Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Балқаш көлінің жағалауын дамыту мәселелері талқыланды

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов өткізген жиында Балқаш көлінің жағасын және тау туризмін дамыту жоспарлары мен шешімін күткен мәселелер талқыланды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Балқаш көлінің жағалауын дамыту мәселелері талқыланды

Жиында сөйлеген Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбековтің айтуынша, Сарқан ауданын дамытудың басты бағыттарының бірі - туризм. Туризмнің өзінде екі басымдық бар, оның бірі - Балқаш көлі болса, екіншісі - тау туризмі. 

Балқаш көлінің жағалауын дамытудың Бас жоспары 2013 жылы жасалған. Қазір 115 млн. теңгеге Балқаш көлі жағалауының инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысы жобасының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Оған 2019 жылы 47,8 млн. теңге бөлініп, игерілсе, 2020 жылы 67,2 млн. теңге қарастырылған. Бүгінге дейін соның 37,4 млн. теңгесі игерілді.

Жиында сол құжат жобасына сәйкес көл жағалауына инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу, электр желісін тарту, жол салу мәселелері туралы сөз болды. Мәселен, жобаға сәйкес 15 шақырым автокөлік жолын төсеу, 50 км су құбыры жүйесін салу, 40 км кәріз жүйесін жүргізу, 55 км электр желілерін тарту жоспарланған. Жобалаушы мекеме тарапынан электр желісін Тентек, Көктерек, Лепсі қосалқы стансалары арқылы тарту ұсынылған. Алайда Амандық Баталов бұл жұмысты екі кезеңге бөліп, алғашқы кезеңін ең жақын орналасқан Лепсі қосалқы стансасы арқылы тарту қажеттігін айтты. Сол сияқты жағалауға апаратын жолдармен қатар радиалды жолдар салуды да қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар тау туризміне инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін жол жөндеу жұмысына облыс әкімі қолдау білдіретінін айтты. Аудан әкіміне құрылыс жұмыстарына кететін барлық есеп-қисапты анықтап әкелуді тапсырды.

- Балқаштың жағалауын дамыту бойынша көрнекті презентация дайындаңдар. Балқашқа қатысты арнайы бизнес-форум өткізу керек. Туристік аймақ ретінде Балқашты бәрі біледі. Бірақ біз оны инфрақұрылымы тартылған, жағдай жасалған көл жағалауы ретінде бизнесмендерге таныстыруымыз керек, - деді А. Баталов.

Еске салсақ, облыста Алакөл жағалауын дамыту бағытында да елеулі жұмыстар атқарылып, жағалаудағы кәріз тазарту жүйесінің құрылысына, Ақши ауылын сумен жабдықтау жүйесіне, көлді қоршайтын бөгет жасауға, «Қабанбай-Көктұма» автомобиль жолын орташа жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылған болатын. Сол сияқты тау туризмін дамытуда «Ой-Қарағай» «Апорт» - «Ақтас», «Ақбұлақ», тау шаңғы курорттарын кеңейту, «Түрген» тау шаңғы курорты мен «Park Canyon» туристік ойын-сауық кешенін салу инвестициялық жобалары қолға алынуда. Тартылатын инвестиция көлемі 300 млрд. теңге көлемінде болмақ. Соның 70 %-і - жеке инвестиция, бұл 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. 2019 жылы жергілікті бюджет есебінен Талғар локациясындағы туристік нысандар үшін инженерлік инфрақұрылымдарды жобалау басталды.