтан, Берлускониді осы палата құрамынан шығару туралы мәселе қаралатын болады. Бұрынғы премьердің өзі болса, оған қарсы іс қолдан құрас­ты­рылған дегенді көлденең тартады. Берлускони бір жылға бас бостан­ды­ғы­нан айырылған болатын.

АҚШ-тың батысында – қарлы боран

АҚШ-тың батыс жағалауларында қарлы боран ойран салып тұр. Қалың қар өткен бейсенбіде Оңтүстік Калифорнияда басталса, бүгінде шығыс арқылы Техасқа жақындап келеді. Қар, сондай-ақ, Нью-Мексико, Солтүстік және Оңтүстік Каролина, Оклахома және Луизиананың солтүстігінде күтіліп отыр.

Синоптиктердің болжауынша, қарлы боран 27 қарашаға қарай қазіргіден де күшейе түспек. Өткен аптаның соңынан бері қарлы боран туындатқан автомобиль апаттарынан кем дегенде 13 адам қаза тапқан. Бұған қоса, 11 мыңнан астам адам электр жарығынсыз қалған. Далластың халықаралық әуежайында 24 қарашада 300 ұшақ ұшпай қалған. Мұндай жағдай басқа әуежайларда да көрініс берген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар