Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайыновпен әңгіме
— Әбілғазы Қалиақпарұлы, Үкіметтің жол инфрақұрылымын дамытуға бағыт ұстанып отырғаны белгілі. Соған орай министрліктің 2010 жылға белгілеген жоспарлары туралы айтсаңыз.
— Соңғы тоғыз жылда мемлекет автомобиль жолдары саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Осы жылдар ішінде 32 мың шақырым жол жөнделді, бұл елдегі барлық жолдардың үштен біріне тең көрсеткіш.
Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын дамытуға биылғы жылы 240,3 миллиард теңге бөлінген, бөлінген қаржының есебінен 5 мың шақырымнан астам (“Жол картасымен” қоса) жол жөнделмекші.
Атап айтқанда, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерінде жол салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмекші. Олардың қатарында Астана – Петропавл, Самара – Шымкент, Омбы – Майқапшағай, Ақтау – Бейнеу, Ташкент – Шымкент — Тараз – Алматы – Қорғас, Ақтөбе – Мәртөк, Астана –Қостанай – Челябі, Таскескен – Бақты, Щучье – Бурабай курортты аймағына және Ақпараттық технологиялар паркі еркін экономикалық аймағы сияқты жол учаскелері бар.
Жергілікті маңыздағы автожолдарды дамытуға 2010 жылдың бюджетінде 37,3 миллиард теңге (оның ішінде 18,8 миллиард теңге мақсатты трансферттер) қарастырылған. Сол арқылы 1,4 мың шақырымнан астам жолдар жөндеу жұмыстарымен қамтылмақшы. Сол сияқты “Жол картасы” шеңберінде де 29,1 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ол қаржыға 2 мың шақырымнан астам жергілікті жолдар, қала және елді мекен көшелері жөнделетін болады.
Үстіміздегі жылы “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізін қайта қалпына келтіру, “Жетіген-Қорғас темір жол желісінің құрылысы”, “Өзен-Түркіменстанның мемлекеттік шека-расы темір жол желісінің құрылысы” жобалары жүзеге асырылуда.
— Мемлекет басшысы транзиттік дәліздерді инфрақұрылымды дамытудағы басымдықтардың бірі ретінде белгіледі. Елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған қандай жобалар бар?
– Транзиттік әлеует мемлекеттің өз аумағы арқылы халықаралық транзитті жүзеге асыру жөнінен қызметтер ұсына алу мүмкіндігінің ішкі және сыртқы факторлары мен жағдайларының жиынтығын білдіреді. Ондай әлеуетті тиімді пайдалану мемлекеттің қолда бар мүмкіндіктерді толық көлемде жүзеге асыра білу қабілетімен айқындалады. Қазіргі таңда Қазақстан ТРАСЕКА, Солтүстік-Оңтүстік, Орталықазиялық дәліз, Трансазиялық темір жол магистралі сияқты негізгі халықаралық көлік дәліздеріне қатысушы болып табылады, сонымен бірге трансеуропалық және азиялық көлік желілеріне интеграциялану үшін белсенді жұмыстар жүргізуде.
Елдің көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі құжаты болып табылатын 2006 жылы қабылданған Көлік стратегиясына сәйкес шамамен 30 миллиард АҚШ долларын құрайтын 80-ге жуық ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы жылдар ішінде жаңадан 1700 шақырым темір жолдар, 50 мың шақырымдай автожолдар салынады және қайта жаңғыртылады, сол сияқты, әуежай мен теңіз порттары инфрақұрылымдарын қайта жаңғырту мен модернизациялау, ұлттық теңіз сауда флотын дамыту жөнінен жұмыстар жүргізіледі.
Қытай мен Еуропа арасында жаңа жүк тасымалы легінің пайда болуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және тиімді пайдалану үшін алғышарттар қалап отыр. Осылайша, 2007 жылы Қазақстан Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту идеясын жүзеге асыруды, яғни “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автомобиль жолы дәлізін құруды қолға алды. Бұл Қытайдан Еуропаға баратын ең қысқа жол. Бұл жобаның осындай бәсекелестік артықшылықтарының өзі оның болашағынан үлкен үміт күттіріп отыр. Жолға кететін уақыт шамамен 10 күнді ғана құрайды. Жалпы ұзақтығы 8445 шақырымды құрайтын дәліздің 2787 шақырымы (2452 км қайта жаңартуға жатады) Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жобаның құны — 825,1 миллиард теңге. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселелері толықтай дерлік шешілді және 3002 миллион доллардан тұратын негізгі келісімдерге Дүниежүзілік қайта құру және даму банкімен, Еуропа қайта құру және Азия даму банкімен және Ислам қайта құру банкімен қол қойылды. Қалған 401 миллион долларға қатысты келісімдерге биылғы жылы қол қойылатын болады.
Ағымдағы жылға мемлекет-жеке меншік әріптестігі шеңберінде автожол саласы бойынша жалпы ұзындығы 852,3 шақырым жолға сомасы 507,3 миллиард теңгені құрайтын 4 концессиялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алматы – Қорғас учаскесін қайта жаңарту бойынша 2009 жылы концессионер анықталған және қазіргі уақытта келісім-шартқа қол қою рәсімдері жүргізілуде. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Астана – Қарағанды, Алматы – Қапшағай және Ташкент-Шымкент-Жамбыл облысы шекарасы учаскелерін қайта жаңарту бойынша концессионерлерді таңдау жөнінен конкурсты жариялау рәсімдері жүргізілуде.
Сол сияқты республиканың транзиттік әлеуетін ұлғайту үшін техникалық жағдайларын қазіргі заманғы көліктік салмақтарға (бір білікке 13 тонна) сәйкестендіре отырып және кем дегенде ІІ техникалық санатқа көшіру арқылы алты негізгі халықаралық транзиттік дәліздерді және республикалық маңыздағы автожолдарды қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі кезде осы жолдардың бәрінде де қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Темір жол саласында “Қорғас – Жетіген” жобасы бойынша Қытаймен арадағы шекаралық пунктте екінші темір жол өтпесі ашылатын болады. Бұл желі Қытайдан Орталық Азияға, Иран, Батыс Еуропа және Закавказье елдеріне неғұрлым қысқа жолмен жүктер тасымалдауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қытаймен шығыс жақ шекарада Достық стансасы мен Ақтоғай-Достық темір жол учаскесінің өткізу мүмкіндіктерін ұлғайту жөнінен шаралар жүзеге асырылуда. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы Достық стансасы арқылы жүк тасымалдау көлемі 15,5 млн. тоннаға жетті. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған “Өзен – Түркіменстанмен шекара” жаңа темір жолы да Еуропа мен Оңтүстік Азия елдерін жалғастыратын жаңа транзиттік дәліз болып табылады. Бұл жоба Қазақстан, Түркіменстан және Иран мемлекеттері қол қойған келісімнің негізінде іске асырылуда. Мұнан басқа 2011 жылы “Ералиев – Құрық” жаңа темір жолының құрылысы да басталатын болады. Құрылыстың басталу мерзімі Құрық теңіз портын дамыту шараларына сәйкестендіріліп отыр. Онан кейінгі кезекте ұзындығы 988 шақырымдық Бейнеу – Жезқазған темір жол желісі жобасын жүзеге асыру да жоспарда тұр.
—Қазақстан көптеген жұмыс істеп тұрған және жоспардағы әуе, автомобиль және темір жолдардың халықаралық бағыттарына кіреді. Дегенмен, осы жүк тасымалының өнімдері Қазақстанға тікелей келмей, тек ортақтастық жолымен, яғни делдалдар арқылы ғана рынокқа түсіп жатады. Осындай күрделі схеманың орын алуына не себеп?
—Аталған проблеманы шешу үшін бірқатар негізгі бағыттарды бөліп көрсету қажет. Олардың біріншісі, кездесетін түрлі кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарды жеделдету. Мәселен, Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалы жолындағы нақты және жасырын кедергілерді жою үшін магистралдық желілер мен Қазақстан Республикасы шекарасындағы өту пункттеріне олардың халықаралық нормалар мен талаптарға қаншалықты жауап беретінін анықтау мақсатында техникалық сараптаулар жүргізу қажет. Сол арқылы ғана қаншалықты жаңа технологиялар енгі-зіп, модернизациялау мен оларды қалыпты жағдайда ұстау қажеттіліктерін анықтауға болады. Екіншіден, транзиттік қозғалыстың бүкіл бойында сервистік кәсіпорындар орналастырып, олардың халықаралық талаптар мен ережелерге сай қызметтер ұсына алуын қамтамасыз ететіндей жол бойы инфрақұрылымдарын жеделдете дамыту қажет. Үшінші, автожол саласын инвестициялау жүйесін жетілдіру. Төртінші, көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты фискальдық саясатты жетілдіру. Ең соңғысы, Қазақстан үміт ете алатындай жүк тасқындарына тұрақты түрде зерттеулер жүргізіп отыру. Бұл міндеттердің қай-қайсысы да үлкен жұмыстар жүргізуді қажет етеді. Жалпы 2015 жылға дейін республикалық маңыздағы автомобиль жолда-рының 85 пайызының техникалық жағдайларын жақсарту жоспарланып отыр.
— Қазақстандық тұтынушылар үшін елдің геосаяси жағдайынан түсетін тікелей тиімділікті қашан күтуге болады?
—Біздің республикамыз Орталық Азияның дәл ортасында орналасқандықтан оның аумағы арқылы жүздеген жылдар бойы сауда жолдары өтіп, түрлі өркениеттер өзара қарым-қатынастар орнатып отырған. Сондықтан Қазақстан арқылы жүзеге асатын транзит ішкі және сыртқы сауданың дамуы, тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының төмендеуі, агроөнеркәсіп, мәшине жасау, кен өндіру секторының алға басуы, сондай-ақ дамудың басқа да аспектілері арқылы көрініс табатын аса зор мультипликативтік тиімділік әкеледі. Қазақстан Ресейдің, Қытайдың, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қарқынды дамып келе жатқан экономикаларымен жапсарлас жатыр. Әсіресе Қытай экономикасының ырғақты дамуы осы елдің ТМД мен Еуропа елдерінде өткізу үшін өнім шығарып жатқан өнеркәсіпті өңірлерінен Қазақстанның Шығыс—Батыс бағыты бойынша транзиттік-көліктік әлеуетін жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызатын болады. 2020 жылға қарай біз транзитті үш есе ұлғайтуды көздеп отырмыз, ал ол ел тұтынушылары Қазақстанның геосаяси жағдайының тиімділігін сезіне бастайтын болады деген сөз.
—Қазіргі таңда Қазақстанның жолдары халықаралық талаптарға қаншалықты сәйкес келеді?
—Өткен ғасырдың 80-90-ыншы жылдары салынған автожолдар білікке 8 тоннадан аспайтындай салмаққа есептеліп, ІІІ және ІV техникалық категорияларға есептелініп салынған. Бұл техникалық өлшемдер қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға жауап бере алмайды. Қозғалыс қарқындылығының жылдан-жылға артып жатқанына байланысты жоғарыда аталған параметрлерді біртіндеп ұлғайта түсудеміз.
Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын салу мен қайта жаңарту білікке 13 тоннадан кем емес салмаққа есептеліп, ІІ техникалық категориядан төмен болмайтындай жағдайда жүзеге асырылуда. Мәселен, 2009 жылы пайдалануға берілген 224 шақырымды құрайтын Астана – Щучье автобаны халықаралық стандарттар талаптарына толық сәйкес келеді.
2015 жылға дейін халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестендіре отырып “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” транзиттік дәлізін, негізгі халықаралық дәліз-дерді, сол сияқты жүк тасымалы қарқынды жүзеге асырылатын республикалық маңыздағы жолдарды қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
—Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.