Коронавирус • 13 Қараша, 2020

Өңірлерде індет өршіп барады

250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһан жұртының жанын шүберекке түйдіріп, дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберген індеттің ізі өшкен жоқ. Кесапат кеселдің Еуропа елдерінде қайта бас көтере бастағаны белгілі.

Өңірлерде індет өршіп барады

Өзіміздің өңірлерде де ауру жұқтыру өршіп бара жатқаны байқалып жатыр. Кейбір облыс­тардың кіреберіс жолдары­на блок-бекет қойылып, қозғалыс ағымы бәсеңдеген. Кезбе дерт кеңір­дегімізден алған ке­зең­де аулаға шығып ауру жұқ­тыр­­ғаннан, отбасыңда отырып сақта­ну­дың абзал екенін түсі­нетін кез кел­ген сияқты.

Бірақ көлікке мінсе де, көшеге шықса да бетперде тағуға бейжай қарайтындардың саны азаяр емес. Кейбір елордалықтар қол­­­да­ныстағы шектеу шараларын елемей, ойын-сауық ме­ке­ме­­леріне жаппай баруды жал­ғас­­ты­руда. Осыған орай елор­да­­лық полиция қызметкерлері ка­­ран­­тинді бұза отырып жұмыс істейтін мекемелерді анықтауды жалғастыруда. Өткен аптадағы тексеру барысында мобильді топ бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

«Бірнеше мекемелердің иелері тыйым салуды елемей, адам­дардың денсаулығына қауіп төндірді. Оларға қатысты жиналған материал әкімшілік жауап­кершілікке тарту үшін тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқар­масына жіберілді», делінген полиция департаменті таратқан хабар­ламада. Нұр-Сұлтан қала­сы полиция департаменті мекеме иелері мен келушілердің жауап­сыздығы инфекцияның тара­луына әкеліп соқтыратынын ес­кер­теді. Карантин режімін бұзу­шы­лар қолданыстағы заңна­маға сәйкес жауапқа тартылады.

Өткен аптада мобильді топтар аралау кезінде Алматы ауда­нын­да – 44, Байқоңыр ауданында – 34, Есіл ауданында – 40, Са­ры­арқа ауданында 28 кара­н­тин тәртібін бұзушылықты­ анық­­та­ды. Сонымен қатар 9 қа­ра­­­ша­дағы жағдай бойынша та­уар­­­­лар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау коми­теті­нің аудандық басқарма­лары­на аудандық полиция басқар­ма­лары­нан карантинді бұзған адам­дар­ға қатысты 1 893 материал ке­ліп түс­ті. Жалпы сомасы 174 089 450 тең­­ге­ге 847 жеке және заңды тұл­­ға әкім­шілік жауапкершілікке тар­­­тылды. Бүгінгі таңда жалпы со­ма­­сы 140 310 450 теңгеге 679 әкім­­шілік айыппұл төленді.

Еліміздің барлық өңі­рін­де covid-19 вирусын жұқ­тыр­ғандар саны күрт арт­қа­ны байқалып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау ко­ми­тетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты.

«Қазақстанда осы жылдың 12 қарашасындағы жағдай бойынша 118 491 науқас тіркелді. Оның ішінде бүгінгі таңда 108 632 науқас сауығып шықты. Бүгінде 7 941 науқас емделіп жатыр. Өкінішке қарай, 1 899 отандасымыздан айырып қалдық. Сонымен қа­тар соңғы тәулікте 587 адам­­ның коронавирусқа шал­дық­қаны белгілі болды», деді ол.

Оның дерегінше, осы жылдың 1 тамызынан бастап Сovid-19 пневманиясына 39 545 адам шалдықты. Оның ішінде 23 351 адам емделіп, сауығып шықты. Ал 9 782 науқас ем қабылдауда. 412 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 188 адамнан пневмония анықталды.

«Сонымен қатар соңғы 2 ап­тада еліміздің бар­лық өңірінде Сovid-19-бен сыр­қаттанудың күрт өсуі байқалып отыр. Сырқат­та­ну­шылық барлық өңірде орын алуда. Өткен аптамен салыстырғанда ауру 1,7 есеге өсті. Ауру жұқтырудың 45 пайызы Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Қостанай облысында 4 есеге өссе, Батыс Қазақстан облысын­да 3,2 есеге артты. Ал Пав­ло­­дар өңірінде 2,7 есеге айтар­лық­тай өсім байқалуда. Бү­гінде аталған өңірлердің әкім­дікт­ері күшейтілген шараларды қабылдауда», деді Е.Байтанаев.

Сонымен қатар ол соңғы аптада Қазақ­стан­ның 9 өңі­рін­де кезекші сыныпта оқи­­тын оқушылар арасында коронавирус жұқ­ты­ру­дың 62 жағдайы тіркелгенін тілге тиек етті.

«Біз оқушылар арасын­д­ағы сырқаттану мәсе­­лесін күн сайын бақылауда ұстап келе­міз. Оқу жылы басталғалы бері оқу­шы­лар арасында коронавирус инфек­циясының 825 жағдайы тіркелді. Оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар саны – 261. Бұл офлайн режімде білім алушылардың жалпы санының 0,03 пайызын құрайды. Ал онлайн форматта білім алатын балалардың КВИ індетіне шалдыққандары 564 оқушы болды. Бұл 0,02 пайызға тең», деді спикер.

Ресми өкілдің дерегінше, бала­лар арасында ауруға шал­дыққандар көп өңір­лер­дің қатарында Шығыс Қазақ­стан (32), Павлодар (12), Батыс Қазақстан (5) облыстары бар. Ал қалған 4 өңірде аурудың бірлі-жарым жағдайы тіркелді. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында – 3 жағдай, Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында – 1 жағдай», деді Е.Байтанаев.

Өткен аптада елімізде коронавирус инфекция­сынан қайтыс болған 42 жағдай тіркелді. Оның ішінде Ал­ма­ты қаласында – 12, Шығыс Қазақстан облысында – 10, Батыс Қазақстан облысында – 7, Атырау облысында – 5, Маңғыстау облысында – 2, Қарағанды облысында – 2, Нұр-Сұлтан қаласында – 1, Алматы облысында – 1, Ақмола облысында – 1, Павлодар облысында – 1 адам. Жалпы Қазақстанда COVID-19-дың кесірінен барлығы 1 899 адам қайтыс болды.

Айта кететін тағы бір жайт, Нұр-Сұлтан қала­сының әкі­мі Алтай Көлгінов Covid-19 індетін жұқтыру жағ­­дай­ларының көбеюіне бай­ла­нысты елорда да «сары» аймаққа өткенін мәлімдеді.

«Covid-19 індетін жұқ­ты­ру жағдайларының көбе­юіне байланысты қала «са­ры» аймаққа өтті. Бұл қа­зіргі кезеңде карантинді же­ңіл­­дету қажет емес екенін біл­діреді. 11 қарашада 47 жағ­дай тіркелді. Шағын және орта бизнес нысандары кезек-кезекпен жабылмауы, қала аумағы бойынша блок-бекеттер орнатылмауы және қаланың жабылмауы үшін әр тұрғын жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінуі керек», деді қала басшысы.